Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Курьер болу кез келгеннің қолынан келмейді

Курьер болу кез келгеннің қолынан келмейді
Автор
Цифрлы технология өмірімізге дендеп енген сайын түрлі мүмкіндіктерге қол жеткізу барған сайын жеңілдей түсуде. Тіпті жаңа қажеттіліктер туындап, қосымша мамандықтар пайда бола бастады. Бұл мамандықтарды меңгеріп, қоғамға қажет қызметтерді атқарып жүргендердің саны да артуда. Мысалы курьер мамандығы елімізде 2018 жылдан бастап кеңінен танылып, бүгінгі таңда сұранысқа ие қызмет түріне айналды. Қазір кез келген адам үйден шықпай-ақ жеткізу қызметіне тапсырыс беріп, қажетті затына қол жеткізе алады.

Курьер – жалдамалы жұмысшы. Бұл қызмет түрін кез келген мекеме немесе жеке тұлға қолдана алады. Ол үшін арнайы қосымшаға тіркелген болуыңыз тиіс. Мәселен «Яндекс» жеткізу компаниясында курьер болу үшін компанияның сайтына тіркеліп, өзіңіздің жеке және көлік туралы деректеріңізді, жүргізуші куәлігіңізді көрсете отырып сауалнаманы толтыруыңыз керек. Ал жаяу курьер болғыңыз келсе көлігіңіздің жоқтығын көрсетіп, «жаяу» батырмасын іске қосасыз.

Негізі курьерлер бірнеше топқа бөлінеді. Көлікпен жеткізуші, мотокурьер, велокурьер және жаяу жеткізуші секілді түрлері бар. Ал олардың әрқайсысының жұмыс істеу жүйесі әртүрлі. Сондай-ақ тапсырыстар аталған қабілеттілікке қарай беріліп, табыс көзі де біркелкі болмайды.

Екі жыл бойы курьер болып жұмыс істеп келе жатқан Қанат Қожағұлдың айтуынша, курьер болудың да өзіндік ережелері бар.

– Ең әуелі тапсырыс беретін таксопаркты дұрыс таңдау керек. Себебі таңдалған қызмет көрсетуші компанияға қарай тапсырыстардың жиілігі мен көлемі де анықталады. Мен бұл жұмысты алғаш рет Астана қаласында велокурьер болудан бастадым. Шамамен күніне 80-120 шақырым жүретінмін. Бастапқы күндері тәулігіне 10-15 мың теңге аралығында табыс тауып жүрдім. Уақыт өте келе жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында арнайы термосөмке сатып алып, мейрамханалардан тапсырыстар қабылдай бастадым. Әрбір сәтті орындалған тапсырма қосымша ішіндегі жеке рейтингтің көтерілуіне ықпал етті. Бұл рейтингтің жоғарылауы тапсырыс саны мен табыс көлемінің артуына жол ашты. Мәселен Яндекс жүйесінде курьерлер үшін арнайы «рейтинг» көрсеткіші бар, ол неғұрлым жоғары болса, соғұрлым табысың да арта түседі. Сонымен қатар «Яндекс» платформасында тапсырыстардың бағасы күрт көтерілетін «Алтын уақыт» деп аталатын ерекше кезең бар. Көбіне мұндай уақыттар ауа райы қолайсыз болып, қар немесе жаңбыр жауып, қатты жел тұрып, боран күшейген шақтарға немесе адамдардың жұмысқа бара жатқан немесе қайтып келе жатқан мезеттеріне сәйкес келеді. Мұндай уақытта біз барынша көп тапсырыс алуға тырысамыз, – деген Қанат Аманатайұлы «Яндексте» табыс табудың ең тиімдісі мотокурьер болу екендігін тілге тиек етті.

Расында жеткізу қызметінде жұмыс істейтіндердің басым бөлігі мотокурьерлер. Оның ішінде мопед айдайтындар жетерлік. Кәмелеттік жасқа толғаны мен толмағандары да мопед мініп, түрлі оқыс жағдайларға тап болып жатқанын да көз көріп жүр. Дегенмен биылғы жылдан бастап мопед айдаушылар үшін арнайы заң бекітілгенін айта өтейік. Заң бойынша мұндай көлік құралын тізгіндеу үшін жүргізуші куәлігінің болуы шарт. Сондай-ақ мопедті арнайы тіркеуден өткізуі тиіс. Ол үшін өз мекенжайы бойынша мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына барады. Онда тіркеуден өткізу жөнінде өтініш беріп, жеке куәлік пен мопедтің техникалық құжаты немесе техникалық сипаттамалары туралы құжатты өткізсе болғаны. Сонымен қатар екі құжат үшін жүргізуші мемлекеттік баж төлеуі керек болады. Тіркеу қызметіне 0,25 АЕК (983 теңге), мопедті тіркеу туралы куәлікке 1,25 АЕК (4915 теңге), мемлекеттік нөмір үшін 1,4 АЕК (5505 теңге) көлемінде төлем қарастырылған. Міне бұл тәртіп биылғы жылдан бастап енгізілді. Осылайша кәмелеттік жасқа толмағандарға мопед айдауға тыйым салынды. Ал курьерлер үшін бұл ереже өте тиімді. Себебі тіркелмеген мопедтер жұмыс істей алмағандықтан, бақталастық азаяды.

Курьерлердің тағы бір көп тараған түрі – жаяу жеткізушілер. Бұл қызмет түріне студент жастар көп тіркеледі. Нұржан Қырғызбеков есімді студенттің айтуынша, жаяу курьер болудың тиімсіз тұстары көп екен.

– Жеткізу қызметі сырттай оңай әрі қарапайым көрінгенімен, өзіндік қиындықтары жетіп артылады. Тапсырысты орындау барысында сан алуан келеңсіз жайттарға тап болу – күнделікті кездесетін жағдай. Мәселен тауарды жеткізген сәтте тапсырыс берушінің есікті ашпауы не болмаса мүлде телефон қоңырауына жауап бермеуі жиі қайталанады. «Яндекстің» тәртібі бойынша курьер тапсырыс берушімен екі мәрте байланыс орнатуға тырысады. Егер абонент байланысқа шықпаса, тауар автоматты түрде утилизацияға жіберіледі, яғни кері қайтарылады. Мұндай жағдай орын алғанда курьер «Яндекс қолдау» қызметіне хабарласып, мән-жайды түсіндіруге міндетті. Алайда аталған платформа көп жағдайда курьерлердің емес, тапсырыс берушілердің мүддесін қорғайды. Өз басым бұл қызметтің ащы-тұщысын көп көрдім. Тараз қаласында жұмыс істеп жүргенде тіл мәселесіне байланысты түсініспеушілік туындаған жағдайлар аз болмады. Бір қызығы, кейбір қазақ отбасылары да курьерден орыс тілінде сөйлеуді талап етеді. Өзге ұлт өкілдерін айтпай-ақ қояйын. Осындай сәттерде өкінішке қарай «Яндекс» тарапынан қолдау болмай, платформа көбіне тұтынушының сөзін жақтап, курьерді кінәлі қылып шығарады. Қыстың қақаған аязында да жұмыс тоқтамайды. Алайда қатты суық күндері арнайы термосөмкелердің де жылуды сақтап тұру мүмкіндігі азайып, тағамдар тез суып қалады. Соның салдарынан тапсырыс берушілер тағамнан бас тартып, наразылық білдіреді. Мұндай кезде курьер зардап шегеді. Жеткізу қызметінің, сонымен қатар тапсырыстың да ақшасын өзі төлеуге тура болады. Ал мейрамханалар мұндай тауарды кері қабылдаудан бас тартады. Ал «Яндекс» тағы да тұтынушыны жақтайды. Жаяу курьер болудың тағы бір кемшілігі – табыстың төмендігі. Мәселен бір маршрутқа велокурьер 1000 теңге көлемінде ақы алса, тура сол тапсырысты орындаған жаяу жеткізуші 400-500 көлемінде табыс табады, – дейді Н.Қырғызбаев.

Тілдескен кейіпкерлеріміздің айтуынша, қоғамда курьерлерді төмен таптағы адам ретінде көретіндер көп екен. Яғни тапсырыс берушілердің кейбірі курьерлердің ақысын төлемей, әбден әуре-сарсаңға салса, ал енді бірі тапсырысты дұрыс орындамағаны туралы жалған ақпарат таратып, үстінен шағым түсіреді. Сондай-ақ жеткізу қызметінде жүргендерді қорқытып, ұрып-соққан кездері де болған екен. Яғни курьер болу да сіз бен біз ойлағандай оңай жұмыс емес.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар