Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ғарышты бағындырған нәзікжандылар

Ғарышты бағындырған нәзікжандылар
Автор
Адамзат тарихында ғарышқа ұшқан алғашқы әйел Валентина Терешкова болды. Одан кейінгі онжылдықтарда ғарыш кеңістігін игеруде нәзік жандылардың үлесі біртіндеп артты. Бүгінге дейін ашық ғарыш кеңістігіне 14 әйел ұшқан. Олардың қатарында кеңестік Светлана Савицкая, америкалық Пегги Уитсон, Салли Райд, Кристина Кох пен Джессика Меир секілді ғарышкерлер бар. 2019 жылы NASA тарихында алғаш рет тек әйелдер құрамынан құралған экипаж ашық ғарышта жұмыс атқарды.

Кристина Кох пен Джессика Меир халықаралық ғарыш стансасынан шығып, сыртқы қуат жүйелерін жөндеу жұмыстарын жүргізді. Бұл оқиға – гендерлік теңдік пен әйелдердің ғылымдағы орнының артып келе жатқанын көрсететін маңызды кезеңдердің бірі.

2025 жылы қазақстандық кәсіпкер, қоғам қайраткері Дана Қарағұсова ғарыш кеңістігіне ұшқан тұңғыш қазақ әйелі атанып, ел тарихына енді. Ол «Blue Origin» компаниясының «New Shepard» бағдарламасы аясында суборбиталық сапарға қатысып, 107 шақырым биіктікке көтерілді. Экипажда Қарағұсовамен қатар тағы бес жолаушы болды. Зымыран Техас штатынан (АҚШ) Астана уақытымен 18:40-та ұшырылып, ұшу уақыты шамамен 10 минутқа созылды. Осы оқиға – Қазақстандағы әйелдердің ғылым мен ғарышты игеру жолындағы алғашқы нақты қадамы.

Ал жуырда Астана қаласында әйелдер ғарыш экипажын даярлауға арналған еліміздегі алғашқы ғылыми эксперимент – «SANA-1» жобасының аяқталу рәсімі өтті. Жоба Ғарышкерлерді даярлау жөніндегі зерттеу тобының, Қазақстан-Британ техникалық университетінің, Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығының, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жанындағы Аэроғарыш комитетінің және «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының қолдауымен жүзеге асырылды. Жобаның басты ерекшелігі – инженер және зерттеуші әйел мамандардың қатысуымен ұйымдастырылды. Бұл Қазақстандағы гендерлік теңдік пен әйелдердің ғылымға, технологияға араласуын қолдаудың нақты көрінісі болды. Бүгінгі таңда ғарышкерлердің тек 12,5 пайызы ғана әйелдер. Сондықтан «SANA-1» жобасы нәзік жандылардың ғарыш саласына бейімделу мүмкіндігін зерттеуге бағытталған алғашқы қадамдардың бірі саналады.

Айта кетейік, эксперимент Бүкіләлемдік ғарыш апталығы аясында өтті. Биылғы апталықтың тақырыбы – «Living in Space» (Ғарыштағы өмір). Жобаның ғылыми жетекшісі Алина Гуторева атап өткендей, негізгі мақсат – оқшаулану кезіндегі адамның когнитивтік, физиологиялық және эмоционалдық бейімделуін зерттеу. Экипаж мүшелері медициналық тексеруден өтіп, когнитивтік және мінез-құлықтық сынақтарды орындап, капсуланың инженерлік жүйелерін бағалады. Эксперимент барысында монотондық орта мен оқшаулану жағдайындағы адамдардың төзімділігі, қарым-қатынас орнату қабілеті мен эмоционалдық реттеу механизмдері зерттелді.

Алынған нәтижелер ғарышкерлерді даярлау бағдарламасының негізіне айналады, ұзақ мерзімді ғарыш сапарларына арналған капсулалар жобасын жасауға ықпал етеді, сондай-ақ эмоционалдық күйзеліс жағдайларында төзімділікті арттыру әдістемесін жасауға негіз болады. Зерттеу нәтижелері халықаралық Space Days Kazakhstan, COPUOS форумдарында ұсынылады және ғылыми журналдарда жарияланады.

SANA-1 жобасының аяқталу рәсімімен тұспа-тұс келген тағы бір маңызды оқиға – Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің 34 жыл бұрынғы ғарыштық сапарының аяқталу күні. Рәсімге қатысқан Тоқтар Әубәкіров жастармен тәжірибе бөлісіп, психологиялық тұрақтылық, топтық жұмыс пен өз-өзіне сенудің маңызын ерекше атап өтті.

Экспериментке қатысушыларға арнайы дипломдар табысталып, олардың ғылыми-зерттеу саласына қосқан үлесі жоғары бағаланды. SANA-1 жобасы әйелдер көшбасшылығы мен эмпатиясының маңызын көрсетті, оқшау ортада жұмыс істейтін экипаж тұрақтылығының негізгі ресурстарын айқындады және болашақта әйелдер қатысатын ұзақ мерзімді ғарыш миссияларын жоспарлау мен психологиялық қолдау жүйелерін қалыптастыруға мүмкіндік бермек. Сонымен қатар жоба STEM бағытындағы (ғылым, техника, инженерия, математика) білім беру үрдісін насихаттап, пәнаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға негіз болады.

Ғарышқа қадам басқан қазақ әйелдерінің бұл жетістігі – Қазақстандағы ғылым, білім және гендерлік теңдік салаларында жаңа дәуірдің басталғанын айқындайтын тарихи белес.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар