Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Педикулез ұялатын ауру емес

Педикулез ұялатын ауру емес
www.istockphoto.com
«Басыңда бит бар» деген сөз бұрын ауыл мектебіндегі оқушылар үшін өліммен тең болатын. Сабақ басталмас бұрын медбике сынып-сыныпты аралап, қыздардың шашын шұқылап тексеріп, самайынан әлдене тапса, бірден ортаға шығарып «ата-анаңа ескертіледі» деп, дәптеріне түртіп қоятын. Мұны бастан өткергендер көп.

Ал бүгінде «басы биттеп кетіпті» дегенді естімейтін болдық. Мектептерде бұрынғыдай арнайы тексеру де жоқ сияқты. Әйтсе де бұл мәселе мүлде жойылып кеткен жоқ.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің деректеріне сүйенсек, 2024 жылы облыс аумағында педикулездің 29 жағдайы тіркелген. Бұл 100 мың халыққа шаққанда 2,38 пайыз көрсеткішті құрайды. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 13 жағдай анықталған (44,8 пайыз).

Тараз қаласының өзінде ғана былтыр 13 жағдай тіркелген, бұл қала халқының тығыздығын ескергенде 100 мың адамға шаққанда 2,84 пайыз көрсеткішке тең. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында – 3 жағдай (23 пайыз).

Ал 2025 жылдың алғашқы 3 айында облыс бойынша 9 жағдай тіркелген (0,74 пайыз). Оның төртеуі – 14 жасқа дейінгі балалардан (44,4 пайыз), біреуі – 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдерден (11,1пайыз). Тараз қаласында 4 жағдай тіркеліп отыр.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нейли Муликова қазіргі таңда педикулездің тіркелуі сирек кездесетінін айтады.

– Қазір бұрынғыдай балалардың басын сыныпта тексермейді. Бүгінде арнайы регламент бойынша кезең-кезеңімен тексеру жүргізіледі. Санитариялық ережелерге сәйкес балалар үйлері, мектеп-интернаттар мен сәбилер үйінде апта сайын тексеру жасалады. Ал мектептерде тоқсан сайын демалыстан кейін және ай сайын іріктеп тексереді. Мектепке дейінгі мекемелерде де, балалар лагерлеріне барар алдында да тексерулер қарастырылған, – дейді Н.Муликова.

Сондай-ақ, Нейли Орынбасарқызы ата-аналарға да мектеп ұжымы тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.

– Егер бір баладан педикулез анықталса, ата-анасына міндетті түрде хабар беріледі. Медициналық қызметкер арнайы нұсқаулықпен таныстырып, бала емделіп шыққаннан кейін ғана ұжымға қайта қосылады. Балалардың санитарлық қауіпсіздігі үшін бұл өте маңызды, – деді ол.

Ал облыстық тері-венерологиялық диспансердің дерматолог-дәрігері Айнеш Нәбиқызы педикулез жұқпалы паразиттік ауру екенін айтады

–  Бұл дерт көбіне қарым-қатынас арқылы, яғни биттеген адаммен бір төсекке жату, тарағын, бас киімін пайдалану арқылы жұғады. Қазір биттің кең тарамауының басты себебі – гигиеналық нормалардың сақталуы мен ата-аналардың сауаттылығының артуы. Дегенмен бит табылған жағдайда кей ата-аналар сірке суымен немесе тіпті ветеринариялық дәріханалардан мысыққа арналған препарат алып, баласына жағып жатады. Бұл – өте қауіпті. Себебі мұндай дәрілер аллергия тудырып, теріні зақымдауы мүмкін. Солай өзім білермендікпен ем жасап, беттері, бастары аллергия болып, күйіп қалған соң оны емдеуге бізге келген жағдайлар көп болған. Сондықтан міндетті түрде дәрігердің кеңесіне жүгіну керек. Бұрындары дәріханада биттің дәрісі жоқ кезде керосинді өсімдік майымен араластырып басқа жағып, оны қағазбен орап тастап, 8-10 сағат өткен соң шашты сабынмен жуып, артынан тарақпен тарап, тазалайтын. Қазір ондай жолмен тазартпайды. Бүгінгі күні «Антибит», «Педилин», «Спрегаль» секілді сусабындарды қолданады. Жалпы педикулез болған жағдайда киімдерді, тұтынған заттарды, төсек-орындарды тазалап, гигиеналық шараларды жүргізу керек. Ауруханаларда да тазалық жұмыстары жасалады. Егер ер балалардың шашы биттеп жатса, «Антибит» секілді сусабындармен жуса кетіп қалады. Қыздардың шашын қырмаймыз, жоғарыда айтқан сусабындармен жуып, сіркеге арналған тарақтармен қайта-қайта тарап отырып кетіреміз, – дейді дәрігер.

Дәрігерлердің айтуынша, педикулездің алдын алудың ең басты жолы – жеке гигиена. Баланың шашын таза ұстау, тарағын, сүлгісін бөлек пайдалану, төсек орындарын жиі ауыстыру, киім мен іш киімді таза сақтау – сырқаттан сақтанудың ең оңай әрі тиімді жолы.

Өкінішке қарай, бүгінде кейбір ата-аналар бұл тақырыптан ұялады, тіпті баласының басындағы битті жасырып, өздігінен емдеуге тырысады. Бірақ педикулез – ұялатын ауру емес.

– Жалпы педикулез лас, жуынбайтын, өз-өзіне қарамайтын адамдарда болады деген дұрыс түсінік емес. Себебі таза адамдар да бұл дертті жұқтырып жатады. Пойызда, адамдар көп жиналған жерде, біреудің тарағын пайдаланған кезде жұқтырып алуы мүмкін. Негізінен көбісі педикулезды ұят санап, жасырып, емін дұрыс жасамай салғырттық танытып жатады. Ол бірден кете салмайды. Бастары қышып, оны қатты қасыған кезде орны жараға айналып, мазаны кетіреді. Ем дарымаған соң бізге келеді. Біз тек қалай емдеудің жолдарын, жақпалар мен сусабындарды айтып, кеңес береміз және облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне хабар береміз. Және педикулезден бастарын жарақаттап, жараға айналса біз оған ем-дом жүргіземіз, – дейді Айнеш Нәбиқызы.

Ал біз есімізге әлсін-әлсін ауылдағы күндерді, пенициллин құтысына салынған битті алып, бүгінде мұның бәрі бір дәуірдің елесі екенін ұғына түсеміз.

А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар