
– Жеңіс Зұлпыхарұлы, ең алдымен отбасыңыз, ата-анаңыз, өскен ортаңыз жайлы айтып берсеңіз. Еңбек жолыңызға тоқталсаңыз...
– Мен қарапайым отбасыдан шықтым. Әкем – мал дәрігері, анам – мұғалім. Отбасымызда 6 бала болдық. Әкем біздің мектептегі үлгерімімізді қатаң қадағалады. Сондықтан бәріміз сабақты жақсы оқыдық. Әкемнің химия, биология, география, тарих пәндерінен білімі өте жоғары болды. Сол себепті біз де осы пәндерден үздік оқушы болдық. Алты жасымнан мектепке бардым. Мектепте тек бір ғана пәннен төртке шықтым, қалған пәндерден кілең бестер болды. Мектепте өте белсенді болып, 8-сыныптан бастап мектептің оқушылар комитетінің төрағасы болдым. Мектептің комсомол комитетінің хатшысы да болып істедім.
Мен 1985 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын бітіргеннен соң Жамбыл облысы, Талас ауданындағы ПМК-2011 деген мекемеге есеп айырысу бухгалтері болып жұмысқа орналастым. Кейін аудандық байланыс торабына аға экономист болып ауыстым. Бұл кезде Кеңес одағында «Шаруашылық есептің» жаңа моделіне ерекше көңіл бөліне бастады. Шаруашылық есеп дегеніміз – мекеменің өз шығындарын өтеп, пайда табуы.
Бірде байланыс министрі В.В.Ульянов атқарылған жұмыстармен танысуға ауданға келді. Сонда мен аудан басшыларының қатысуымен өткен жиналыста шаруашылықтың екінші моделімен жасалған талдауды көрсеттім. Менің талдауымды мұқият тыңдаған В.В.Ульянов мені Алматыға өзіне кеңесші ретінде шақырды. Яғни ол кісіге менің жасаған талдауым ұнаған болуы керек. Алайда аудандық партия комитеті жас кадрды жоғалтпауға тырысып, басқа ұсыныстар айтты. Сондықтан мені шұғыл партия қатарына қабылдап, жауапты қызметке жіберді.
Бұл кезде мен небәрі жиырма екі жаста едім. Партия мүшесі ретінде сенім артып, артта қалған шаруашылыққа бас маман ретінде жіберді. Сол кезде Кеңес ұжымшарында қой саны 26 мыңнан 56 мыңға дейін жетті. Жыл сайын кіріс өсіп отырды. Шаруашылықта жас мамандарды көтермелеу, жұмысқа тарту үрдісі қолға алынды. Қатарынан үш жыл облыс бойынша екінші орын алып, миллионер ұжымшар атандық. Бұл – бүкіл ұжымның еңбегінің жемісі. Шаруашылықтың басшысы болған Балтабай Бекежанов Талас ауданының әкімі болды.
Сол кезде жолдасым Ұлбосынның «Toyota» деген тоқыма станогі болатын. Станогымен тоқыма тоқып, айналасындағы әйелдерге үйрете бастады. Көршілер қызығып, тапсырыс беріп жатты. Ұлбосын – Оралдың қызы. Ауылда қазақша сөйлеп, ортаға сіңісіп кетті. Осы жұмыстарды естіген болуы керек, бірде директор шақырып алып мені өзінің орынбасары етіп тағайындайтынын айтты.
Сонымен не керек, мен арнайы Мәскеуге барып, осындай 15 «Toyota» станогын алдырттым. Содан ары қарай жұмысымыз жүріп кетті. Кейін арнайы тоқыма цех ашып, 15 қыз-келіншекке үйретіп, кәсібімізді кеңейттік. Шаруашылықтың малшыларына арнайы киімдер тоқып бердік. Мұнымен тоқтамай әрі қарай тігін цехын аштық. Аудандағы шаруашылықтардан түйе жүнін жинап, көрпелер тіге бастадық. Қырғызстаннан жүн түтетін станок әкеліп, жүн өңдедік. Бұл – облыстағы кооператив қозғалысының алғашқысы болды. Сол кезде КСРО-ның Президенті Михаил Горбочев «Кооператив жүйесіне көшіңдер!» деп ұран тастап жатқан болатын.
Ұжымшарда көрсеткен нәтижелі жұмысымнан кейін аудандық партия комитеті өзінің сөзінде тұрып, аудандық «Сбербанктің» басшысы болуға ұсыныс жасады.
Бұл бір нақты ақшаның азайып, сертификат, чек жүйесінің күшейген кезі еді. Қолма-қол ақша тек «Сбербанкте» ғана болды. Сондықтан біз он бір ұжымшарға жеке кассалар ашып, мәселені шештік. Облыс орталығында бұл жүйе әлі енгізілмеген болатын. Осыдан кейін Алматыға ауысып, Қаржы министрлігіндегі қаржы бақылау комитетінде аға бақылаушы болып жұмыс істедім.
– «Қуат» корпорациясына қалай келдіңіз? Сол кезеңдегі ең ірі жобалар туралы айтып берсеңіз.
– 2005 жылы құрылыс саласына, нақты айтсам «Қуат» корпорациясына шақырылдым. Ол кезде бұл компания Қазақстандағы ең ірі құрылыс корпорациясы болатын.
Бастапқыда құрылтайшы маған департамент басшысының міндетін уақытша жүктеді. «Біз «Гранд Алатау» жобасын бір жыл бойы инвесторлардың алдында қорғай алмай жүрміз. Егер сен бір айдың ішінде осы жобаны сәтті қорғай алсаң, департамент директоры болып қаласың. Тіпті вице-президент етіп тағайындаймыз», деді.
Сөйтіп жобаны зерттей бастадым. «Гранд Алатау» сол кезде Қазақстандағы ең биік ғимарат еді. Төрт мұнарадан тұрады. Біреуі – 38 қабат, бірі – 40, тағы біреуі – 42 қабат.
Мен келген кезде жұмыс істейтіндердің бәрі кәріс, еврей ұлтының өкілдері еді. «Қазақтан қаржы маманы қайдан шығады?» деген сыңай танытқандары да болды. Бірақ мен жобаны қаржылай қайта есептеп, 96 миллион доллардың орнына 64 миллион долларға дейін қысқарттым. Қажетсіз нәрселерді алып тастап, дизайнға көрік қосатын элементтерді қостық. Үш жүзден астам маман істейтін «Қуат-Проект» мекемесінен ең мықты конструкторлар мен жобалаушыларды, экономистерді жинап, бір ай ішінде жобаны толық өзгертіп, қайта дайындадық. Сөйтіп, инвесторлардың алдында жобаны сәтті қорғап шықтым. Осыдан кейін мен 25 мың адам істейтін алып корпорацияның – департамент директоры, артынша қаржы және экономика жөніндегі вице-президенті етіп тағайындалдым.
– Бұл компанияның қаржылық әлеуеті қандай болды?
– Сол кездегі корпорацияның бюджеті 2 миллиард доллар шамасында еді. Бұл сол кездегі Қырғызстанның бюджетімен пара-пар болатын. Компания иесі Лондонда тұратын, бірақ қаржының толық басқаруын маған сеніп тапсырды. Мен үшін бұл үлкен жауапкершілік еді. Күнде таңғы 8:00-де жұмысқа келіп, түнгі 22:00-23:00-де қайтатынмын. Үш жыл бойы осындай режимде жұмыс істедім. Кассамызда доллар, фунт стерлинг, теңге, рубль толып тұратын. Яғни жұмыстың нәтижесі өздігінен көрінді.
– «Гранд Алатаудан» кейін қандай жобалар жүзеге асты?
– Одан кейінгісі «Гранд Астана» жобасы еді. Ол Тәуелсіздік алаңының маңындағы батпақты аймақ еді. Жеңіл көлікпен батпақтан жүре алмай, инвесторларды сол жерге «КамАЗ»-ға отырғызып, батпақты кешіп жүріп: «Міне, осы жерде Астананың ең керемет тұрғын үй кешенін салуға болады» деп сендіріп, бизнес-жобасын көрсеттім. Олар бастапқыда «Бұл жерде адам тұрмайды, қиын аудан екен» деп сенбеді. Бірақ мен есептерімді дәлелдеп, шығындарын қайта қарап, 168 миллион долларға жобаны қорғап шықтым.
Біздің «Гранд Астана» жобамыз сол жақ шеттегі «Highvill» кореялық кешенінің көшірмесі іспетті болды. Кореялық кешеннің бөлмелері кішкентай, «ақылды үй» жүйесімен жабдықталған. Ал біз үлкен бөлмелі, кең, ыңғайлы пәтерлер салдық. Бір жылдың ішінде кешенді аяқтадық. Қазір ол – Астананың орталығы. Бір жағында – «KEGOC», екінші жағында – Ұлттық музей, ал алдыңғы жағында – Тәуелсіздік алаңы.
– Алматыдағы ірі жобаларыңыз жөнінде айтып өтсеңіз...
– Алматыда да бірнеше жобамен жұмыс істедік. Атап айтсақ, «Тау Самал» ықшамауданының жобасын 280 миллион долларға өзім қорғап шықтым. Одан кейін – «Almaty Towers» жобасы. Жолдасбеков пен Достық көшесінің қиылысында, Көктөбеге жақын жерде орналасқан. 20 қабатты үйлер. Сол жобаны да сәтті қорғадым. Жалпы есептегенде «Қуат» корпорациясында мен қорғаған жобалардың көлемі 1 миллиард долларға тартты.
– Осы еңбектеріңіз еленді ме?
– Мен үшін ең бастысы – елге қызмет ету. Сол инвестицияға салынған ғимараттар екі Астананы әлі күнге дейін көркейтіп тұр. Бұл – мақтаныш қана емес, шынайы еңбек пен нәтиженің көрінісі.
– «Қуат» корпорациясынан кейін қандай салада жұмыс істедіңіз?
– 2007 жылы мен «Қазақстан теміржолы» компаниясының «Жолаушылар тасымалдау» акционерлік қоғамына шақырылдым. Вице-президент қызметіне келіп, экономика саласына жетекшілік еттім. Сол кезде теміржол вокзалдарының алдында үстемеақы алып, заңсыз билет сататын жағдайлар болатын. Оны қоғамда «Сайгактар» деп атап кеткен. Мен сол жүйені заңды қалпына келтіруге күш салдым.
Бұдан бөлек, энергетика саласында «KEGOC» ұлттық компаниясында топ менеджер болып істедім және Төтенше жағдай министрлігі Мемлекеттік материалдық комитетінің Астана қаласы бойынша директоры болып істедім. Одан кейін осы комитеттің Алматы қаласы бойынша директоры болдым.
– «СК-Фармация» компаниясында да қызмет еткеніңізді білеміз. Қазіргі кезде қарапайым тұмаудың өзі ұзаққа созылып кететін болды. Дәрі-дәрмектің де әсері азайып кеткендей. Бұрын анальгинмен-ақ жазылып кететінбіз. Қазір дәрілер сапасыз деген пікірге сіз не дейсіз?
– «СК-Фармация» мемлекетімізді дәрі-дәрмекпен жүйелі қамтамасыз ететін мекеме. Компанияның бюджеті 100 миллиардтан асады.
Жалпы дәрі-дәрмек дегеніміз – үлкен ғылым. Әрбір дәрі оригинал және дженерик деп екі түрге бөлінеді. Оригинал деген – сол дәрінің түпнұсқасы, ал дженерик – оның баламасы. Егер адам оригинал дәрі ішсе жеті күнде айығып кетеді.
Мысалы, кореялық немесе америкалық оригинал дәрі қолдансаңыз, тез сауығып кетесіз. Тіпті Кореяның қан қысымға арналған таблеткаларын ішсеңіз, жыл бойы қан қысымыңыз көтерілмей жүреді.
Пфайзер, Эббот сияқты америкалық фармкомпаниялардың бюджеті – Қазақстанның бүкіл бюджетімен салыстырғанда бірнеше есе артық. Ол елдердің медицинасы да озық, құрылғылары да сапалы.
«СК-Фармацияда» істеп жүргенімде Венгриядағы «Гедеон Рихтер» фармзаводымен және Польшадағы «Polpharma SA» зауытымен тікелей келісім жасалды.
2013 жылы 14 миллиард теңгеге делдалсыз дәрі жеткізілді.
– Бос уақытыңызда немен айналысасыз? Хоббиіңіз бар ма? Жалпы, осынша шаруаның арасында спортқа, өнерге, оқуға қалай үлгеріп жүрдіңіз?
– Мен әуесқой шахматшымын. Шахматтан бірінші разрядым бар. Аудандық, облыстық турнирлерге қатысып, жеңіп жүрдім. Бильярдты да тәуір ойнаймын. Теміржол саласы қызметкерлерінің арасында екі дүркін чемпионы болғанмын. Домбыра да тарта аламын. Футболға да әуеспін.
Мектеп қабырғасында жүрген кездегі тағы бір әуестігім әлем әдебиетіне қатты қызықтым. Әлемдік деңгейдегі классиктер Теодор Драйзер, Александр Дюма, Вальтер, Шекспирдың шығармаларын сүйіп оқыдым.
– Ауылда өсіп, ауданда қызметті бастап, көп сатыдан өтіп тәжірибе жинақтадыңыз. Ауыл халқының, қала тұрғындарының мәселесін жақсы білесіз. Осындай кемеліңізге келген шағыңызда депутат болғыңыз келмей ме?
– Ондай ұсыныстар болды. Бірақ мен әзірге өз білімім мен тәжірибемді нақты іске, шаруашылыққа, қаржы саласына жұмсауым керек деп есептеймін. Әлі де жұмыс істей алатын, елге пайдамды тигізетін жастамын деп ойлаймын. Депутат болуды нәсіп етсе кейін көремін. Алпыстан асқанда, зейнетке шыққанда кеңесімді айтып, ақыл қосатын кез келеді. Қазір нақты жұмыс істеу керек.
– Шерхан Мұртаза «Алпыс – тал түс» деген екен. Міне, алпыстың асуына өзіңіз де келіп жетіпсіз. Құтты болсын! Бұл жас – азаматтың тамыры тереңге кетіп, бұтағы ұзарып, саясына ел паналайтын кезеңі деседі. Сіздіңше, 60 деген жас қандай екен?
– Менің ойымша жасанды интеллект дамыған заманда адамдардың биологиялық жастары төмендеді деп ойлаймын. Себебі біздің жас кезімізде 60 жастағылар мәсі, шапан киген, сақал-мұрт қойған, қолдарында ет турайтын бәкілері бар ақсақалдар еді. Ал қазіргі 60-тағы кісілер нақты іспен айналысып, қоғамда белсенді қызмет етіп жүр. Менің ойымша адамның биологиялық жасы алдына қойған мақсаттарын жүзеге асыру үшін кедергі етпейді.
– Жеңіс Зұлпыхарұлы, «Жамбылдықтарға қандай жақсылық жасадың?» деген сауал сіздің де алдыңыздан жиі шығып тұратын шығар. Бұл сұраққа сіздің нақты жауабыңыз да бар сияқты. Белді қызметтер атқарып жүрген кезіңізде көптеген жерлестеріңізді жұмысқа орналастырдыңыз деп естиміз…
– Иә, елге еңбек сіңіру – ұранмен емес, нақты іспен көрінетін дүние ғой. Менің туған жеріме жасаған бір үлкен тірлігім – «Қуат» корпорациясында қызмет еткен уақытымда болды. Сол кезде кадр саясатына жауап беретін вице-президентке: «Жамбыл облысынан келген азаматтарды кедергісіз жұмысқа қабылдаңдар» деп тапсырма бердім. Ол жекеменшік компания болғанымен, мен үшін әлеуметтік жауапкершілік бірінші орында тұрды. Сол кезеңде корпорацияға жұмысқа қабылданған 25 мың адамның ішінде 5 мыңға жуығы жамбылдықтар еді. Сол кездегі корпорациядағы ең төменгі жалақы 200-300 мың теңгенің көлемінде еді.
Әлі есімде, әлгі вице-президентке қалжыңдап: «Егер 5 мың жамбылдықты алсаң, саған жеке бонус берем» деп те айтқан едім.
Бір күні өзі қуанып келіп тұр: «Жеңіс Зұлпыхарұлы, сіз айтқан меже орындалды. Жамбылдан келген 5 мың адам жұмысқа қабылданды», деді. Бұл мен үшін жай ғана статистика емес, туған елге шынайы жанашырлықтың көрінісі болды.
Тағы бір сүбелі тірлік – жолаушылар тасымалы саласында атқарылды. Қазақстан теміржолына қарасты жолаушылар компаниясында жұмысқа қабылдау мәселесі менің құзырымда болды. Сол кезде еліміз бойынша 12 мың жолсерік қабылданды. Соның екі мыңға жуығы – Жамбыл облысынан шыққан азаматтар. Қазір де олардың көбі сол салада еңбек етіп жүр.
Бұл – мен үшін жай ғана көмек емес, туған елге деген парыз. Өзім жеткен табыс пен мүмкіндікті елге, жерлестерге бағыттай алсам, сол – ең үлкен жетістігім деп білемін.
2005 жылы республикамызға танымал жерлес жазушы ағамыз Нарша Қашағанов мені арнайы іздеп келіп, сұхбаттасқан болатын.
Ол кісі Алматыға келіп, облысымыздан шыққан атпал азаматтармен, үлкен тұлғалармен кездесіпті. Сөйтіп бірде медицина саласындағы үлкен қайраткер Амантай Біртанов ағамызбен кездескен екен. Ол кісі сонда: «егер Жамбыл облысына еңбегі сіңген адам керек болса, сен бірінші Жеңіске бар» деген екен.
Әңгіме барысында ағамыз «Тараздан шыққан 100 тарлан» атты кітабына мен туралы жазбақ ниетін білдіріп, біраз пікірлестік. Сол кезде ол кісінің маған айтқан бір сөзі есімде қалыпты.
«Біздің өңірден біраз мықты азаматтар шықты. Әкім де бар, министр де бар, академиктер де жоқ емес. Бірақ көбі лауазымға өзі үшін жетті. Ал сен солардың ішінен ерек тұрсың. Сен жастарға балық берген жоқсың, қармақ бердің. Қолыңнан келгенше жұмыспен қамтып, жол көрсеттің. Бұл – нағыз азаматтық. Кітабыма бірінші бетке шығаруға лайық тұлға – сен», деді.
Осы сөз мен үшін үлкен баға болды.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Айжан ӨЗБЕКОВА