
Облыстық мәслихаттың шешімімен бекітілген 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасының Өңірлік жоспары негізінде өткен жылы 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ пен сквер, 829 шақырым каналдар мен арық жүйелері, 137,5 мың аулалар мен 4,8 мың шақырым көше жолдары тазартылды. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 30 875 тонна қоқыс шығарылып, 60 мыңға жуық ағаш көшеті отырғызылды. Осынау ауқымды іске 1 110 техника тартылған.
Ақпараттық сүйемелдеу жұмыстары да назардан тыс қалмады. Медиа кеңістікте 24,7 мыңнан астам материал жарияланып, телеарналарда 28 сюжет, сайттар мен әлеуметтік желілерде 2 340 мақала жарық көрді. Бұл – халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі.
2025 жылы да бастама жалғасын тапты. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бастамасымен 20 наурыз бен 20 сәуір аралығында «TazaLike» іс-шарасы өткізілуде. Бұл кезеңде «Болашақты бірге отырғызамыз», «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні», «Жер сағаты», «Тазарту күні», «Таза кәсіп – таза аймақ», «Таза жағалау» және «Жасыл аула» акциялары ұйымдастырылып, 174 мыңнан астам көшет отырғызылды. Оның ішінде «TazaLike» іс-шарасы шеңберінде 18 107, «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында 34 200, ал «Әр ауылдық округке 2000 тал егу» бастамасы бойынша 122 000 көшет егілді. Аталған жұмыстарға барлығы 68 мыңға жуық адам, оның ішінде 3 мың волонтер, 50 ірі және 400-ден аса шағын кәсіпорын ұжымы қатысып отыр.
Ағымдағы жылдың наурыз-сәуір айларында қосымша 9050 шаршы метр гүлзар, 4110 шаршы метр көгал орналастырылды. 550,2 шақырым арық пен каналдар, 1968 шақырым көше жолдары, 437,8 мың шаршы метр саябақ аумақтары тазартылып, 3 351 тонна күл-қоқыс шығарылды.
Тағы бір айта кетерлігі, облыс аумағында «Таза Қазақстан» акциясының ақпараттық сервисі іске қосылды. Яғни, тұрғындар телеграмм-боты арқылы өтінімдерін жолдап, оң іске өз үлестерін қоса алады. Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ғалым Исақовтың айтуынша, бұл сервисте өтінімдерді қабылдайтын 19 санат қарастырылған. Атап айтқанда, абаттандыру, құрылыс және тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару, подъездердің санитарлық тазалығы, ғимараттардың қасбеттері, ашық құдықтар, көгалдандыру, ирригация жүйелерін тазалау, көшелер мен ғимарат аумақтарын қоқыстан және қардан тазарту, жарықтандыру сынды мәселелер бойынша өтінім жолдауға болады. Жүйе тұрғындар үшін өте ыңғайлы әрі ашық форматта жұмыс істейді.
Сервисті халыққа кеңінен таныстыру үшін әкімдіктердің ресми сайттары мен әлеуметтік желі парақшаларында бейнероликтер жарияланған. Нәтижесінде бүгінгі күнге дейін телеграмм-бот арқылы 474 өтінім келіп түскен. Оның 427-сі мерзімінде қаралса, 3 өтінім қаралу үстінде. Ал 44 өтінім иесінің уәжі негізсіз болғандықтан бас тартылған. Өтінімдердің басым бөлігі күл-қоқыс тазалау жұмыстарына қатысты болып отыр.
Дегенмен басқарма басшысы кейбір аудандарда телеграмм-бот арқылы өтінім беру белсенділігі төмен екендігін жасырмады. Мысалы, Талас, Сарысу, Т.Рысқұлов, Мойынқұм және Шу аудандарында халықтың цифрлық сервисті қолдану деңгейі көңіл көншітпейді. Бұл аталған аудан әкімдіктеріне сын.
«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы телеграмм-бот – тек өтінім қабылдау құралы емес. Әр апта сайын ҚР Президенті Әкімшілігінің Бірінші орынбасары Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өтетін кеңесте осы өтінімдер бойынша өңірлердің рейтингі жарияланып отырады. Шағымдар ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі тарапынан қаралып, апта сайын ашық жария етіледі.
Облыстағы жұмыстар туралы облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте баяндаған болатын. Сол басқосуда Қанатбек Қайшыбекұлы: «Бүгінде телеграмм-бот функциясын кеңейту бағытында жұмыс жүріп жатыр. Қысқы кезеңге қатысты жаңа санаттар – қар мен мұзды тазалау, көктайғаққа қарсы шаралар қабылдау енгізілді. Сонымен қатар, ботты тиімді пайдалану үшін жергілікті әкімдіктердің штаттан тыс қызметкерлерін тарту мәселесін шешу қажет»,-деп мәлімдеді.
Жүйенің тиімділігін арттыру мақсатында жергілікті атқарушы органдарға тиісті хаттамалық тапсырмалар енгізу, сондай-ақ техникалық ресурстар мен адам әлеуетін ұлғайту жоспарланып отыр.
«Таза Қазақстан» – бұл бір реттік акция емес, ұзақ мерзімді экологиялық мәдениетті қалыптастырудың нақты қадамы. Жүйелі жұмыс, заманауи цифрлық шешімдер мен халықтың белсенді қатысуы арқылы еліміздің экологиялық келешегі жарқын болмақ.
Айжан ӨЗБЕКОВА