Экоөнімдердің басқа тауарға қарағанда басты артықшылығы – олардың табиғатпен үйлесімділігі. Адам мұндай өнімді таңдаған сайын қоршаған ортаға да, өз денсаулығына да пайда әкеледі. Себебі әр адам экологияны қорғауда табиғатты аялай отырып, бойына өмір сүру мәдениетін сіңіріп, маңайында саналы көзқарас қалыптастырады.
Бүгінгі таңда сұлулық саласында экологиялық таза өнімдерге қол созған мамандардың қатары көбейіп келеді. Адамдар табиғи әрі таза өнімдердің пайдасын түсіне бастаған сайын кейбір мамандар да өз тәжірибесінде таза экологиялық тауарларды көбірек қолдануға көшуде. Тараз қаласындағы «Вeautiful» сән үйінің косметолог маманы Гүлнұр Серікқызы соңғы жылдары экологиялық өнімдерге толық көшкенін жеткізді. Маман экоөнімдерге басымдық беруінің себебін тұтынушылардың таза өнімдерге сұранысы артқанымен түсіндірді.
– Косметологияда пайдаланылатын әр өнімнің құрамына ерекше назар аудару керек. Бұрын нарықтағы көптеген тауарларда жануар майлары, жасанды иіс бергіштер мен түрлі консерванттар болатын. Ондай өнімдер терінің табиғи қабатын бұзады, тіпті кейде аллергия мен бөртпе тудырып қана қоймай, жануарлардың да шамадан тыс көп жойылуына алып келеді. Ал экоөнімдермен жұмыс істеу қауіпсіз әрі тері қабатына пайдалы болғандықтан таңдауымыз осы өнімдерге түсіп отыр. Олар тек өсімдік сығындыларынан, табиғи майлардан жасалады. Сол себепті адам терісіне де, қоршаған ортаға да зиян келтірмейді. Экологиялық косметиканың тиімділігіне көз жеткізу үшін тұрақтылық қажет. Мысалы, арган майы немесе карите майы теріні терең қоректендіріп, табиғи жылтырлық береді. Бірақ бір рет жағып, нәтижесін күтудің қажеті жоқ. Мұндай өнімдер біртіндеп әсер беріп, теріні табиғи қалыпқа келтіреді. Сонымен қатар экоөнімдердің әсері өзіміз ұзақ жылдан бері пайдаланып жүрген кремдер секілді уақытша емес, нәтижелі әрі зиянсыз. Сонымен қатар қазір сән әлемінде «вегандық косметика» деген түсінік пайда болды. Мұндай өнімдерде жануар майы қолданылмайды. Табиғи жаңа өнім сынақтан сәтті өтіп, теріге де жеңіл әсер ететіні анықталды. Әсіресе бет терісі майлануға бейім және сезімтал келетін қыз-келіншектерге осындай табиғи өнімдерді пайдалануға кеңес береміз. Сондай-ақ біз таза өнімдерді таңдау барысында жануар майы, консерват, сульфат пен ГМО-ның болмауын қадағалаймыз. Экоөнімдерге көшкелі бері сән үйіне келетін тұтынушыларымыздың қарасы көп, – дейді Гүнұр Серікқызы.
Косметологтың айтуынша, экотауарлардың тағы бір ерекше тұсы – иісі мен құрылымы. Табиғи майлар мен өсімдік сығындыларының өзіндік жұпары бар. Сондықтан қосымша жасанды иіссулар қосудың қажеті жоқ. Табиғи өнімдердің иісі өткір болмайды әрі берер әсері жұмсақ, теріге сіңген сайын жақсы нәтиже береді.
Қазіргі таңда сұлулық саласында ғана емес, сән әлемінде де экологиялық бағытқа бет бұру айқын байқалады. Соңғы жылдары «экошуба», «экокожа» ұғымдары ерекше трендке айналды. Бұрын табиғи теріден тігілген тон сән мен байлықтың белгісі саналса, қазір адамдар жануарларға зиян келтірмей-ақ сапалы әрі жылы киім алуға болатынын түсіне бастады.
Қаламыздағы сауда үйлерінің бірін аралап жүріп қазір киім әлемінде қыз-келіншектер арасында сұранысқа ие әрі арзан, бағасымен танымал болып жатқан «экошуба» сатумен айналысып жүрген жас кәсіпкер Айша Болатпен тілдескен болатынбыз. Кәсіпкердің айтуынша соңғы жылдары тұтынушылардың талғамы айтарлықтай өзгерген. Тараз қаласында экологиялық бағыттағы киім сатуда жетістікке жеткен кәсіпкер бұл істі төрт жыл бұрын бастапты. Бүгінде Айша экошубалар мен экологиялық киімдердің тұрақты жеткізушілерімен тікелей жұмыс істейді.
– Біздің дүкенде сатылатын тондар мен сырт киімдердің барлығы синтетикалық талшықтан, яғни арнайы өңделген эко-теріден тігіледі. Бұл экошубалардың сырт көзге табиғи теріден еш айырмасы жоқ, бағасы қалта көтерімді әрі суық күндері денедегі жылуды ұстап тұрады. Жасанды теріден жасалған киімдердің бір артықшылығы – сусар, бұлғын, құндыз секілді жануарларға қиянат келтірмей жасалуында. Дүкенге келетін қыз-келіншектердің көбі сәнді киінуді қалайды, бірақ соңғы уақытта бұрымдылар үшін экологиялық жауапкершілік те маңызды бола бастаған. Жастар киім таңдағанда әдемілігіне ғана емес, оның жасалу жолына да мән береді. Осындай саналы тұтынушылар көбейіп келе жатқаны қуантады. Экошубаларды көпшілік енді түсініп келе жатыр, бұрын тұтынушыларымыз табиғи болмаса сапасыз болады деп ойлайтын. Бірақ қазір экологияға, жануарларға зиян келтірмейтіндігін білгеннен кейін жасанды теріден жасалған киімдерге сұраныс жылдан-жылға жоғарылауда. Заман талабына сай жасанды теріден жасалған тондар жаңа технологиялармен өңделіп, ұзаққа шыдайтын, тозбайтын, тіпті кір жуу машинасына да салып жууға болатын деңгейге жетті. Экологиялық сырт киімдерді жас аналар мен студент қыздар жиі таңдайды. Нақты айтып өтер болсам, біз сататын экотондар мен сырт киімдер Қытайдың Пекин, Гуанджоу сияқты ірі қалаларының өндіріс орталықтарында жасалады. Қытайда экологиялық материалдармен жұмыс істеудің технологиясы жоғары деңгейде дамыған. Менің ойымша, бүгінде экокиімдерді таңдаған адам тек сән қуып жүрген жоқ, ол табиғатты қорғауға өз үлесін қосып жүр. Бізге киім алуға келген әрбір қыз-келіншек өз таңдауымен бір жануардың өмірін сақтап, табиғатты қорғауға кішкентай болса да үлес қосады, – дейді Айша Болат.
Бүгінде экологиялық өмір салты қоғамның басты талқысына айналды. Адамдар табиғатты қорғаудың маңызын түсініп, күнделікті өмірде соған сай әрекет етуге ұмтылуда. Бұрын сән мен сұлулық үшін химиялық заттар мен жануар терісінен жасалған өнімдерге сұраныс көп болса, бүгінде бұл көзқарас өзгеріп келеді. Экологиялық өнімдер мен экокиімдер – заман талабы. Мұндай тауарлар адамның денсаулығына зиян келтірмей, қоршаған ортаға да қауіп төндірмейді.
Сымбат ҚУАНЫШ




