
Іссапар аясында Әскер Құрманғалиұлы Қорғаныс министрлігінің құрылымдық бөлімшелерінің өкілдерімен бірге Тараз гарнизонының әскери бөлімдеріндегі әскери қызметшілермен бірнеше кездесу өткізді. Бұл басқосуларда әскери қызметтің маңызды мәселелері мен әлеуметтік қамтамасыз ету жайы талқыланды.
Қорғаныс министрлігінің делегациясы Қарулы Күштердің ардагерлерін де назардан тыс қалдырмады. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментте ардагер сарбаздармен кездесті. Онда Қорғаныс министрлігі Зейнетақымен қамсыздандыру орталығының бастығы, полковник Алмас Қораласов сөз сөйлеп, ардагерлердің Қазақстан армиясындағы орны ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, ардагерлердің тәжірибесі мен білімі, өмірлік ақыл-кеңесі қашан да қажет. Сол себепті Қорғаныс министрлігі ардагерлермен тұрақты байланыста болуды жалғастырып келеді.
Кездесу барысында зейнетақы жүйесін жетілдіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды. Полковник Алмас Қораласов әскери қызметшілерді зейнетақымен қамтамасыз етуге қатысты заңнамаға енгізіліп жатқан өзгерістер туралы айтып берді.
– Жаңа өзгерістерге сәйкес, келісімшарт мерзімінің аяқталуына байланысты әскери қызметтен босатылған, жалпы еңбек өтілі 25 жылдан кем емес әскери қызметшілерге еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы тағайындау құқығы беріледі. Сонымен қатар 1998 жылдың 1 қаңтарынан кейін алғаш рет әскери қызметке келген және 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін зейнетке шыққан азаматтарға жұмыстан босатылған күннен бастап зейнетақы мөлшерін индекстеу қарастырылып отыр, – деп түсіндірді А.Қораласов.
Сондай-ақ ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы жұмыс тобы базалық зейнетақыны қайтару мәселесін қарастырып жатыр екен. Бұл мәселе бойынша шешім шыққан соң ардагерлерге толық ақпарат берілетіні айтылды.
– Қорғаныс министрлігі әскердің жауынгерлік дайындығы мен күнделікті мәселелеріне баса мән бере отырып, зейнеттегі ардагерлерді де ұмытпайды. Ардагер жауынгерлеріміздің ел қорғанысын нығайтуға қосқан үлесі зор. Олар – жас әскери қызметшілер үшін үлгі-өнеге, – деді А.Қораласов.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ