Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бірлік барда бағынбайтын белес жоқ

Бірлік барда бағынбайтын белес жоқ
А.Рысмахан
Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев облыста жұмыс сапарымен болып, әртүрлі сала өкілдерімен кездесті. Басқосулар барысында ел өміріндегі өзекті мәселелер мен қоғам дамуының басты бағыттары кеңінен талқыланды. Осы мақсаттағы алғашқы жиын Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында мәдениет, денсаулық сақтау, спорт саласы қызметкерлерінің қатысуымен өтті.

Жиынды ашқан облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында көтерген бастамаларын өңір жұртшылығына кеңінен түсіндіру кездесудің басты мақсаты екенін атап өтті.

– Мәдениет пен идеология саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Алайда әлі де жүйелі жүзеге асырылатын жобалар мен түйінді мәселелер бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, өткен жылы Жамбыл жұртшылығы облыстың құрылғанына 85 жыл толуын жоғары деңгейде атап өтті. Бұл – ұрпақ санасында туған өлке тарихына деген құрмет пен сүйіспеншілікті қалыптастырудың көрінісі. Көне заманнан тамыр тартатын тарихи мұрамызды түгендеп, оны келер буынға жеткізу – басты міндетіміз, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Аймақ басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың Жамбыл облысында туризм саласын дамытуға ерекше мән беріп отырғанын жеткізді.

Былтыр облысқа келген туристер саны 27 пайызға артыпты. Бүгінгі таңда 18 туристік бизнес субъектісіне мемлекеттік қолдау көрсетілуде. Сондай-ақ 40 негізгі нысанды қамтитын 10 жаңа туристік бағыт әзірленіп, 3 туристік нысанға апаратын жол және 2 нысанға газ құбырын тарту жоспарланып отыр екен. Салада жалпы құны 17,6 миллиард теңгені құрайтын 25 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жобалар жүзеге асырылса, 350 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жалпы биыл облыста туризм саласын дамыту бағытында 10 ауқымды іс-шара өтеді деп күтілуде.

Облыс әкімі Мемлекет басшысының ұлт денсаулығына қатысты көтерген мәселелеріне де кеңінен тоқталды.

– Президент Ұлттық құрылтайда денсаулық сақтау саласына инвестиция тартудың маңыздылығын баса айтты. Өткен жылы облыста 22 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді, тағы бір нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар 18 заманауи диагностикалық техника мен 38 санитарлық автокөлік сатып алынды. Биыл 4 жаңа медициналық нысанды ел игілігіне беру және 6 нысанды күрделі жөндеуден өткізу көзделіп отыр, – деді Ербол Қарашөкеев.

Сондай-ақ аймақ басшысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында «Шөлдала» тұрғын алқабында 1, Қордай ауданында 2 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілетінін жеткізді. Бұл жоба балалардың сапалы білім алуына жол ашып, үш ауысымды және апатты мектептер проблемасын шешуге бағытталған.

Жиында сөз алған ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда көтерген бастамаларына кеңірек тоқталды.

– Әулиеата өңірінде тек өнеркәсіп, өндіріс қана емес, мәдениет пен денсаулық сақтау салаларында көптеген жаңалықтар бар. Мұның бәрі – Ұлттық құрылтайда Президент айтқан «Қуатты аймақ – қуатты ел» ұлттық тұжырымдамасына сай келеді. Алдымызда тәуелсіздігіміздің 40 жылдығын атап өту межесі тұр. Біз осынау күнді атап өте отырып, мемлекетіміздің Мәңгілік ел болу жолында аянбай еңбек етуіміз керек. Өйткені ең маңызды мәселе – мемлекетімізді сақтап қалу, – деді Мәлік Нұржанұлы.

Кездесу барысында сөз алған Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының актері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Асқарбек Сейілхан мәдениет саласындағы жағымды жаңалықтармен бөлісті. Биыл 90 жылдығы аталып өтілетін өнер ордасының жетістіктерін баяндап, театрға академиялық мәртебе беру туралы ұсынысын жеткізді.

Ал «Айша бибі» шипажайының бас дәрігері Райқұл Нұржанов Мемлекет басшысы көтерген лудомания, нашақорлық, агрессия, вандализм сынды әлеуметтік індеттердің қоғамға қауіп төндіретінін айтып, бұл мәселелермен күреске тек заңмен емес, қоғамның рухани иммунитетін күшейту арқылы қарсы тұру қажет екенін жеткізді.

Басқосуда сөз алған М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 4-курс студенті Құттыбек Нұрғалиұлы 2026 жылды «Мәдениет жылы» деп жариялауды ұсынды.

Жиын соңында Мәлік Отарбаев Жамбыл жұртшылығына алғысын білдіріп, Мемлекет басшысының саясатын жүзеге асыру жолында елге аянбай қызмет ету баршамыздың ортақ міндетіміз екенін атап өтті.

* * *

Мұнан кейін Мәлік Нұржанұлы Ы.Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінде облыс имамдарымен кездесті. Басқосуды облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов ашып, жүргізіп отырды.

Кездесуде сөз алған Тараз қалалық «Әулиеата» мешітінің бас имамы Ержан Аманбаев руханият пен діннің қоғамдағы орны туралы орамды ойларын ортаға салды. Ал облыстық дін проблемаларын зерттеу орталығының инспекторы, дінтанушы Бақтияр Алпысбаев ел Президентінің дін мәселесіне үнемі назар аударып отырғанына тоқталып, мемлекетімізде түрлі діни ұстанымға шектеу жоқ екенін тілге тиек етті.

Жиынды Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев қорытындылап, биыл Ұлттық құрылтайда айтылған негізгі бағыттар мен өзекті мәселелерге тоқталды.

– Өздеріңіз жақсы білетіндей, былтыр өткен құрылтайда да қоғамды мазалап жүрген ең өзекті мәселелер көтерілді. 53 бағыттан тұратын арнайы Жарғы бекітілді. Президент сол құжатқа қол қойды. Президент дін мәселесі туралы үнемі айтады. Дін – елді біріктіруші, ізгі бағытқа ұйыстырушы күш. Егер дін халықты ізгілік пен ынтымақ жолына біріктіре алмаса, онда діннің өзі мәселеге айналады. Діннің нәзік тұсы бар. Біз зайырлы мемлекетпіз. Бірақ зайырлы деген ұғымның ауқымы өте кең. Біздің мемлекет әр көзқарасқа құрметпен қарайтын дінді қолдайды. Дін саясатына жеңіл қарауға болмайды. Діннің негізгі қағидатының бірі – әділдік. Оны сіздер жақсы білесіздер. Дін ұстанымында қазақ болмысы көрінуі керек. Біз халықтың тәрбиесі мен мәдениетін көтеруіміз қажет. Ар-ұятымыз, қанағат пен ізгілік басты ұстанымымыз болуы тиіс. Дін – өмір. Біздің ұлттық әдебиетімізде ұлағатты сөздер көп айтылады. Имамдар ұлт руханиятының дамуына өлшеусіз үлес қосып жүр. Былтырғы бірнеше облыста болған су тасқыны кезінде де, Арыс пен Байзақ ауданындағы жарылыс кезінде де сіздердің қолдау сөздеріңіз, сабырға шақырған насихаттарыңыз елге демеу берді. Сондықтан сіздерге үлкен алғыс айтамын, – деді Мәлік Нұржанұлы.

* * *

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың облысқа жұмыс сапарының екінші күні М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің оқытушылар құрамымен және студеттерімен кездесуден басталды.

Кездесуде алғаш сөз алған филология ғылымдарының докторы, профессор Сәмен Құлбарақ Президент реформаларының аясында елімізде бірқатар оң өзгерістер орын алғанын сөз етті. Сондай-ақ ғалым Ұлттық құрылтайда көтерілген қоғамдық әдепті қалыптастыру, теріс діни ағымдардың спорт саласында да кеңінен етек жаюуы, жасөспірімдер арасындағы әлімжеттік мәселесіне тоқталды.

Бұдан кейін М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің ғылым және цифрландыру жөніндегі проректоры Сейітжан Орынбаев оқу ордасында жүзеге асырылып жатқан жобалар жайын тілге тиек етті.

– Бүгінде орындалатын жобалардың жалпы сомасы 1 миллиард 954 миллион теңгені құрайды. Бұл университеттің жылдық табысының шамамен 50 пайызына тең. 2022 жылғы Мемлекет басшысының шетелдік беделді жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жөніндегі тапсырмасы аясында 2024 жылы Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің филиалы ашылды. Қазіргі таңда филиалда 23 студент білім алуда. 2024 жылы еліміздегі жоғары оқу орындарының арасында біздің университет үшінші болып жаңғыртылған деректерді өңдеу орталығын ашты. Бұл орталықта қолданушыларға деректерді сақтау мен өңдеу қызметтерімен қатар, жоғары деңгейде ақпараттық қауіпсіздік те қамтамасыз етілген. Сондай-ақ өткен жылы «Huawei Technologies Kazakhstan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен бірлесе отырып «Huawei» академиясы ашылды. Академия аясында университет студенттері мен оқытушылары «Huawei» өнімдеріне тегін қол жеткізе алды. 2025 жылдың наурыз айында университетте мультимедиялық интерактивті студия жұмысын бастады. Бұл студияның оқу үдерісі мен ғылыми зерттеу жұмыстарын жаңа сатыға көтеруде маңызы зор. Жалпы алғанда, 2024 жылы Дулати университетінің ғылыми-зерттеу қызметі ғылым мен инновация саласында айтарлықтай ілгеріледі. Бұл университеттің аймақтағы және республикадағы жоғары оқу орындары арасындағы рөлін нығайта түсті. Университеттің жетістіктері – елімізде соңғы жылдары жасалып жатқан ауқымды өзгерістердің, Мемлекет басшысының саяси бағыты мен халықтың ынтымағының нәтижесі. Бұл – адал еңбек пен бірліктің жемісі. Сондықтан баршаңызды ел болашағы жолында белсенді болуға, Мемлекет басшысы ұсынған бастамаларды қолдауға және нақты істермен үлес қосуға шақырамын, – деді С.Орынбаев.

Жиында мемлекеттік идеология мен адами құндылықтар жайын тілге тиек еткен Мәлік Нұржанұлы жастардың азаматтық ұстанымын қалыптастыру бағытында да келелі ой қозғады.

– Тарихы тереңнен тамыр тартқан Тараздай көне шаһарда дүниеге келу, осы жерде өмір сүру, халыққа қызмет ету, қаланың қайта түлеуіне, дамуына үлес қосу – үлкен бақыт. Сондықтан да мен осындағы барлық жастарды бақытты деп есептеймін. Сіздер бүгінде еліміздегі беделді оқу орындарының бірі – М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде білім алып жатырсыздар. Бұл сіздерге үлкен жауапкершілік жүктейді. Өйткені жастар сапалы білім алу арқылы тек өз болашақтарын ғана емес, тұтас елдің келешегін қалыптастырады. Мемлекет басшысы ұсынған саяси бағдардың негізгі өзегі – адал қоғам құру. Ал осындай қоғамның іргетасы болу тек адал азаматтың ғана қолынан келеді. Жақсы маман болу маңызды, алайда ел болашағы үшін жақсы адам, парасатты тұлға болу одан да маңызды. Себебі сапалы маман бола тұра адамгершілік қасиет жетіспесе, онда оның түбі баянсыз болады. Ал адамдықтың шығар биігі жоғары. Бірақ кәсіби тұрғыда ол әлсіз болса, оның үлкен нәтижеге қол жеткізуі екіталай, – деді М.Отарбаев.

Бұдан кейін Президент кеңесшісі «Ұлы дала» ықшамауданындағы «Жайлы мектеп» жобасы аясында пайдалануға берілген №67 мектепке барып, білім саласының өкілдерімен кездесті.

Жиынды ашып, жүргізген облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда білім саласына қатысты маңызды мәселелерді көтергеніне тоқталып, осы бағытта өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстармен қысқаша таныстырды. Сондай-ақ «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында бірқатар іс-шара жүзеге асырылғанын атап өтті.

– «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облысымызда салынған 4 мектептің бірі – осы №67 мектеп. Білім ордасында 747 оқушы білім алып, 43 педагог еңбек етуде. Сапалық құрам 55 пайызды құрайды. Президент тапсырмасы бойынша білім мен тәрбиені қатар дамыту – маңызды міндет. Осыған орай «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» енгізіліп, оның үш тағаны мен алты негізгі бағыты аясында әлеуметтік жобалар жүзеге асырыла бастады, – деген №67 мектептің директоры Мұрат Тұрысбек кәсіптік білім беру, білім саласын цифрландыру, білім беру мазмұнын жаңғырту, заманауи цифрлық ресурстармен қамтамасыз ету жайында да ой тербеді.

Бұдан кейін №7 Бетқайнар колледжінің директоры Гүлнар Әлімбаева сөз сөйлеп, Мемлекет басшысының бастамаларын қолдап, оқу ордасында жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру бағытында жүзеге асып жатқан шаруаларды тәптіштеді. Ұстаздармен болған кездесуде Мәлік Отарбаев мұғалімдердің сараптамалық деңгейінің төмендеуіне алаңдаушылық білдіріп, оның себебін газет-журналдың оқылмауымен байланыстырды. Ол педагогтарды баспасөзге жазылып қана қоймай, оны оқуға, ақпаратты саралап, қоғамдық мәдениетті көтеруге мән беруге шақырды. Сондай-ақ Ұлттық құрылтайда айтылғандай, ел дамуы үшін цифрландыру, энергетика, көлік, ауылшаруашылығы және адам капиталын дамыту негізгі бағыт екенін атап өтті.

* * *

«Достық» үйінде облысқа жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың қатысуымен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңейтілген кеңесінің отырысы өтті. Басқосуды жүргізген облыс әкімі Ербол Қарашөкеев бірлігіміздің бастауы болған Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына биыл 30 жыл екенін айта келе, осы аралықта бірегей институт береке бірлігіміздің ұйытқысына айналып, елдегі татулық пен тұрақтылықтың кепілі болып келе жатқанын тілге тиек етті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Ассамблея – кейбір адамдар айтып жүргендей, жасанды ұйым емес. Ассамблея – ел бірлігін іс жүзінде орнықтыра түсетін тиімді құрылым. Бүгінде бұл – конституциялық мәртебесі бар маңызды қоғамдық орган. Ассамблея өте ауқымды қайырымдылық шараларын дер кезінде және жедел ұйымдастырып келеді. Мұның бәрі көп жылдық жүйелі жұмыстың нәтижесі екені сөзсіз» деп атап өткен болатын. Біздің өңірдегі этносаралық үйлесім, әлеуметтік-экономикалық жетістіктер Ассамблея бастамаларының жүзеге асырылуының көрсеткіші. Бұл – біздің бірлігіміздің нәтижесі. Жалпы өңірде мәдениетаралық және этносаралық бірлікті нығайту бағытында қолға алынған іс-шаралар аз емес. Осы ретте биыл Қазақстан халқының бірлігі күніне орай 27 сәуір күні орталық алаңнан бастау алып, Төле би даңғылының бойымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағына дейін Ассамблеяның 30 жылдығына арналған «Бірлік жарысы» марафоны өтеді. Барлықтарыңызды осы іс шараға белсене атсалысуға шақырамын, – деді облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы.

Мұнан соң сөз алған Мәлік Нұржанұлы Қазақстан халқы Ассамблеясы елімізде саяси маңызға ие құрылым екенін, 30 жылдық мерейтой бізге өткенімізді саралап, жетістіктерімізді бағалауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Жиында «Әулие-Ата» қазақ мәдени орталығы төрағасының орынбасары Айгүл Қабиева, облыстық мәслихаттың депутаты, «Жомарт жан» орталығының төрағасы Жалил Аббосов сөз сөйлеп, атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Мұнан соң бірқатар тұлға «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 30 жыл» медалімен марапатталды.

* * *

Облысқа жұмыс сапары аясында Мәлік Отарбаев құқық қорғау саласының өкілдерімен де кездесті. Жиында көпшілікке Мемлекет басшысының биылғы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда айтқан сөздерінің басым бағыттары түсіндірілді.

Жиында алғашқы сөз кезегі ішкі істер органдары ардагерлер ұйымының төрағасы Тұрдалы Шералинге берілді. Қоғам өміріндегі заң мен тәртіптің алатын орнына баса тоқталған ол ел тұрақтылығының басты кепілі тәртіп пен әділет екенін атап өтті. Сонымен қатар мемлекеттік тіл мәселесіне де баса назар аударды. Басқосу барысында облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Байжан Байгелді осы жылдың бірнші тоқсанында облыс бойынша қандай қылмыс түрі өсіп, қайсысы төмендегенін баяндады. Өз кезегінде Мәлік Нұржанұлы кездесудің мәні Мемлекет басшысының саясатын, идеология бағытындағы негізгі қағидаттарды түсіндіру екенін тілге тиек етті.

– Құрылтай елдің мұң-мұқтажы ашық айтылып, қордаланған келелі түйткілдердің түйіні тарқатылатын, ел болашағы айқындалатын алаң. Президентіміз ұстанған бағыт – әділдік, сабақтастық және өрлеу. Бұл жаңа Қазақстанның негізгі бағыты болып есептеледі. Осы ұстаным әрбір қазақстандықтың басты қағидасы болуға тиіс. Сабақтастық ұғымы – халқымыздың тарихын терең түсініп, басынан өткерген қасіретті де нәубетті кезеңдерден сабақ алып, ел амандығын, бүгінгі жетістіктерін бағалау деген сөз. Бүгінде әлемде геосаяси жағдай ушығып тұр. Дамыған елдердің көпшілігі, атап айтқанда, Еуропа мен Америка арасындағы қатынас салқындаса, Америка мен Қытай арасындағы тарифтік текетірес біздің де экономикамызға тікелей әсер етуде. Осындай сын-қатерлер кезеңінде біз Президенттің қасынан табылып, мемлекетіміздің тұтастығы мен тәуелсіздігін сақтау үшін ішкі тұрақтылықты қамтамасыз етуіміз керек. Ел боламыз десек, әр азамат өз міндетіне жауапкершілікпен қарап, адал азамат болуы тиіс. Сонда ғана қоғамда әділеттілік салтанат құрады, – деп жиынды қорытындылаған Мәлік Нұржанұлы өзінің әкесі де полиция сержанты болып еңбек еткенін, олардың жұмысы қиын екенін, Мемлекет басшысы да полицияның табанды еңбегін бағалайтынын әңгімеледі.

Сөз соңында полиция қызметкерлерінің мемлекеттік саясатты жүзеге асыру жолындағы қажырлы еңбегіне табыс тіледі.

Айжан ӨЗБЕКОВА,
Мұқағали БАЛТАБАЕВ,
Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар