
Өнертапқыштар ерекше қажеттіліктері бар жандарға арналған ақылды капа ойлап тапқан. Бұл құрылғыны адам аузына салып алып тілі мен басын қозғалту арқылы компьютер тінтуірін немесе электрлі арбаны басқара алады. Яғни, тіпті толық сал ауруына шалдыққан адам да осы құрылғы арқылы оқып-жаза алады, бағдарлама жасап, тіпті бейнелер де құрастырса болады. Команда Қанат Тәжіхан, Әли Жазықбай, Мәди Тәжіхан, Барысхан Қалдыбай есімді төрт өреннен тұрады.
Стартаптың белді мүшесі, өнертапқыш Қанат Тәжіхан жобаның негізгі артықшылықтарымен бөліскен болатын.
– Бұл капаны жасап шығаруымызға бір ерекше оқиға себепші болды. Біз бірде ерікті ретінде мұқтаж жандарға көмек көрсетіп, мүмкіндігі шектеулі балалармен жиі араласатынбыз. Тіпті бір баламен достасып та кеттік. Ол баланың жүзі бізді көргенде ерекше нұрланып, әрдайым сөйлесуге асығатын. Біздің ноутбук пен телефон қолданғанымызға таңғалып, зор қызығушылық танытатын. Бірақ ол денсаулығында кінәраты болғандықтан қолдарын емін-еркін қозғалта алмайтын еді. Және біздің командадағы балалардың кейбірінің ата-анасы немесе туыстарының арасында жартылай сал болып қалғандар бар. Олар үшін кітап оқу, телефон ұстау, тіпті электр арбасын басқару қиынның қиыны екені айтпаса да түсінікті. Сонда «Неге осы мүмкіндігі шектеулі кісілерге ыңғайлы құрылғы жасамасқа?» деген идея пайда болды. Және команда мүшелері тарапынан бірден қолдау тапты. Біз зерттей келе, көп жағдайда мұндай адамдарда тіл мен бастың қозғалысы сақталатынын байқадық. Осыдан кейін біз тіл мен бастың қозғалысы арқылы барлық гаджеттер мен электр арбаны басқаруға мүмкіндік беретін арнайы капа ойлап таптық. Анығын айтқанда, бұл-жай ғана идея емес, нақты жұмыс істеп тұрған өнертабыс. Біз құрылғыға жасанды интеллект енгізіп, оны анағұрлым ақылды еттік. Оның басты ерекшелігі-тек әрекетке жауап беріп қоймай, пайдаланушының ниетін алдын ала сезіп, болжай алуы. Мәселен, адам төртбұрыш сызғысы келді делік, онда жүйе бұл ойды бірден танып, автоматты түрде қажетті сызбаны жасап береді. Ал курсор WhatsApp-тағы батырмаға жақындаса, капа тура бағыттап, дәлдікті қамтамасыз етеді. Мұндай жүйе адам мен техника арасындағы шекараны жояды, – дейді Қанат Тәжіхан.
Жақында команда құрылғының жаңа үлгісін жасап шығарды. Жаңартылған нұсқада сенсорлар бұрынғыдан да жылдам, сенімді әрі ыңғайлы жұмыс істейді.
AICA Awards – Орталық Азияда жасанды интеллектке арналған тұңғыш халықаралық премия. Ол ұлы математик, алгебра негізін қалаушы Мұхаммед ибн Муса әл-Хорезми есімімен аталады. Мақсаты – аймақты жаһандық AI-хабқа айналдыру. Биылғы байқауға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстаннан ондаған жоба қатысты.
Біздің стартаптың инновациялық жобасы практикалық маңыздылығы және кең тарату әлеуеті үшін ерекше аталып өтті. Команда байқаудың бірнеше кезеңінен өтіп, бес елдің венчурлік инвесторларынан және индустрия көшбасшыларынан құралған қазылар алқасының алдында өз жобасын сәтті қорғап шықты.
– Жобамыздың жеңіске жеткенін естігенде қатты қуандық. Бұл бір естен кетпес оқиға болды десем де болады. Бір сәтте қуаныш, мақтаныш, толқу секілді бірнеше эмоцияны сезіне білдік. Бұл екі жылдық тынымсыз еңбектің, идеялар мен сәтсіз эксперименттердің, сенім мен табандылықтың жемісі деп білеміз. Ең бастысы – бұл жеңіс тек біздің ғана емес, Қазақстанның да жеңісі. Біз де жасанды интеллект саласында көш бастай алатынымызды дәлелдедік. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда: «Мен жаппай цифрландыру мен жасанды интеллектіні барлық салаға кеңінен енгізу мәселесіне үнемі назар аударамын. Қазір қай елдің жаңа технологияларды өз пайдасына жарата алатыны, қай елдің көш соңында қалатыны анықталып жатқан шешуші кезеңге қадам бастық», деп атап өтті. Мемлекет басшысы айтқандай, елімізде жасанды интеллектіні дамытуға барлық жағдай жасалған. Тек еңбек етсең болғаны.
Бүгінде біз халықаралық акселераторларға қатысып, гранттар ұтып алуға және өнімді кең көлемде өндіруге көшуді көздеп отырмыз. Зертхана ашып, құрал-жабдықтар сатып алып, толық өндірістік желіні іске қосу жоспарымызда бар. Біздің арманымыз – Úmit-ті Қазақстаннан шыққан келесі «единорог-компанияға» айналдыру,-дейді Қанат Тәжіхан.
AICA Awards байқауындағы жеңістен кейін команда жобаны жаһандық деңгейге шығаруға белсенді кірісіп кетті. Басты мақсат – жоғары технологиялы өнімді өндірістік кезеңге жеткізу. Осы орайда топ мүшелері инвесторлар мен серіктестерді іздеп, ашық ынтымақтастыққа дайын екендерін айтуда. Бұл болашақта жай ғана технологиялық жоба емес, адам тағдырын өзгертуге бағытталған маңызды бастама болмақ.
Айжан ӨЗБЕКОВА