
ЖҰРТТЫҢ ЖҮЙКЕСІН ЖЕР КЕЗЕГІ ЖҰҚАРТУДА
Жамбыл мен Байзақ аудандарындағы бірқатар елді мекен тұрғындары Тараз қаласының құрамына енбей тұрғанда осы мүмкіндікті пайдалану мақсатында жер кезегіне тұрған еді. Олардың дені сол ауылдық округтерде халыққа үлестірілетін жер теліміне инфрақұрылым жүргізіліп, жер учаскесі таратылатын болса, оған кезек бойынша қол жеткізетінінен үмітті болатын. Бірақ жағдай олар ойлағандай болмады. Мысалы, Тараз қаласының Бас жоспарына сәйкес бір ғана Жамбыл ауданындағы 6 ауылдық округтегі 11 елді мекеннен 34 895 адам қаланың құрамына қосылған. Тарқата айтсақ, Жамбыл ауылдық округі бойынша – 1012 аула, 5 321 адам, Қаратөбе ауылдық округінен – 1 310 түтін, 5 161 тұрғын, Қаройдан – 1 437 үй, 6 741 азамат, Бесағаштан – 891 үй, 4 036 адам, Полатқосшыдан 1 692 түтін, 9 576 азамат, Ақбұлымнан 941 аула, 4 060 адам енген.
– Жамбыл ауданынан Тараз қаласының аумағына берілетін жалпы жер көлемі 11 412,83 гектарды құрайды. Оның ішінде елді мекендер аумағы 2809,1 гектар болса, ауылшаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 7 366,63 гектарды құрайды. Сонымен қатар «Дорожник», «Новоджамбулец» саяжайларының 86,8 гектар жер учаскесі бар. Тараз қаласының Бас жоспарына сәйкес, Жамбыл ауданы аумағынан кеткен 11 елді мекенді атап айтар болсақ, олар – Шайқорық, Танты, Қоңыртөбе, Шайқорық стансасы, Ақбұлым, Кемел, Түрксіб, Сұлутөр, Жалпақтөбе, Қызылшарық, Бектөбе ауылдары мен «Дорожник», «Новоджамбулец» саяжайлары. Тараз қаласының аумағын екі ауданға бөлу жоспарына сәйкес, әкімшілік орталығының құрылысы Полатқосшы ауылдық округіне қарасты 40 гектар жерге түсіп отыр, ол 49 шаруа қожалыққа тиесілі. 49 шаруа қожалықтың 28-іне көлемі 8,83 гектар жер жекеменшікке берілсе, 21-не көлемі 31,17 гектар жер уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы бойынша берілген, – дейді Жамбыл ауданы әкімдігінің ұйымдастыру-инспекторлық бөлімшесіндегі аудан әкімінің бас инспекторы Елдос Қанатұлы.
Міне, Тараз қаласының шекарасы кеңейіп, оған іргелес жатқан Байзақ ауданын қосқанда барлығы 14 елді мекен қаланың құрамына енген екен. Осы елді мекендерде жер кезегінде тұрған 13 мыңнан аса азаматтың қай-қайсысының болмасын қазір «үй салу үшін жер телімін аламын» деген үміті үрейге айналды. Себебі бұрын өз ауылында жер кезегінде бірінші болып тұрған адамның кезегі енді Тараз қаласы бойынша қай кезде, қандай тәртіппен келетіні белгісіз. Сондықтан да олар облыс орталығы бойынша жер кезегіне соңғы болып тіркелуге құлықсыз және бірінші болып та кезекке тұруға мүмкіндігі жоқ. Өйткені жылдап жер телімін күтіп жүрген Тараздағы 130 мыңнан аса адамның кезегі кейінге шегерілетін болса өре түрекелетіні анық. Одан кейін қаланың жаңа тұрғыны атанғандарға жер учаскесі қай жерден беріледі?! Бұл да басы ашық сұрақ. Мысалы, қалаға тиіп тұрған бұрынғы Шайқорық ауылының тұрғыны үшін қаланың басқа бір шетінен жер телімін алу тиімсіз. Қысқасы, облыс орталығына жаңадан қосылған елді мекен тұрғындарын қазір осындай сауалдар мазалап жүр.
Осы орайда біз Тараз қаласы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің бас маманы Дінмұхамет Омаровпен тілдестік. Ол осы мәселені шешу үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын сөз етті.
– Қазіргі таңда Тараз қаласының Бас жоспары мен егжей-тегжейлі жоспарлау жұмысына сәйкес Асқаров көшесінің соңындағы тұрғын алқап және «Хамукат» тұрғын алқабында жеке тұрғын үй құрылысына алаңдар дайындау үшін ауылшаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері мемлекет мемлекет меншігіне қайтарылуда. Қазір Асқаров көшесінің соңындағы тұрғын алқапта инженерлік желілердің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін «Хамукат» тұрғын алқабынан және Асқаров көшесінің соңынан жеке тұрғын үй құрылысы үшін кезекте тұрған азаматтарға жалпы тізбедегі тәртіпті сақтай отырып жер телімі берілетін болады. Тараз қаласы аумағынан жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алуға 2005 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін 130 471 азамат тіркелген. Ал Тараз қаласының шекарасына Байзақ және Жамбыл аудандарынан қосылған 14 елді мекенде жалпы 13 359 азамат жер кезегінде тұр. Қазіргі таңда Тараз қаласы аумағының жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алуға жер кезегінің автоматтандырылған жүйесіне қала аумағына қосылған 14 елді мекендегі жер кезегін қосу немесе қоспау мәселесі шешімін таппады. Бірақ, осы түйткіл бойынша Тараз қалалық мәслихаты тарапынан тиісті министрлікке, Сенат және Мәжіліс депутаттарына хат жолданды, – деді Дінмұхамет Анарбекұлы.
Нақты айтар болсақ, осы мәселеге байланысты Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сәкен Арубаевқа және Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіровке, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетіне тиісті ұсыныс жолданған екен. Онда қала аумағына енген аудандардағы тұрғындардың жер кезегін қалаға ауыстырмай, осы аудандардан кезекте тұрған азаматтарға жер учаскесін беру мәселесі атап көрсетілген. Бұл ретте Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің 2015 жылғы 27 наурыздағы «Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне құқықтар беру қағидаларын бекіту туралы» № 255 бұйрығына өзеріс енгізу ұсынылған.
– Депутат – халық қалаулысы болған соң тұрғындар мәселесін Үкіметке жеткізетін бірден-бір тұлға. Осы орайда біз Сенат және Мәжіліс депутаттары арқылы күрмеуі қиын, күрделі мәселелерді Парламент мінберінен де көтеріп келеміз. Атап өтсем, Ауыл шаруашылығы министрінің мемлекеттік меншіктегі бос жатқан кәсіпкерлік мақсаттағы жер учаскелерін сату бойынша аукционның №297 бұйрығының 18 тармағына қатысты толықтырулар мен өзгерістер енгізу жөнінде хат жолдадық. Сондай-ақ қаламызға қосылған елді мекендердегі жер учаскесі мен тұрғын үй кезегіне тіркелген азаматтардың кезектерін біріктіру барысында мәселе туындауда. Осы орайда жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алуға жер кезегінде жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының автоматтандырылған жүйесіне қатысты жер заңнамасына және «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заң талаптарына тиісті өзгерістер енгізу жөніндегі қала әкімдігімен бірлескен ұсыныстарымызды Сенат және Мәжіліс депутаттарына, министрліктердің жауапты комитеттеріне жолдадық, – дейді Тараз қалалық мәслихатының төрағасы Кенжебек Олжабай.
ТҰРҒЫН ҮЙДІҢ ТҰТҚАСЫ КІМДЕ?
Нақ осындай мәселе мемлекеттік қор есебінен берілетін тұрғын үйге де қатысты туындап отыр. Себебі Тараз қаласының құрамына енген тұрғындар арасында бұрын тұрғын үй кезегіне тіркелген мүгедектігі бар адам немесе көпбалалы ана секілді санаттағы азаматтар да бар. Сондықтан да бұл мәселенің де қалай шешімін табатыны көпшілік көкейінде жүрген сұрақтың бірі.
Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақовтың айтуынша, облыс бойынша коммуналдық тұрғын үй қорының мұқтаж азаматтар тізіміндегі кезек саны 1 сәуірдегі мәліметке сәйкес 40 174 адамды құраған. Соңғы бес жылда кезекке тіркелгендердің саны жыл сайын артып келеді. Орта есеппен кезекке алынғандар саны жылына 1 200-1 500 адамға ұлғайып келеді.
– Бір айта кетер жайт, 2023 жылғы 4 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға сәйкес мемлекеттік тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке қою қызметі «Отбасы банкі» акционерлік қоғамына берілді, – деді Ғалым Исабайұлы.
«Отбасы банк» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Нұрлан Сұлтанов 2022 жылдан бастап әлеуметтік жағынан осал топтарға – көпбалалы отбасыларға, І және ІІ топтағы мүгедектерге, жетім балаларға, сондай-ақ мүгедек балалары бар отбасыларға арналған тұрғын үй жалдау ақысының 50 пайызын субсидиялау бағдарламасы жүзеге асырылып келе жатқанын айтады. Бұл бағдарлама бойынша жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үйлерге қатысты төлемдердің тең жартысы мемлекеттік бюджеттен, қалғаны пәтер алушылар есебінен төленеді екен.
– 2025 жылдың сәуір айында облыста жергілікті атқарушы органның желісі бойынша 486 пәтерден тұратын 11 нысан пайдалануға беріледі. Бұл тұрғын үйлерге өңірде тұрғын үй кезегінде тұрған барлық санаттағы азаматтар үміткер бола алады. Өтініштерді «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы – «Отбасы банкінің» «otbasybank.kz» порталында беруге болады. Әлеуметтік тұрғын үй 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылады. Пәтер сатып алуға арналған несие жылдық 5 пайыз мөлшерлемемен беріледі. Бастапқы жарна 10 пайыздан басталады, қолжетімді шарттармен тиісті азаматтар пәтер ала алады. Олар бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған немесе асырап отырған отбасылар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім балалар, көпбалалы отбасылар, «Алтын алқа», «Күміс алқа»иегерлері, бұрын «Батыр ана» атағын алғандар, сондай-ақ «Ана даңқы» орденінің I және II дәрежелерімен марапатталған аналар. Сондай-ақ тұрғын үй кезегінде тұрған өзге де азаматтар тиісті шарттар бойынша баспана ала алады. Тұрғын үй «Ұлы Дала» ықшамауданында пайдалануға беріледі. Бұл ауданда бір шаршы метрдің құны – 160 000 теңге. Жалпы қойылатын талаптарға келсек, соңғы 6 айдағы отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы орташа айлық табыс мөлшері күнкөріс минимумының 1 еселенген шамасынан (46 228 теңге) аспауы тиіс. Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепке қойылғанын және тиісті санатқа жататынын растайтын құжатың болуы керек. Жоғарыда аталған санаттар бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар мемлекеттік қолдауға үміткер бола алады. Төлем алу үшін үй алып жатқан азаматтың соңғы 6 айдағы әрбір мүшесіне шаққандағы орташа айлық табысы күнкөріс минимумының 1 еселенген мөлшерінен аспауы тиіс. 2025 жылғы 1 қаңтардағы күнкөріс минимумы – 46 228 теңге. Мысалы, отбасы 5 адамнан тұрса – ата-ана және үш бала, онда олардың жалпы айлық табысы 231 140 теңгеден аспауы керек. Жалға алынатын тұрғын үйдің құны бойынша азаматтар жалға берілетін тұрғын үйді өз бетімен іздейді. Оның құнын есептеу кезінде бірнеше фактор ескеріледі. Атап айтсақ, 1 шаршы метр үшін жалдау ақысы жыл сайынғы айлық есептік көрсеткіш деңгейіне және өңірге немесе қалаға белгіленген арнайы коэффициентке сәйкес есептеледі. Жамбыл облысы үшін бұл коэффициент – 2,24. Яғни, 1 шаршы метрдің жалдау құны – 1 755 теңге. Жалға алынатын тұрғын үйдің көлемі 1-3 адамнан тұратын отбасы үшін тұрғын үйдің жалпы алаңы 40 шаршы метрден аспауы тиіс (70 200 теңге). 4-5 адамнан тұратын отбасы үшін 60 шаршы метрден аспауы керек (105 300 теңге). 6 және одан да көп адамнан тұратын отбасы үшін – 80 шаршы метрден аспауы тиіс (140 400 теңге). Егер тұрғын үйдің алаңы белгіленген нормадан асып кетсе, артық ауданды жалға алушы өз есебінен төлейді, – дейді Нұрлан Темірбекұлы.
Жамбыл ауданы, Аса ауылында үй кезегінде тұрған азаматтарға 40 пәтерлі тұрғын үйдің кілттері табысталды. Осы ауыл тұрғыны Фарида Әуелбаева өзінен кейін кезекте тұрғандардың пәтер алып жатқанын көріп, әділеттілікке деген сенімі семгенін айтады.
– Мен мүгедектігі бар баланы қарап отырған анамын. Тұрғын үй кезегінде тұрғаныма бірнеше жылдың жүзі болды. Балам 2001 жылы өмірге келді, туғаннан тірек-қимыл аппараты бұзылған деген диагноз қойылған. Оған 16 жасында І-топ, 18-ге толғаннан кейін өмір бойына мүгедектігі бар азамат санаты берілді, қазір жасы 24-те. Аудан ешқандай көмек беріп жатқан жоқ. Өзім осы ауылда пәтер жалдап тұрамын. Ал мемлекеттік тұрғын үй қоры кезегіне тұрып, пәтер алып жатқандардың көбісінің жағдайы жақсы. Мысалы, біреуі даңғарадай жер үйде тұрып жатса, тағы бірінің жеке кәсіпкер ретінде дүкені бар, кейбірі астына бағасы қымбат көлік мініп жүр. Осыған дейін үй алғандарға зерделеу ісін жүргізсе, көбісі пәтерін жалға беріп отырғаны анықталар еді. Мен бір көпбалалы отбасыны білемін, солар да үй алды. Олардың ата-анасы әлдеқашан өмірден өткен, бұлар сол үйдің иесі ғой. Демек үйді басқа біреудің атына жаздырып қойған. Олар көпбалалы болса да бала-шағасының ата-анасы, яғни асыраушысы бар. Ал біздің асыраушымыз жоқ, мен күндіз-түні ауру баламның қараушысы болып отырмын. Заң бойынша ең алдымен өмір бойына мүгедек адамға баспана беріледі деп естідім. Қане сол баспана, әділеттілік деген осы ма? Менің таңғалатыным неге менен кейінгі кезекте тұрғандар пәтер алып жатыр? Осы істе сыбайлас жемқорлықтың исі сезіледі. Соның салдарынан біз сияқты артық ақшасы, тамыр-танысы жоқтар үй ала алмай жүр деп ойлаймын. Жақында біздің ауданнан бірнеше елді мекен Тараз қаласына қосылғаны баршаға аян. Сол жақтағы адамдардың кейбірі тұрғын үй кезегінен ажырап қалмауы үшін тұрғылықты мекен жайын аудан құрамында қалған өзге бір ауылдағы туыстарының үйіне ауыстырыпты дегенді естідім. Солар да ебін тауып ауданнан пәтер алған жоқ па екен, бұл қаншалықты заңды? – деді Фарида Әлімбайқызы.
Жамбыл ауданы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Әзімхан Жарлығаповтың айтуынша, аудан бойынша тұрғын үй кезегіне 1 752 азамат тіркеліпті. Бірақ елді мекендер қалаға қосылғаннан кейін жүргізіліп жатқан мәліметтерді сәйкестендіру (интеграция) жұмыстары аяқталған соң бұл көрсеткіш төмендейді деп күтілуде. Яғни, кезектегі азаматтар саны шамамен 1 500 адамға дейін азаюы мүмкін.
– Қала құрамына енген елді мекендердің ішіндегі азаматтар, яғни көпбалалы аналар, жетім балалар және әлеуметтік осал топқа жататындар өз уақытында тұрғын үй кезегіне тұрған. Олардың ішінен кейбір азаматтарға ауданнан пәтер берілді. Ал қалғандары кезектілікке сәйкес заң талаптарына сай тексеруден кейін егер қандайда бір талаптарға сай келмесе, кезектен шығарылады. Жақында үлестірілген қырық пәтер тұрғын үй қатынастары заңында көрсетілген санаттар бойынша берілді. Бұл жерде жетім балалар, көпбалалы аналар, толық емес отбасы секілді осал топқа жататындар пәтерге өздерінің заңды құқығы арқылы қол жеткізіп отыр. Қырық пәтердің барлығы осындай осал топтарға берілген, – деді Әзімхан Жарлығапов.
Біздің негізгі мақсат – қала құрамына жаңадан енген елді мекендердегі пәтер кезегінде тұрған азаматтардың баспананы қай жақтан алатыны. Осы мәселемен Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімінің әдіскері Диля Соқжанова хабарластық. Ол қаладағы тұрғын үй кезегіне аудандардың қатысы жоқ екенін айтты.
– Тараз қаласының шекарасын кеңейту туралы Үкіметтің түсіндірме жазбасына сай Байзақ және Жамбыл аудандарының 14 елді мекенін қала аумағына қосу жұмысы іске асырылған болатын. Бұл ретте Қазақстан Республикасы Үкіметінің Жамбыл облысы Тараз қаласының Бас жоспарын бекіту туралы 2024 жылғы 29 қаңтардағы №44 қаулысы басшылыққа алынды. Алайда қала аумағына енетін елді мекендердің тұрғын үй алу кезек тізіміне тіркелген азаматтардың конститутциялық құқықтарына нұқсан келтірмеу бағытын негізге ала отырып Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне хат жолданды. Ол хаттың жауабы қолданыстағы 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заң нормаларын басшылыққа алуды бағыттады. Осыған қоса, облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің және Тараз қаласы әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Исабековтың қолы қойылып, аудан әкімдеріне туындап отырған мәселені шешу жолын қарастыру бойынша қосымша хат жолданды. Хатқа берілген жауапта Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Несіпбеков қала аумағына қосылған елді мекендерде кезекте тұрған 524 азаматпен заң талабына сай тиісті шаралар қабылдайтындығын атап көрсетті. Ал Байзақ ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Дәуренбек Мадешовқа қала аумағына қосылған елді мекендерде кезекте тұрған 358 азаматтың кезектіліктерін сақтау бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу міндеті жүктелген. Заң талабында мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғынжайлар осы елді мекенде тұрақтытұратын, тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтарына пайдалануға берілетіндігі нақтыланған. Ашып айтқанда, ол жақтағы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар пәтерді ауданнан алады, – деді Диля Көшкінбайқызы.
Біз қанық болғандай тұрғын үй кезегіне бұған дейін тіркелгендер баспананы өз аудандарынан алады. Ал жер кезегі мәселесінің шешімі қазір іздестірілуде. Қаланың құрамына енген тұрғындардың бұрынғы кезек бойынша өздері тұрып жатқан аумақтан жер телімін алуы, алмауы әзірге алдағы уақыттың еншісінде.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ