Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сарбаздарды темірдей тәртіпке баулыған Шадияр

Сарбаздарды темірдей тәртіпке баулыған Шадияр
Автор
Жас сарбаздарды дұрыс бағытта тәрбиелеу, әскери өмірге бейімдеу және олардың бойында Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімді қалыптастыру – үлкен жауапкершілік жүктейтін жұмыс. Әрбір сарбаздың әскери қызметке бой үйретіп, өз міндеттерін дұрыс атқаруы – старшинаның біліктілігі мен адамгершілігіне тікелей байланысты. Бір сөзбен айтқанда, старшина – бөлімдегі тәртіп пен ұйымшылдықтың негізін қалайтын тұлға. Олар сарбаздардың күнделікті өмірін реттеп, қызметтік талаптарды түсіндіріп, қиындық туындағанда бірінші болып көмекке келеді.

Әскерде жас жауынгерлердің қамқоршысына айнала білген жанның бірі – 3-сыныпты сержант, 5513 әскери бөлімі, 1-жедел мақсаттағы ротаның старшинасы Шадияр Имашев.

Кейіпкеріміз Отан алдындағы борышын 2000-2002 жылдар аралығында 6654 әскери бөлімінде өтеген. Әскерден кейін туған жері Талас ауданындағы Сәду Шәкіров ауылына қайта оралып, біраз уақыт түрлі қызметтерде бағын сынап көреді. Бірде әскерде бірге болған жақын досы Берік Нышанов жолығып, 5513 әскери бөліміне қызметкерлер қажет болып жатқанын айтады. Осылайша досының ықпалымен 2006 жылы 5513 әскери бөлімі құрамындағы атқыштар батальонына айдауылдаушы болып жұмысқа қабылданады.

– Айдауылдаушы болып қызмет етіп жүрген жылдары сотталған азаматтарды түзету мекемелеріне жеткізуге жауапты болдым. Бір жыл ғана қызмет етсем де өз міндетімді атқару барысында қателікке жол бермеуге тырыстым. Айдауылдаушы болып 2006-2007 жылдары еңбек етіп, 2007 жылдың желтоқсан айында 1-жедел мақсаттағы рота старшинасы болып тағайындалдым. Содан бері 5513 әскери бөлімінде табан аудармай 18 жылдан бері еңбек етіп келемін, – деген Шадияр Мәденәліұлы күнделікті жұмысымен таныстырды.

Старшинаның жұмысы таңертең сарбаздарды ұйқыдан оятудан басталады. Таңертеңгі тазалық жайын бағамдап болғаннан кейін жас жауынгерлерді таңғы асқа алып барады. Мұнан кейін сарбаздардың түр-келбетін, киімдерін тексеріп, сабаққа жібереді. Жауынгерлер әскери білім алып келген соң жаңа тәуліктік жоспарды жасауға кірісіп, нұсқаулықтар жүргізеді. Сол секілді старшиналар рота кезекшілері ауысатын кезде қару сақталған бөлімге бірге кіріп, сарбаздардың кезекшілігін қабылдап-тапсыруына да қатысады.

«Əскерде болған адам циркте күлмейді» деген əзіл-шыны аралас сөз бар. Шындыққа жақын. Өйткені онда неше түрлі адам жиналады. Ал адам көп жер əзілсіз болмайтыны белгілі. Мұндай қызықты оқиғалар Шадиярдың да басынан аз өтпеген.

– Әскерге жаңадан келген сарбаздарға алдымен «Мұнда не үшін келдіңдер?» деп сұраймыз. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған жігіттер əртүрлі жауап береді. Бірі «Отан алдындағы борышымды өтеуге келдім» десе, келесісі «əскери билет үшін» келгенін айтады. Бірде Шығыс Қазақстаннан келген бір жігіттен «Сен не үшін келдің əскерге?» деп сұрадық. Сауалымызға жас сарбаз «Тірліктеріммен!» деп жауап беріп, күлкіден түйіліп қалғанымыз бар. Кейде жауынгерлерге асханада тұрып «Бəрің де қазақтың мықты жерінен келіпсіңдер. Сол үшін осы тұрған бəріңе менің атымнан түскі ас» деп қалжыңдап жатамыз. Мұндай орынды әзілдер сарбаздар өздерін еркін сезінуі үшін керек. Жас жауынгерлерді інімдей, қажет десеңіз ұлымдай көрген соң болар, еліміздің қай шетінен болса әскери бөлімде болған сарбаздар жолығып қалып, «Мен сіз еңбек еткен әскери бөлімде Отан алдындағы борышымды өтеген едім» деп танып, құшақтап, амандасып жатады. Мәселен өткен жылы Алматыда өзім әскерде бірге болған достарыммен бас қосып отырсам, бір жігіт келіп амандасты. Бір дегенде «ауылдың баласы болар» деп ойладым. Сөйтсем біздің әскери бөлімде 2009 жылы азаматтық міндетін өтеген екен. Аңтарылған түріме қарап «Сонымен таныдыңыз ба?» дейді күлімсіреп. Бет-әлпетін танып тұрғаныммен, аты-жөнін есіме түсіре алмай әбден қиналдым. Сонда да «Әрине таныдым, сен әлгі жігіт емессің бе, өзің қалайсың?» деп хал-жағдайын сұрадым. Әлгі жігіт «есіңізде бар екенмін ғой» деп қуанып қалды. Арада қанша уақыт өтсе де танып тұрғанына мен де мәз болдым. Біраз әңгімелесіп, өткенді еске алдық. Жалпы Шымкентте, Қызылордада, Көкшетауда болсам да, барлығында міндетті түрде бір сарбаз танып жатады. Бірде старшиналардың жиынына қатысу үшін Петропавлға бара жатқанбыз. Жолай Көкшетауға аялдадық. Сол қалада жүріп фамилясы Арыстан деген сарбазбен кездесіп қалдым. Ұяңдау, момын әжесінің қолында өскен сондай бір тәрбиелі жігіт еді. Әскерде жүргенде өзіме жақын тартып, қасыма шақырып, жұмысқа баулыдым. Қазір мектепте жұмыс істейді екен. Менен Пертопавлға аттанатын билет уақытын бәрін сұрап қалған. Жүретін уақытта арнайы келіп, шығарып салған еді, – дейді Ш.Имашев, – дейді Ш.Имашев.

Шадияр Мәденәліұлының айтуынша, сарбаздардың әскерге бейімделуіне 40 күннен астам уақыт кетеді екен. Осы уақыт ішінде олар тәртіпке бой үйретіп, рұқсатпен жүріп-тұру қажеттігін түсініп, командалық ортада әрекет ете бастайды.

Алғашқы күндері сарбаздардың бәрі біразға дейін әскери қызметкерлермен «аға», кейде «братан» деп сөйлесіп жүретін көрінеді.

– Мен жұмысқа орналасқан жылдары бір капитан болды. Сарбаздар оны «капитан аға» дейтін. Керек десеңіз өзім де жауынгерлермен қосылып «капитан аға» деп атап кететінмін. Ол кісі «Сіз әскери адамсыз ғой, неге аға дейсіз?» деп күлетін. Бірақ ол кезде біз үшін әрбір офицер үлкен тұлға, үлгі болатын адам еді. Содан ба «аға» деп біразға дейін шатасып жүріп, кейін үйрендім. Қазір өзіміз де сарбаздарға үлгі-өнеге көрсететін адамға айналдық.  Негізі сарбаздар алғашқы күндері қиналғанымен, көп ұзамай-ақ жаңа ортаға бейімделіп кетеді. Әсіресе бір-біріне көмектесу, ортақ жауапкершілік сезімі ояна бастайды. Қатардағы жауынгерлер бір-біріне тірек болады. Біреу әлсіз болса, басқасы сүйеніш болады. Осылайша армия тек тәртіп емес, бірлік пен бауырмалдықтың ордасына айналады, – дейді кейіпкеріміз.

Әскери қызметкердің айтуынша, егер жігіттер әскер жайлы біліп, дайындалып келсе, күн тәртібіне үйрену қиынға соқпайды. Шадияр өзі де кезінде әскерге алдын-ала дайындалып аттанған. Отан алдындағы борышын сәл кештеу өтеген кейіпкерімізге әскерге бұрын барған сыныптасы «Армияда мұндай көп ет бермейді, қазірден тоя жеп алып, дайын жүр! – деп әзіл-қалдың аралас ақылын айтқан екен. Әр жігіт әскерге осылай моральдық тұрғыда дайындалып келсе армияға келген соң, өз бетіммен емес, бір жүйенің ішінде өмір сүретін ұғынады. Жеке бастың еркіндігі уақытша шектелетінін түсінедіү Сол шектеу арқылы адам тәртіпке, сабырлыққа, шыдамдылыққа үйренеді.

– Сарбаздардың арасында мінезі әрқалай, түрлі ортадан шыққан жастар болады. Бірі қала баласы, бірі ауылдан келген. Әрқайсысы – бір үйдің еркесі. Кейбірі ұжымдасып, тәртіппен өмір сүруді өмірінде бірінші рет сезініп тұр. Сондықтан да сарбазды қалыптастыру – оңай емес. Оларға тек бұйрық беру жеткіліксіз, әрқайсысына жеке-жеке ықпал ету қажет. Әр сарбаздың мінезіне сай амал табу керек. Біреуіне қатты сөйлесең, көңіліне әсер етеді, біреуі мүлдем ортаға сіңе алмайтын тұйық болады. Сондықтан сөзімізді, әрекетімізді де ұштастырып, тәрбиелік мәні бар істерге сүйенеміз. Жаттығу кезінде әлсіздік танытқан сарбазға жақындап: «Сен мықтысың, өзіңе сен!» деп, иығынан қағып, оның рухын көтереміз. Кейде сарбаздың көңіл күйі түсіп жүрсе «Мына сарбазға назар аударып қойыңыз» деп рота командиріне ескертіп қоямыз. Сондай кезде оны ротаның тәрбие ісі жөніндегі офицері арнайы шақырып, әңгімелесіп, қандай мәселе мазалағанын біледі. Көңіл күйіне қарап отырып, қажет жағдайда өзім де «Неге мазаң жоқ. Қандай мәселе алаңдатқан? Үйде бәрі жақсы ма?» деп көңіліп аулап отырамын. Көбінесе ашық сөйлескеннен кейін бәрі орнына келеді. Әскерде мүмкіндігінше әр сарбазға жеке көңіл бөлу маңызды. Бірі анасын, бірі әкесін сағынып жүруі мүмкін. Сондықтан әр сарбазбен тілдесуге тырысамыз. Кейбір сарбаздың отбасындағы жағдай қиын болуы мүмкін, оған да дайын болу керек. Осындайда әскери ұжым оның екінші отбасы болып кетеді. Жақсы сарбаз командиріне сеніп, ішкі жан сырын бөлісе алады. Бұл – сарбазбен жұмыс істейтін адамның үлкен жауапкершілігі, – дейді сержант.

Сөз арасында кейіпкеріміз өзі Отан алдындағы борышын өтеп жүргенде отбасымен екі жылда тек екі рет қана хат алғанын айтып қалды. Ал қазіргі сарбаздар аптасына бірнеше рет жақындарымен ұялы байланыс арқылы, тіпті бейнеқоңыраумен де сөйлесе алады. Старшинаның сөзіне сүйенсек, отбасымен байланыс сарбаздардың психологиялық тұрақтылығына оң әсер етеді. Үйдегілерінің дауысы, амандығы – сарбаз үшін үлкен күш, алға жетелейтін үміт.

Әскери бөлімде демалыс күндері түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Футбол, волейбол, арқан тарту, әскери-қолданбалы спорт түрлері бойынша жарыс өтеді. Сонымен қатар сарбаздарды тарихи орындарға апару, деректі фильмдер көрсету, әңгіме-сұхбат кештерін ұйымдастыру да жоспарға кіреді. Бұл – олардың рухани әрі патриоттық тұрғыда дамуына көмектеседі. Әскери өмір тек қатаң тәртіп емес, рухани шыңдалу, Отанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу екендігін де түсіндіреді. Бұл жұмыстарды әдетте тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі қызметкерлер атқарады.

– Кейде жолда келе жатып сарбаздармен әңгімелесіп, бір-бірімізге естеліктер айтамыз. Жауынгерлер «Сізбен бірге болу – өмірдегі ең жақсы сәттердің бірі болды» деп, көз жасын тыя алмай қоштасып жатады. Әр алты ай сайын бұл қайталанады. Бірақ әр жолы қимастық сезімі болады. Кейбірі келіп құшақтап, рақмет айтып, естелікке суретке түседі. Сол кезде жүрек елжірейді. Сарбаздардың бірі ағасындай, бірі әкесіндей көреді. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе. Ондай сәттерде «бәлкім мен біреудің тағдырына оң ықпал еттім» деген ой жылулық сыйлайды. Қызметім өзіме ұнайды. Жүрекпен істелетін жұмыс белгілі бір нәтижеге жеткізеді. Зейнетке шыққан соң да, бұл күндерді сағынышпен еске алатыныма сенімдімін, – дейді Ш.Мәденәліұлы.

5513 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары, подполковник Бауыржан Қансеитовтің те еңбегі адал маманның қызметін жоғары бағалайды.

– Старшина Шадияр Имашев жас сарбаздар үшін бірінші кезекте тәлімгер, әскери қызметтің қыр-сырын меңгертетін ұстаз. Оның әрбір іс-қимылы, сөз саптауы, талап қою тәсілі сарбаздың тұлға ретінде қалыптасуына әсер етеді. Тек қана бұйрық беріп қана қоймай, сол бұйрықтың мәнін, маңызын ұғындыру – нағыз шеберліктің белгісі. Шадияр Мәденәліұлы осындай шеберлігімен көзге түсен әскери қызметкер. Ол сарбаздардың психологиясын терең түсінеді, әрқайсысымен жеке жұмыс жүргізіп, олардың ішкі сенімін арттыруға ықпал етеді. Қиындықтар туындаған сәттерде сабырмен бағыт беріп, босаңсымауды, жауапкершілікті жадыдан шығармауды үйретеді. Бұл – тек тәжірибелі, өз ісіне шын берілген әскери қызметшінің қолынан келетін іс. Шадиярдың еңбегі жас сарбаздардың бойында тәртіпке бағыну, ұйымшылдық пен Отан алдындағы адалдық сезімдерін қалыптастыруда айрықша рөл атқарады. Осындай мамандардың арқасында еліміздің армиясы сапалы кадрлармен толыға түседі, – дейді Б.Қансейітов.

Он сегіз жылдан астам уақыт сарбаздарды әскери өмірге баулыған сержанттың марапаттары аз емес. Еңбегі лайықты бағаланды. Бірақ өзі үшін ең үлкен марапат – сарбаздың алғысы. Сарбаздардың есінде қалып, олардың жылдар өткен соң да танып, алғыс айтуы – бұл ең үлкен жетістік екені сөзсіз.

Кейіпкеріміз отбасында да абыройлы, Айым мен Еркеназ атты екі қызы бар.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар