
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Кімде-кім Рамазанда ораза тұтып, сосын оның артынан Шәууәлда алты күн ораза ұстаса, ол жыл бойы ораза тұтқанның сауабын алады» деп сүйіншілеген. Бұл хадис – Шәууәл оразасының маңызын көрсетеді.
Ғалымдар осы оразаның бір жылдық сауапқа тең келуін Құрандағы мына аятпен түсіндіреді: «Кімде-кім бір жақсылық жасаса, оған оның он есе қарымы беріледі» (Әнғам сүресі, 160-аят). Яғни, Рамазандағы 30 күн он еселеніп 300 күнге, Шәууәлдағы 6 күн тағы он еселеніп 60 күнге тең келеді. Барлығы қосқанда – 360 күн, яғни бір жыл.
Шәууәл оразасы – нәпіл ораза. Міндеттелмеген, бірақ сауапқа бай. Бұл – ерікті ғибадат. Ұстасаң – мол сауап, ұстамасаң – күнә емес, бірақ үлкен мүмкіндіктен құр қаласың. Себебі Пайғамбарымыз айтқан хадистегі «бір жылдық ораза» деген сүйінші – бұл нәпіл құлшылыққа ниеттенген жан үшін ерекше рухани мүмкіндік.
Бұл оразаны ұстаудың уақыты – Ораза айттың екінші күнінен бастап, Шәууәл айы біткенге дейінгі аралықты құрайды. Айттың алғашқы күнінде ораза ұстауға болмайды. Қалған күндері алты күнді таңдауға ерік беріледі. Қатарынан алты күн ұстауға да, бөліп-бөліп әр аптада екі күннен, әсіресе дүйсенбі мен бейсенбіде ұстауға да болады. Бұл күндер жайлы Пайғамбарымыздың: «Дүйсенбі мен бейсенбіде амалдар Аллаға ұсынылады. Мен амалдарым Аллаға ұсынылған кезде, аузымның берік болуын қалаймын» деген сөзі бар. Сондықтан, бұл күндерде ауыз бекіту – сүннет амалдардың бірі.
Ниет ету де жеңіл: «Алла разылығы үшін Шәууәл айының (бірінші, екінші…) нәпіл оразасын ұстауға ниет еттім» деп айту жеткілікті. Арнайы дұға қажет емес, ниет – жүрекпен қабылданған шешім.
Шәууәл айының алты күндік оразасы – тек осы айда ғана орындалатын ғибадат. Бұл ораза мен парыз Рамазан оразасының арасында тікелей байланыс бар. Яғни, бір жылдық сауапқа жету үшін алдымен Рамазан оразасын толық ұстау – басты шарт. Егер Рамазанда түрлі себептермен кейбір күндерді қаза еткен болса, алдымен сол қазаны өтеу керек. Бұл – Алланың бұйрығы, парыз. Ал Шәууәлдің алты күні – Пайғамбарымыздың сүннеті. Парыз бен сүннеттің ара салмағын ескергенде, ең әуелі парыздың орнын толтыру абзал.
Ханафи мазһабының ғалымдары қаза ораза мен нәпіл оразаны бір ниетпен ұстауға болмайтынын айтқан. Себебі, бұл – екі бөлек ғибадат. Ораза қазасын өтеу – өтелмеген парыздың орнын толтыру, ал Шәууәлдің алты күндік оразасы – Алланың қосымша сыйына лайық амал. Сондықтан, қазасын өтеуге үлгеріп, уақыты жетсе, Шәууәл оразасын жеке ниетпен ұстау – ең дұрыс амал.
Шәууәл айының тағы бір ерекшелігі – жыл ішіндегі жалғыз ай, оның алғашқы күні айт мерекесімен басталады. Бұл да осы айдың қасиетін көрсетсе керек. Айт күні – қуаныш күні. Бірақ бұл қуаныштың арты жауапкершілікпен жалғасады. Себебі, шынайы тақуалық – Рамазанмен шектелмейтін, жыл бойы жалғасатын рухани сапар.
Өкінішке қарай, көп адам Шәууәлдің алты күндік оразасының мәнін терең түсіне бермейді. Бірі бұл ораза туралы мүлде білмесе, екіншілері тек осы алты күнмен шектеліп, Рамазан оразасын ұстамай қойса да болады деп ойлайды. Бұл – үлкен қателік. Хадистегі бір жылдық сауап – отыз күн Рамазанмен қатар Шәууәлдағы алты күнді де ұстаған жанға тән. Бірі жоқ болса, сауаптың толық болуы мүмкін емес.
Шәууәл айы – Рамазаннан кейін де Алланы ұмытпаған пенде үшін берілген тағы бір мүмкіндік. Бұл – мейірімі шексіз Раббымыздың бізге ұсынған нығметі. Аз күн ғибадат – көп сауаптың кілті. Ауыз бекітіп, рухани әлемге тағы бір қадам жақындайық. Қарыз оразамыз болса өтейік. Денеміз сау, уақытымыз бар болса – Шәууәлдің алты күнін босқа өткізбейік. Бұл – Жаратушының бізге берген тағы бір есігі. Ол есікке жақындау – біздің таңдауымызда.
Айжан ӨЗБЕКОВА