
Көптеген діндер адамның жүріс-тұрысын реттейтін моральдық нормалар мен құндылықтарды дәріптейді. Адалдық, мейірімділік, әділдік, сабырлылық, кешірімділік секілді қасиеттерді насихаттайды. Мұндай қағидалар қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз етіп, адамдар арасындағы қарым-қатынасты жақсартады.
Әлемдік діндердің барлығы адамды ізгілікке, әділеттілікке және қайырымдылыққа шақырады. Ислам, христиан, буддизм, индуизм және басқа да діндер адамгершілік пен рухани тазалықты жоғары бағалайды. Осылайша дін адам мінез-құлқын қалыптастырып, қоғамда үйлесімділік орнатуға көмектеседі.
Дін тек жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның бірлігін қамтамасыз ететін күштердің бірі. Ортақ сенім мен діни дәстүрлер адамдарды біріктіріп, әлеуметтік тұтастықты сақтауға ықпал етеді.
Тарихта діннің мәдениеттің қалыптасуына зор ықпал еткенін байқауға болады. Мешіттер, шіркеулер, храмдар тек ғибадат орындары ғана емес, сонымен бірге, білім мен мәдениеттің орталығы ретінде қызмет еткен. Мысалы орта ғасырларда ислам әлемінде медреселер мен ғылыми орталықтар құрылып, көптеген ғалымдар өз еңбектерін жазды. Ал христиан әлемінде шіркеулер мен монастырлар білім мен өнердің дамуына серпін берді.Көптеген адамдар дінді тек сеніммен байланыстырады, бірақ шын мәнінде ол білім мен ғылымға да үлкен әсер етті. Ислам, христиан және буддизм сияқты діндер білім алуды насихаттайды.
Орта ғасырларда мұсылман әлемінде математика, астрономия, медицина және философия салаларында үлкен жетістіктерге қол жеткізілді. Әл-Фараби, Ибн Сина, Әл-Хорезми сынды ғалымдар дін мен ғылымды қатар дамытты.
Христиандық дәстүрде де білім маңызды рөл атқарды. Еуропада алғашқы университеттердің көпшілігі шіркеу негізінде құрылған. Буддизм мен индуизм философиялық ойлау мен адамның өзін-өзі тануына ерекше көңіл бөлді.
Дегенмен кейбір тарихи кезеңдерде дін мен ғылым арасында қайшылықтар да болды. Кейбір діни догмалар ғылымның дамуына кедергі келтірген жағдайлар кездескенімен, жалпы алғанда дін білімнің таралуына ықпал етті.
Діни нормалар арқылы адамдардың мінез-құлқы реттеліп, қоғамда тұрақтылық пен тәртіп сақталады. Дін адамға өмірдің мәнін түсінуге, өзін-өзі жетілдіруге көмектеседі. Қазіргі заманда көптеген адамдар діни сенім арқылы ішкі тыныштыққа қол жеткізіп, күйзеліс пен өмірлік қиындықтарды жеңіп шығады.Діннің медитация, дұға, құлшылық секілді практикалары адамның рухани әлемін нығайтып, саналы өмір сүруге ықпал етеді. Осылайша, дін жеке тұлғаның ішкі үйлесімділігіне, психологиялық тұрақтылығына және жан дүниесінің тазалығына оң әсерін тигізеді.
Бүгінгі қоғамдағы діннің қоғамдағы рөлі күрделі әрі көпқырлы. Ғылым мен технологияның қарқынды дамуына қарамастан, дін адамдар үшін маңызды рухани және моральдық бағдар болып қала береді. Сонымен қатар жаһандану заманында діндер арасындағы диалог пен толеранттылықтың маңызы артып келеді. Әртүрлі сенімдер мен мәдениеттердің өзара түсіністігі қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға көмектеседі.
Дін – қоғамның ажырамас бөлігі және оның дамуына жан-жақты әсер ететін күш. Заманауи қоғамда діннің рөлі өзгергенімен, оның маңызы әлі де зор. Діни сенімдерге құрметпен қарап, толеранттылық пен өзара түсіністік қағидаларын ұстану – қоғамның үйлесімді дамуы үшін маңызды.
Боранқұл НҰРДӘУЛЕТ,
Дінтанушы