Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Болмысы бөлек Бағдат

Болмысы бөлек Бағдат
Автор
Қоғамда есімі танылып үлгермеген, алайда нағыз батырлықтың үлгісін көрсеткен азаматтар аз емес. Олар өз өмірін қатерге тігіп, өзгенің амандығы үшін жан аямай әрекет ететін бүгінгінің батырлары. Соның бірі Бағдат Тұрысбеков қыстың қаһарлы күнінде қар құрсауында қалған тоғыз адамды құтқару операциясына қатысып, өмір мен өлім арасындағы сәтте батылдық танытқан. Ол ауа райының қолайсыздығына, қатты аяз бен боранға қарамастан, адамдардың аман-есен отбасына оралуы үшін қауіппен бетпе-бет келді.

Бағдат Тұрысбеков – 1980 жылдың 3 мамырында Жуалы ауданына қарасты Нұрлыкент ауылында дүниеге келген. Ол бүгінде тек өз ортасына сыйлы азамат қана емес, сонымен қатар төрт бірдей перзентіне тәлім-тәрбиесін аямай, оларға адамгершілік пен адалдықтың үлгісін көрсете білген өнегелі әке атанып отыр. Өз балаларының болашағына үлкен жауапкершілікпен қарап, оларды елге пайдалы азамат етіп тәрбиелеуді басты парызы санайтын Бағдат отбасына тірек, айналасына үлгі боларлық жан.

– Өрт сөндіру қызметіне келмес бұрын, түрлі салаларда еңбек етіп көрдім. Алғашқы еңбек жолым вахталық режимдегі жұмыстардан басталып, әртүрлі өндіріс орындарында, зауыттарда жалғасты. Уақыт өте келе құрылыс саласына бет бұрып, мекемелер мен жеке тұрғынүйлердің бой көтеруіне өз үлесімді қостым. Алайда, бұл жұмыстардың жан-дүниеме жақын емес екенін сезіне бастадым. Өз жүрегің қалап, шын ниетпен  беріліп істемеген істің берекесі де, берері де шамалы болатынын түсіндім. 2007 жылы туған жерім Жуалы ауданына қарасты Көлтоған ауылындағы өрт сөндіру бөліміне қызметке орналасып, өмірімнің жаңа парағы ашылды. Бір жылдан соң Тараз қаласындағы бөлімге ауыстым. Ал 2013 жылдан бері Жуалы аудандық №7 өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі ретінде табан аудармай қызмет етіп келемін. «Дарақ бір жерде көгереді» дегендей, бір салада 17 жылдан астам уақыт бойы тұрақты еңбек етіп, маңдай термен келген адал нәсібімді тауып отырмын. Бұл мамандық мен үшін жай ғана жұмыс емес, ел мен жер алдындағы азаматтық борышымды атқарудың бір жолы деп білемін,-дейді кейіпкеріміз.         

Әрине, өрт сөндіру қызметі аса үлкен жауапкершілікті, күш-жігер мен төзімділікті талап ететін күрделі сала. Бұл қызметтің қиындығы мен ауыртпалығы көп жағдайда көзге көріне бермейді. Сондықтан бұл мамандықты таңдаған әрбір азамат кез келген жағдайға моральдық және физикалық тұрғыдан дайын болуы тиіс. Кейіпкеріміздің айтуынша, әсіресе тәуліктік кезекшілік кезінде оқыс оқиғалар жиі орын алып жатады. Ал «тәуліктік кезекшілік» ұғымы жай ғана жұмыс күні емес, 24 сағат бойы үнемі сергектік пен шұғыл әрекетке әзір болуды талап ететін ерекше режим.

– Өрт сөндіру бөліміндегі жұмыс күні таңғы сағат 08:00-де ресми түрде басталады. Сол уақыттан бастап тәуліктік кезекшілікті тапсыру мен қабылдау рәсімі жүргізіледі. Бұл -қызмет барысындағы ең маңызды кезеңдердің бірі. Ауысым өзгерген сәтте жаңа кезекші құрам қарауылдық міндеттерді қабылдап алады, ал бұрынғы құрам өз жұмысын тапсырып, демалысқа шығады. Жаңа ауысым ең алдымен өрт сөндіру техникасы мен авариялық-құтқару жабдықтарының толықтығын, жұмысқа жарамдылығын мұқият тексеріп шығады. Егер қандай да бір ақау немесе техникалық кемшілік анықталса  міндетті түрде бұрынғы ауысымның өкіліне, қарауыл басшысына баяндалып, тиісті шаралар қабылданады. Ал барлық құрал-саймандар мен техникалар талапқа сай болған жағдайда кезекшілік міндеті толық қабылданып алынады. Әсіресе өрт сөндіру автокөлігінің жағдайы егжей-тегжейлі тексеріледі. Мәселен, цистернаға толтырылған судың мөлшері, автокөліктің насостары мен қозғалтқыштарының жұмыс істеу мүмкіндігі, барлық қажетті кілттердің толық болуы, жанармай мен мотор майының деңгейі секілді маңызды міндеттер бақылаудан өтеді. Себебі төтенше жағдай кезінде техниканың мінсіз жұмыс істеуі адам өмірін сақтап қалуға тікелей әсер етеді. Бұдан кейін жеке құрам күн тәртібіне сай түрлі нормативтерді орындап, кәсіби даярлықты арттыру мақсатында теориялық және тәжірибелік сабақтарға қатысады. Сонымен қатар спорттық жаттығулар да күн тәртібінен тыс қалмайды. Түскі мезгілде қызметкерлер тамақтанып, аздап тынығып алады. Дегенмен әрдайым төтенше жағдайларға дайын болу-басты қағида. Кез келген уақытта дабыл қағылуы мүмкін. Сондықтан көлік те, адамдар да сақадай сай болуы шарт. Егер өрт сөндіру техникасында қандай да бір ақау орын алса, бұл жайт шұғыл түрде бөлімше командирі мен қарауыл бастығына баяндалады. Себебі техника істен шығуы мүмкін, алайда мұндай жағдай алдын ала анықталып, дер кезінде жөнделіп отырады,-дейді Бағдат Тұрсынбекұлы.

Бағдат - өрт сөндіру қызметінде талмай  еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман. Қызметтік жолында талай сын сағаттардың, оқыс оқиғалардың куәсі болып, әрқайсысында да өз борышына адалдықпен қараған. Оның әрбір жұмыс күні қауіп пен тәуекелге толы. Сол оқиғалардың бірі 2015 жылы Жуалы ауданында орын алған ірі өрт оқиғасы. Жанармай құю бекетінде басталған өрт салдарынан от ауыр жүк көлігін шарпыған. Қауіпті жағдай тудырған бұл оқиғада оттың таралу қаупі жоғары болғандықтан, маңайдағы адамдар шұғыл эвакуацияға мұқтаж болды. Дәл осы сәтте Бағдат өз әріптестерімен бірге жедел әрекет етіп, адамдарды қауіпсіз аумаққа көшіруге атсалысты. Сонымен қатар 2024 жылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автобанының  Жуалы ауданы Нұрлыкент ауылындағы тұсында жаппай жол-көлік апаты орын алған. Қатты боран мен көрінбейтін жол салдарынан 26 көлік бір мезетте соқтығысып, мәселе күрделене түседі. Бұл жағдайға жедел құтқару жасағы жұмылдырылып, Бағдат та алдыңғы шептен табылған. Оның айтуынша, кейбір жолаушылар көліктердің арасында қысылып қалып, ауыр жағдайда болған. Ал кейбірі жолаушылар автобусының ішінде қалып, сыртқа шыға алмай, терезе арқылы құтқарылған. Мұндай оқиғалар әсіресе тәуліктік кезекшілік кезінде жиі орын алып тұрады екен.

– 2025 жылдың 21 қаңтарында сағат тілі түнгі 23:50-ді көрсеткен сәтте Жуалы аудандық өрт сөндіру бөлімінің байланыс желісіне кезекті хабарлама келіп түсті. Хабарламада Талапты ауылында 7 жасар баланың дене қызуы қатты көтеріліп, шұғыл дәрігерлік көмекке мұқтаж екені айтылған. Жағдайдың маңыздылығын ескере отырып, аудандық жедел жәрдем қызметкерімен бірлесіп, оқиға орнына шұғыл жетуге шешім қабылдадық. Жолға «Трекол» атты арнайы жол талғамайтын көлікпен шықтық. Дегенмен ауа райының қолайсыздығы бізге үлкен кедергі келтірді. Қатты боран соғып, тұман мен ұйытқыған қардан көру мүмкіндігі мүлде шектелді. Жол жабылып, бағытты бағдарлау қиынға соқты. Бірақ осындай жағдайда да діттеген мекенжайға аман-есен жеттік. Ауылға келген сәтте дәрігер науқас баланы қарап шығып, оның жағдайы ауыр екенін, әрі қарай кешіктірмей аудандық ауруханаға жеткізу қажеттігін айтты. Біз баланы анасымен бірге көлікке отырғызып, жолдың ауырлығына қарамастан, ауруханаға уақытында жеткізіп, дәрігерлерге тапсырдық. Бір сәттің ішінде қабылданған дұрыс шешім мен үйлесімді әрекет баланың өмірін сақтап қалуға үлкен ықпал етті деп ойлаймын. Алайда бұл түн тек бір оқиғамен шектелмеді. Сағат түнгі екілер шамасында кезекті хабарлама келіп түсті. Бұл жолы Боралдай ауылдық округіне қарасты Шахан асуында жол тазалау жұмыстарымен айналысып жүрген қызметкерлер қар құрсауында қалып қойғаны жайлы хабар жетті. Арнайы техникалары қозғалыссыз қалып, көліктері терең қарға батып, өз күштерімен шығуға мүмкіндіктері болмаған. Уақытпен санаспай біз дереу сол бағытқа бет алдық. Ауа райы бұрынғыдан бетер ушығып тұрса да, төтенше жағдайдың әр минуты адам тағдырына тікелей әсер ететінін жақсы түсіндік. Шахан асуына жеткенімізде қар астында қалған тоғыз адамды анықтап, олардың барлығын біртіндеп қауіпсіз жерге жеткізіп, жағдайларын бақылауға алдық,-дейді Бағдат Тұрысбеков.

Расында өрт сөндірушілердің жұмысы қай кезде де қарбаласқа толы. Мұндай мезетте адамдарды ажалдан арашалап қалу кез-келген жанның қолынан келе бермейтін іс.

Кейіпкеріміз қызметтік жолында  бірнеше мәрте түрлі дәрежедегі марапаттарға ие болған екен. Дегенмен наградалары  туралы ашып айтуды құп көрмеді. Себебі ол үшін марапаттан бұрын адам өмірін аман сақтап қалу – басты міндет. Халықтың алғысына бөленіп жүрген азаматтар көбейсе, ел көшінің түзу арнаға бұрылары анық.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар