2 ауылда ауызсу жүйесі іске қосылып, 1 спорттық кешен пайдалануға берілді
- author AR-AY
- Бүгін, 09:44
- 31

Аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков ауыл тұрғындарын көптен күткен қуаныштарымен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Нұрбол Әбдімәжитұлы ауданда ауызсумен қамту көрсеткіші 99 пайызға жеткенін, жақын арада барлық ауыл толықтай тіршілік нәрімен қамтамасыз етілетінін атап өтті.
Мәселен, Берікқара ауылдық округіндегі Қожағаппар ауылында 469 адам тұрады. Мұнда 48 аула болса, 15-і орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған. Ауызсу жүйесінің құрылыс-монтажтау жұмыстары өткен жылдың 5 маусымында басталып, 13 желтоқсанда қабылдау актісіне қол қойылған. Жобаның келісімшарт құны – 552 716,8 мың теңге. Жобалаушы ұйым – «SK Best Spec Stroy KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болса, бас мердігер – «Темир-Строй Сервис и Ко» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Ал Ойық ауылдық округіне қарасты Сейілбек ауылында 256 адам тұрады. Ауылда 44 аула болса, ауызсу жүйесіне қосылған үй саны – 20. Бұл ауылдағы құрылыс-монтажтау жұмыстары да өткен жылдың 5 маусымында басталып, 24 желтоқсанда толық аяқталған.
Салтанатты іс-шара барысында ауыл ақсақалдары да сөз алып, өздерінің шынайы алғыстарын білдірді.
Ал Тамды ауылында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынған спорт кешені құрылысының жалпы құны 130 миллион теңгені құрайды. Мердігер – «Байганова Гүлжана Аскарбековна» жеке кәсіпкерлігі. Құрылыс аяқталған соң нысан аудандық коммуналдық меншікке алынған.
Спорт кешенінің ашылу салтанатында аудан әкімі Нұрбол Әбдімәжитұлы: «Қолданысқа берілген спорт кешені – салауатты өмір салтын насихаттауға, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, спортшыларымыздың биік белестерге жетуіне үлкен қадам. Тамды ауылынан шыққан балуандар қазақ күресі мен дзюдо спорты бойынша әрдайым көш басында. Енді сол дәстүрді жалғастыратын жас жеткіншектерге барлық жағдай жасалып отыр», деді.
Қуанышты сәтте Талас аудандық мәслихатының хатшысы Қәдірбек Садубаев пен облыстық мәслихаттың депутаты Жұмахан Тәнкебаев әлемдік додаларда ауыл, аудан тіпті ел абыройын асқақтататын спортшыларымыз көбейе беретініне сенім білдірді.
Аталған спорт кешенінде арнайы күрес, жаттығу залы, жаттықтырушы бөлмесі, киім ауыстыратын бөлмелер, душ, әжетхана сынды барлық қажетті инфрақұрылым қамтылған. Сонымен қатар ауыл жастарының демеушілігімен спорттық құрал-жабдықтармен жабдықталған.
Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ,
Талас ауданы