Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Tekturmas» төріңізден табылсын!

«Tekturmas» төріңізден табылсын!
Ю.Ким, А.Қартабай
Тасын түртсең тарихы сыр шертетін Тараз төрінде республикалық тарихи-танымдық, ғылыми, әдеби-мәдени «Tekturmas» журналы оқырманға жол тартты.

Жуырда ұлт тарихын, әдебиеті мен мәдениетін өрістетіп, ұлттың рухы тұнған тағылымын ұрпақ санасына сіңіруді көздеген журнал таныстырылып, тұсауы кесілді. Бағыты айқын, бағамы биік һәм кеше мен бүгінді жалғап тұрған басылымның ұрпаққа берері мол.

Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында өткен салтанатты жиынға облысқа арнайы іссапармен келген ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов пен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жиында сөз алған Серік Жақсылықұлы «Tekturmas» журналының бабалар аманатына адалдықтың, бүгінгі ұрпаққа бағыт-бағдар беретін парасат мінберінің бірі боларына сенім білдірді.

– Журналдың мақсаты – ұлт тарихын, әдебиеті мен мәдениетін, ұлттық болмыс пен заманауи ой-толғамдарды ұрпақ санасына сіңіру. «Tekturmas» журналы – Жамбыл өңірінің рухани тынысын кеңейтіп, ел ішіндегі дарынды қаламгерлерге, жас зерттеушілер мен өнер иелеріне жаңа мүмкіндіктер ашатын алаң. Аймақтың тарихи-мәдени келбетін кең көлемде насихаттау арқылы журнал өскелең ұрпақтың туған жерге деген сүйіспеншілігін, ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттырады. Сонымен қатар бұл басылым – жастар мен зиялы қауым арасындағы байланысты нығайтып, бүгінгі рухани сұраныс пен тарихи сабақтастықты жалғайтын алтын көпірге айналмақ. Сондықтан «Tekturmas» – бір өңірдің ғана емес, барша қазақ руханиятының ортақ мұрасы, – деді Серік Жақсылықұлы.

Ал «Aulieata-media» жауапкершілігі серіктестігінің серіктестігінің Бас директоры Данияр Асқарұлы «Tekturmas» журналының бағыт-бағдары мен басты басымдықтарын атап өтті.

– «Кемені қалай атасаң, солай жүзеді» деген. Қалың оқырманға жол тартқан жаңа журналдың «Tekturmas» атын алуы да тегін емес. Ағыны да, арыны да қатты Талас өзенінің сағасында, Ұлы Жібек жолының бойында менмұндалап тұрған тарихи жәдігер – өткеннен өнеге іздеген өскелең ұрпаққа таптырмас темірқазық. Дәл сол секілді кешегісіне қайырылып, бүгінгісін бағамдап, сол арқылы болашағын барлай білген қоғам үшін бұл журналдың маңызы орасан зор деп білеміз. Оқырман аудиториясы кең, барлық бағытты қамтыған төл басылымның жарыққа шығуын аса зор ықыласпен қабылдап, қоғамдық-саяси маңызын терең түсініп, еліміздің түпкір-түпкірінен ақжарма лебізін жолдап жатқан зиялы қауымның қатары қалың. Бұл – өз кезегінде біздің «Aulieata-media» серіктестігіне үлкен сенім жүгін жүктейді, – деді Данияр Асқарұлы.

Келесі кезекте Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Пернебай Дүйсенбин мен «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, драматург Елен Әлімжан ұтымды ұсыныстарын ортаға салып, оқырман қауымды жаңа басылымның жарық көруімен құттықтады.

Сонымен қатар іс-шара барысында «Tekturmas» журналы туралы арнайы бейнеролик көрсетілді.

Рухани басқосудың соңында жаңа журналдың тұсауын салтанатты түрде Мәлік Нұржанұлы мен Елен Әлімжан және жазушы Пернебай Дүйсенбин кесті.

Мұнан кейін алқалы жиынға арнайы келген ақсақалдар ақ батасын беріп, серіктестік ұжымына ақжарма тілектерін арнады.

Тұсаукесер рәсімінен соң Мәлік Нұржанұлы жамбылдықтарға Мемлекет басшысының арнайы сәлемін жеткізді.

– Талай тарихтың куәсі болған Тараз жеріне арнайы ат басын бұрып, осынау қасиетті де киелі мекенге жұмыс сапарымен келіп отырып, ел Президентінің арнайы сәлемін жеткізгім келеді. Өздеріңізге белгілі, Бурабайда өткен Ұлттық Құрылтайдың төртінші отырысында Мемлекет басшысы ғылымға көңіл бөлу басым бағыттардың бірі болып қала беретінін жеткізді. Осы бағытта жастарды ғылымға бейімдеу мақсатында барлық деңгейдегі оқу орындарында ғылыми жобалар кең көлемде қаржыландырылып келеді. Мәселен, М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті 5 миллиард теңге көлемінде қаржылай қолдауға ие болып отыр. Бұл бұрын-соңды болмаған жағдай. Мұның бәрі де Президентіміздің Ұлттық құрылтайда айтқан «Қуатты аймақтар – қуатты ел» ұстанымы аясында жүзеге асуда, – деді Мәлік Нұржанұлы.

Айта кетейік, «Tekturmas» журналының бас редакторы болып белгілі  журналист Маржан Рақай тағайындалған болатын. Журнал айына бір мәрте оқырманға жол тартады.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар