
Жас офицер Ә.Құстүтінов 27-атқыштар дивизиясының 76-полкінде пулемет командирінің көмекшісі болып талай қанды шайқастарға қатысты. Сол жылғы 20 тамызда жарылған зеңбірек жарықшағы оң жамбасын ауыр жаралап, 6 айдай госпиталь төсегіне таңылады. Жазылып шыққан соң 1944 жылдың наурыз айында 230-дивизияның 990-атқыштар полкінде пулемет взводы командирінің көмекшісі қызметінде ұрысқа қайтадан кіреді. Бұл кезде соғыстың беталысы өзгеріп, біздің әскерлер жауды тықсыра бастаған еді. 1944 жылдың қазан айында Әбдіқадыр 5-Екпінді армияның қысқамерзімді курсында келесі жылдың көктеміне дейін оқып, лейтенант шенімен өз бөлімшесіне оралған соң взвод командирі болып тағайындалады. Одер-Кюстрин бағытында Берлинге 60 шақырымдай жерде алдыңғы шепте тұрғанда жау ордасына шабуылдауға бұйрық беріледі. Кеңес әскерлерінің бөлімдері 29 сәуірде Берлинге жетіп, 2-3 күнде қаланы жан-жағынан түгел қоршауға алады. 2 мамырда Берлиндегі неміс гарнизоны түгел беріліп, 9 мамырда Жеңіс жарияланды.
Ә.Құстүтінов әскери қызметте 1947 жылғы наурызға дейін болып, алғаш Берлин гарнизонының құрамында, кейін Балтық теңізі жағалауында шекара тыныштығын бақылаушылар сапында қызмет етті.
Елге оралғаннан кейін Әбекең Алматыдағы педагогикалық училищеде сырттай оқып, еңбек жолын Отар стансасындағы №29 мектепте мұғалім болып бастады. Алайда кейінгі тағдыры бәрібір соғыста шыңдалған әскери өмірге жақын салада өрбіді. 1949-1954 жылдар аралығында Көктерек (Мойынқұм) ауданында Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жедел уәкілі қызметін атқарды. Одан кейін Шу қаласының Қосқұдық милиция бөлімшесінің бастығы, Шу аудандық ішкі істер бөлімі бастығының саяси орынбасары болды. Дәл осындай қызметті Меркі ауданында да атқарды. Ал 1958 жылдан 1963 жылға дейін Свердлов (Байзақ) және Луговой (Құлан) аудандық ішкі істер бөлімдеріне басшылық етті.
Майдангер Ә.Құстүтінов Қордай аудандық ішкі істер бөлімін 1963 жылдан 1970 жылға дейін басқарды. Бұл кезеңде ауданда құқықтық тәртіптің сақталуын нығайту, милиция қызметін жетілдірудің материалдық-техникалық базасын жақсарту жолында көптеген жұмыс атқарылды. 1970 жылы Ә.Құстүтінов қызмет бабымен Қырғыз Республикасына ауысып, п/я 36/1-де оперативтік бөлімінің бастығы қызметін атқарады. Әскери және ішкі істер қызметінде 30 жылдан аса еңбек өтілімен полковник шенінде 1973 жылы отставкаға шықты.
Отставкадан кейін де Ә.Құстүтінов 1 жылдай Қордай аудандық Азаматтық қорғаныс штабын басқарып, 8 жыл бойы аудандағы ДОСААФ спорттық-техникалық клубының бастығы болып, 1986 жылы дербес демалысқа шықты. Аудандарда ішкі істер бөлімін басқарып жүргенде тиісті аудандық партия комитетінің бюро мүшесі, атқару комитетінің мүшесі, аудандық советтің депутаты болып сайланды. Ұлы Отан соғысындағы ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз», I және II дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Жалпы соғыстағы және ішкі істер қызметіндегі ерен еңбегі мемлекеттік 3 орден, 17 медальмен, көптеген бағалы қағаздармен бағаланып, есімі «Жамбыл облысы ішкі істер органдарының Құрметті тұлғалары» кітабына енгізілген. Майдангердің соғыстан қалған жарақаты мазалап, ауыр отадан кейін 1999 жылы 75 жасында өмірден озған болатын.
Әбекеңнің артында қалған 5 ұл-қызынан қазір көптеген немере-шөбересі бар. Тұңғыш қызы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлсәуле Орынбаева (Құстүтінова) республикаға танымал өнер қайраткері. Ол Селезнев атындағы хореография училищесін бітірген, ұзақ жылдар Қазақстан Республикасы «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің көркемдік жетекшісі болды. Гүлсәуледен кейінгі Татьяна мен Асқар да отбасылы. Ал Әбекеңнің кейінгі зайыбы Тұрашжан Жекембайқызынан көрген ұлдары Ермек пен Ержан Қордайда тұрады. Олар отбасылы. Бала-шағасы бірігіп, өткен жылы майдангер әкенің 100 жылдығын атап өткен болатын.
Құрманбек ӘЛІМЖАН,
ардагер журналист,
Қордай ауданы