Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тазалық сақтау – әркімнің жауапкершілігі

Тазалық сақтау – әркімнің жауапкершілігі
Автор
«Таза болса табиғат, аман болар адамзат» деген сөздің астарында үлкен мән бар. Қазақ халқы ерте кезден-ақ табиғатты құрметтеп, оны аялауды өмір салтына айналдырған. «Табиғат – ана» деген ұғым соның айғағы. Халқымыз үшін тазалық та тәрбие мен мәдениеттің басты көрсеткіші болып саналған.

Заман дамыған сайын кей жақсы әдеттердің ұмытылып бара жатқаны байқалады. Көшелерде темекі қалдығы, конвет, шоколад секілді түрлі тәттілердің орамасы мен судың босаған құтысы сияқты қоқыстар жиі көзге түседі. Кейде қоқыс жәшігі дәл қасында тұрса да, қалдықтар жерге тасталады. Бұл – тұрғындардың жауапкершілігінің жоқтығы ма, әлде мәдениеттің төмендігі ме?

Айта кетейік, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес, белгіленбеген жерге қоқыс тастаған азаматтарға 69 мың теңге көлемінде айыппұл салынады. Қайталанса, айыппұл көлемі екі еселенеді.

Тараз қаласының тазалығын қамтамасыз ету жұмыстарын «Жасыл Ел – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізеді. Мекеме мамандарының айтуынша, күн сайын 92 текше метр қоқыс шығарылады екен. Ал жылына бұл көлем 18 500 текше метрге жететін көрінеді.

Тараз қаласының тұрғыны Мейрамбек Сағыновтың пікірінше, тазалық ең алдымен әр азаматтың өзінен басталуы тиіс.

– Менің ойымша, тазалық әр адамның өзінен басталуы керек. Егер мен өзімді таза ұстап, қоқысымды тиісті жәшікке тастап отырсам, мұны мен қоғам алдындағы жауапкершілігім деп білемін. Өз басым қандай қалдық болсын, міндетті түрде қоқыс жәшігіне тастаймын. Тіпті кейде жәшік кездескенше қолымдағы құтыны да, басқаны да тастамаймын. Себебі мен өз қаламды жақсы көремін және оның әрдайым таза болғанын қалаймын. Қоғамдық орындардағы шашылған қалдықтар жеке адамдардың немқұрайдылығының белгісі деп ойлаймын. Сондықтан әр адам бұл іске жауапкершілікпен қарап, өз ортасына жанашырлық танытуы тиіс, – дейді қала тұрғыны Мейрамбек Сағынов.

Осы ретте «Жасыл Ел – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Айдын Бейсеков тұрғындарды белсенді болуға шақырады. Ол да тұрмыстық қатты қалдықтардың бейберекет шашылып жатуын мәдениетсіздік деп санайтынын айтады.

– Қала тұрғындарын Тараздың тазалығын сақтауға белсене атсалысуға шақырамын. Әсіресе әр апта сайын ұйымдастырылатын сенбіліктерге қатысып, азаматтық белсенділік танытса деймін. Қазір әр мекеме өз ауласын таза ұстауға барынша көңіл бөліп келеді. Бұл қуанарлық жайт. Ендігі міндет – тұрғын үйлердің аумағында, көшелер мен саябақтар бойында да тазалық қағидаттарын сақтау. Шаһарда өтетін тазалық жұмыстарына тұрғындар да бейжай қарамай, өз үлесін қосса екен, – дейді ол.

Дегенмен қалада қоқыс сұрыптау мәдениеті әлі қалыптаса қойған жоқ. Шаһардан шығарылған қалдықтар полигонға жеткізілгенімен, қайта өңделмейді. Бұл – уақыт өте шешімін табуы тиіс мәселе деп білеміз.

Нұрбақыт МҰСАТИЛЛАҰЛЫ,

Тараз қаласының тұрғыны

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар