
Ұлттық рух пен дәстүрлі өнерді дәріптеу жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан «Желдірме» дәстүрлі әншілер ансамблі Тараз қаласының мәдени өмірінде ерекше орны бар шығармашылық ұжымға айналған. Ансамбльдің негізін қалаушы әрі жетекшісі – білікті педагог, ізденімпаз өнер иесі Ақерке Қырықбаева.
Ақерке Тұранқызының жетекшілігімен ансамбль репертуары халық әндерімен, халық композиторларының жауһар туындыларымен байытылған. Сонымен қатар қазіргі заманның танымал әнші-композиторларының таңдаулы әндері де ансамбльдің репертуарына енген.
Ансамбльдің жетістіктері де аз емес. «Желдірме» дәстүрлі әншілер ансамблі халықаралық, республикалық, облыстық және қалалық деңгейдегі байқаулар мен фестивальдерде жоғары нәтиже көрсетіп, бірнеше мәрте жүлделі орындарға ие болған. Ансамбль биылғы жылдың 27 наурызында Астана қаласында өткен республикалық «Қазақтың 1000 әні» дәстүрлі әншілер байқауынан ІІ орын, халықаралық «Шашу» өнер байқауынан бас жүлде, 13 наурызда Шымкент қаласында өткен ұлттық «Дельфий ойындары» байқауынан алтын медаль иеленіпті.
Ақерке Тұранқызының айтуынша, ансамбльдің шығармашылық деңгейі жыл сайын артып келеді. Ансамбль жетекшісі жас таланттарға өнер әлемінің қыр-сырын үйретіп қана қоймай, олардың бойында ұлттық сана мен рухани құндылықтарға деген құрметті қалыптастыруға ерекше назар аударады.
– Ұжым ретінде бізге биыл 5 жыл толып отыр. Бұл – аз уақыт емес. Осы уақыт ішінде үлкен белестерді бағындырдық десем артық айтқаным емес. Ансамбльдің ең басты мақсаты – халқымыздың төл өнерін, дәстүрлі ән мұрасын кеңінен насихаттап, жастардың рухани дүниесін байыту. Алайда біз тек дәстүрлі әндермен шектеліп қалмаймыз. Бүгінгі күннің талабына сай, заманауи музыканы да репертуарымызға енгіздік. Сол арқылы өнердің көпқырлы мүмкіндігін көрсетіп, әрбір көрерменнің жүрегіне жол табуды көздейміз, – деген Ақерке Тұранқызы келесі кезекте ансамбльдің не себепті «Желдірме» деп аталғанын түсіндіріп берді.
– «Желдірме» деген атау біз үшін өте маңызды әрі мәнді. Бұл сөздің мағынасы – шығарманы желдіртіп, шабытпен орындау дегенге саяды. Құлаққа жағымды, жүрекке жылы тиетін әуендер, оның ішіндегі қуат пен шабыт – біздің шығармашылығымыздың негізі. Әрбір ән, әрбір орындау – тыңдарманға ерекше көңіл күй, шабыт сыйлап, оларды өзіне баурап алуы тиіс. «Желдірме» деп аталатын ансамбльдің атауы біздің барлық ұстанымымызды толық ашады. Біз әрбір туындыға өзіміздің ішкі сезімімізді, күшімізді, шабытымызды қосып, тыңдарманға сол күйде жеткізуге тырысамыз. Осы арқылы өнерімізге жан бітіріп, оны көрермендермен бірге жүріп, бірге сезініп, тамашалаймыз, – дейді Ақерке Тұранқызы.
Бүгінде «Желдірме» ансамблінің репертуарында 20-дан аса ән бар. Әрбір ән өзіне тән ерекшеліктерімен, қайталанбас әуендерімен, терең мағыналарымен ерекшеленеді.
– Біз осы әндерді орындау арқылы халықтың тарихын, оның мәдени мұрасын дәріптейміз. Сонымен қатар, байқауларда қазақ әндері мен композиторларының шығармалары талап етіледі. Себебі бұл туындылар біздің мәдениетіміздің ажырамас бөлігі. Әрбір байқау мен фестивальде біздің репертуарымызда қазақтың халық әндері мен қазақ композиторларының шығармалары негізгі орын алады. Әрбір туынды – тыңдарманды рухани байытуға, қазақ ән өнерін кеңінен танытуға бағытталған. Біз осы әндерді орындаудағы шеберлігімізді дамытып, оларды әрбір тыңдарманның жүрегіне жеткізуге тырысамыз. Бұл, әрине тек шығармашылық емес, үлкен жауапкершілік те. Өнер арқылы ұлттық құндылықтарды сақтау және дамыту – біздің ең үлкен мақсатымыз, – дейді Ақерке Қырықбаева.
Ансамбль құрамындағы жұлдыздай жарқырап, көпшіліктің көңілінен шығып жүрген өнерлі шәкірттің бірі – Жомарт Айсезім. Ол «Желдірме» ансамблінің жетекші әншісі, талантты орындаушы, сахнаға деген сүйіспеншілігімен көпке үлгі болып жүрген жас өнерпаз.
Айсезім өнер жолына өте ерте жасынан қадам басқан. Осы жылдар ішінде ол үлкен тәжірибе жинап, сан түрлі сахналарда өнер көрсетіп, өзінің кәсіби шеберлігін дамытты. Айсезім қатысқан әрбір байқау мен шығармашылық кеште өзіндік ерекшелігімен, дауыс мәнерімен, сахнада өзін еркін ұстауымен ерекшеленіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп келеді.
– Мен Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған «Жырлайды жүрек» атты әдеби-сазды кеште өнер көрсетіп, бас жүлдені жеңіп алдым. Сонымен қатар, Жамбыл Жабаевтың шығармашылығына арналған «Жамбылдың әсем жырлары» атты халықаралық байқауда да топ жарып, тағы бір мәрте бас жүлдені иелендім. Сол секілді «Жас толқын», «AlaşStar» сияқты халықаралық деңгейдегі байқауларда да бас жүлде иелендім. Бұдан бөлек, қазақ музыка өнерінің дара тұлғасы Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығына арналған «Өз елім» атты кеште де жоғары бағаға ие болдым. Әрбір орындаған туындымда халықтың рухын, ұлттық болмысын жеткізе білуге тырысамын, – дейді Айсезім Жомарт.
Ансамбльдің шығармашылық жұмысы тек репетиция мен концерттік қойылымдармен шектелмейді. Ұжым қалалық, облыстық деңгейдегі түрлі мәдени-көпшілік іс-шараларға, әлеуметтік маңызды жобаларға белсенді түрде қатысады. Сонымен қатар түрлі шеберлік сағаттарын, семинарлар мен кездесулер ұйымдастырып, өнерсүйер қауыммен тығыз байланыс орнатқан. Мұндай ашық алаңдарда ансамбль мүшелері өз тәжірибелерімен бөлісіп, дәстүрлі ән өнерінің қыр-сырын кеңінен таныстыруда.
Бір сөзбен атйқанда, «Желдірме» дәстүрлі әншілер ансамблі – бағыты айқын, мақсаты биік, ұлттық өнерді жаңа деңгейге көтеріп жүрген бірегей шығармашылық ұжым. Олардың алдында әлі де көптеген асулар, шығармашылық белестер тұр.
Сымбат ҚУАНЫШ