
Кейіпкеріміздің нағашы атасы Тоқтаралы Барпиев – жаяу әскер сапында соғысқан. Ал өз атасы Жұбатқан Үтегенов – артиллерияда қызмет атқарған. Екеуі де соғыстың барлық қиындығынан өтіп, туған ауылдарына аман-есен оралған.
Ермек бала күнінде екі атасының көзін көріп, олардың соғыс жайлы айтқан әңгімелерін ұйып тыңдап өсті. Майдан даласындағы ерлік, жауынгерлік борыш, Отан алдындағы адалдық – бәрі де бала санасына терең сіңді. Сол сәттер оның жүрегінде өшпес із қалдырды. Оған қоса соғыс туралы көрген фильмдері мен әскери тақырыптағы кітаптардан алған әсерінен соң әскери салаға қызығушылығы тіпті күшейе түседі.
– Соғыс пен армия жайлы фильмдердің бірде-біреуін жібермейтінмін. Солдаттар мен офицерлердің ерлігіне тәнті болатынмын. Олардың әскери киім киіп, батыл қимылдағанын көріп, мен де сондай болсам деп армандайтынмын, – дейді подполковник Ермек Жұбатқанов.
Мектеп пен колледжді бітірген соң, Ермек туған жері Құлан ауылынан Алматыға аттанып, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтына оқуға түседі. Бұл оқу орны арманына апаратын алғашқы үлкен қадам болды. Институтты аяқтаған соң жас лейтенант алғашқы қызметін Арал қаласында бастады. Онда радиолокациялық ротаның байланыс взводын басқарды.
Содан бері арада 25 жыл өтті. Ширек ғасыр уақыт бойы Ермек Жұбатқанов ҚР Қарулы Күштерінің қатарында қызмет етіп келеді. Осы жылдар ішінде түрлі гарнизондарда қызмет атқарды, бірақ оның басты міндеті еш өзгерген жоқ. Ол – еліміздің әуе кеңістігін қорғау. Бүгінде подполковник Е.Жұбатқанов Қазақстан Әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінде маңызды орын алатын радиотехникалық батальонға жетекшілік етеді.
– Әуе қорғанысы қызметкерінің басты міндеті – қандай жағдайда да елге төнетін қауіпті дер кезінде анықтап, тиісті шара қолдану. Халық күнделікті тіршілігін жалғастырып жатқанда, мен басқаратын бөлімшенің сарбаздары өз міндеттерін мүлтіксіз атқарып, тәулік бойы кезекшілікте тұрады, – дейді Е.Жұбатқанов.
Командир ретінде Ермек Жұбатқанов батальон жұмысын жүйелі, тәртіпті және үлгілі етуге күш салды. Қарамағындағыларға талапшыл бола тұрып, әрқайсысына қолдау білдіреді. Оның іскерлігі мен жауынгерлік қабілеті жоғары бағаланып, былтыр «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Бұл марапат – оның адалдығының, кәсіби шеберлігінің және Отанға деген сүйіспеншілігінің дәлелі.
Ермек Жұбатқанов әлі де ел қорғанысын нығайту жолында еңбек етуде. Ол балаларына да өз бойындағы патриоттық сезім мен отаншылдықты дарытып келеді. Себебі нағыз ерлік – ұрпақтар сабақтастығында. Майдангер аталарының ерлігі мен рухы Ермектің өмір жолын айқындап берсе, енді өзі сол жолды жаңа буынға мирас етіп қалдыруда.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ