Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Психологиялық қолдаудың пайдасы мол

Психологиялық қолдаудың пайдасы мол
Автор
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында сөйлеген сөзінде бүгінгі қоғамда ұрпақ тәрбиесі күрделене түскенін ашық айтып, жастардың әлеуметтік желілер арқылы бейресми түрде тәрбиеленіп жатқанын, бұл өте қауіпті үрдіс екенін ерекше атап өткен болатын.

Президент өз сөзінде: «Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Бүгінгі интернет дәуірінде бұл оңай шаруа емес. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі. Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз. Ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін шараларға баса мән беруіміз керек. Бұл салада кемшіліктер көп екені жасырын емес. Кейбір мектептегі тәрбие жұмысы ақсап тұр. Соңғы кезде кейбір мектепте оқушылардың бір-біріне қысым, зорлық-зомбылық, әлімжеттік көрсетуі жиі болып кетті. Оны, тіпті, бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желіге салу «сәнге» айналды. Кейде балалардың қатыгездігі жан түршіктіреді» деп, жастардың болашағына алаңдаушылық білдірді.

Расында да соңғы уақытта елімізде жасөспірімдерге қатысты жаға ұстатар оқиғалар көбейіп кетті. Мәселен, былтыр облысымызда 2 оқушы буллинг құрбаны болып, өз-өзіне қол жұмсау жағдайымен өмірден озған. Мамандар қоғамды алаңдатып тұрған мәселенің алдын алу үшін жауапкершілікті тек мектепке артып қана қоймай, ата-аналардың, қоғамның, тіпті мемлекеттік құрылымдардың да бірлесе жұмыс істеуі қажет екенін айтады. Осы орайда облыс орталығында өткен жылы психологиялық қолдау орталығы өз жұмысын бастаған болатын. Орталықтың негізгі мақсаты – балалардың психологиялық жай-күйін тұрақтандыру, суицид пен зорлық-зомбылықтың алдын алу, ата-аналармен және мектеп ұжымымен тығыз жұмыс жүргізу.

Облыс әкімінің 2024 жылғы 14 мамырдағы №117 қаулысының негізінде ашылған Тараз қаласындағы орталық қазіргі таңда Төле би даңғылы 35 мекенжайында орналасқан. Мекеменің 2 қабатты ғимаратында жеке және топтық жұмыс жүргізуге қолайлы бөлмелер, мамандарға арналған кеңселер мен семинар өткізу алаңдары қарастырылған. Мұндағы қызметкерлер оқушылармен, студенттермен, ата-аналармен және педагогтармен бетпе-бет сұхбаттасу арқылы психологиялық қолдау көрсетеді.

Психологиялық қолдау орталығы құрылған уақыттан бері Тараз қаласы мен 8 аудандағы бірқатар мектептермен және колледждермен байланыс орнатып үлгерген. Бүгінгі күнге дейін орталықта 66 түзету (коррекция) жаттығуы мен 215 кеңес беру жұмысы жүргізіліп, жалпы 281 адамға психологиялық қолдау көрсетілген. Оның ішінде 152-сі – оқушы, 23-і – студент, 29 – педагог және 77 – ата-ана. Бұл ретте орталық тек кеңес беріп қана қоймай, сонымен қатар мектеп психологтарының жұмысын жетілдіру мақсатында әр аптаның сәрсенбісінде әдістемелік көмектер мен оқыту семинарларын ұйымдастыруда. Бүгінгі күнге дейін 30 семинар өткізіліпті.

Орталықтың психологиялық жұмыс бөлімінің басшысы Айгерім Исмаилованың айтуынша, жасөспірімдер арасындағы аутодеструктивті мінез-құлықтың туындауына көбіне ата-ананың баламен байланысының әлсіздігі себеп болады. Көп жағдайда балаларға уақытылы көңіл бөлінбеу, олардың ішкі жандүниесіне үңілмеу, жас ерекшелігіне сай қажетті қолдаудың болмауы – күйзеліске алып келетін басты фактор.

– Орталықтың мамандары балалармен, ата-аналармен, қажет болған жағдайда педагог қызметкерлермен бетпе-бет жүздесу арқылы психологиялық кеңес беру және түзету жұмыстарын жеке-жеке жүргізеді. Олармен кездесу барысындағы мәселелер толығымен құпия түрде сақталады. Психологиялық қолдауға келген кейбір жасөспірімдер жалғыздықтан, жауапсыз махаббаттан, тіпті, отбасындағы ұрыс-керістен шаршағандарын айтып жатады. Біз олармен жеке жұмыс істеу арқылы ішкі түйткілдерін анықтап, кәсіби қолдау көрсетуге тырысамыз. Жалпы баланы тыңдай білу, оны шынайы түсіну, әр мінезіне бейімделу – бұл кез келген ата-ананың басты міндеті, – дейді Айгерім Смаилова.

Сондай-ақ, маман буллингке жиі ұшырайтын оқушылардың бірнеше типін атады. Біріншісі – әлеуметтік немесе эмоционалды осал оқушылар, яғни өздерін қорғансыз сезінетіндер. Екіншісі – өзгешелігі бар ерекше балалар. Үшіншісі – әлеуметтік ортада өзін шетте сезінетіндер. Төртіншісі – мектепке немесе сыныпқа жаңадан қосылған балалар. Буллингке қарсы күрес мақсатында топтық тренингтер, оқушылар арасында сенімді қарым-қатынас орнатуға бағытталған сабақтар өткізіледі. Әсіресе, педагогтер мен ата-аналар үшін ақпараттық семинарлар мен тренингтер жиі ұйымдастырылуда. Мысалы, өткен жылдың 31 қазанында «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалымен бірлесіп, Тараз қаласы мен Қордай, Меркі, Талас, Жамбыл аудандарындағы колледждердің ата-аналар комитеттеріне арналған «Баланың бас ұстазы – ата-ана» тақырыбында семинар өткізілді.

Айгерім Қошқарбекқызының айтуынша, кейде мектеп психологтары жасөспірімдердің аутодеструктивті мінез-құлқын дер кезінде аңғара алмай жатады. Мұның себебі – баламен терең, жеке жұмыс жүргізбеу, кәсіби диагностика мен тест нәтижелеріне сүйенбеу. Қазіргі кезде ауылдық жерлердегі көптеген мектептерде психологиялық кабинеттер жеткілікті деңгейде жабдықталмаған, кейбір жеке колледждерде жұмыс істейтін мамандардың тәжірибесі де жеткіліксіз. Мұндай жағдайда баланың күйзеліске түсуі немесе буллингке тап болуы күтпеген жағдай емес.

– Педагогикалық психология әдістері тиімді нәтиже бермесе, онда консилиум кеңесінің шешімімен ата-анаға медициналық психологияның көмегіне жүгіну ұсынылады. Алайда, кей оқиғалардың соңы құқық қорғау органдары мен медицина қызметкерлерінің тергеуімен «белгісіз» деген қорытындымен аяқталып жатады. Бұл – жасөспірімнің ішкі жандүниесіне дер кезінде назар аударылмағанының көрінісі, – дейді бөлім басшысы.

Орталық қазіргі таңда тек тірек-кеңес беретін орын ғана емес, сонымен қатар болашақта әр мектептің психологына, ата-анасына тірек бола алатын кәсіби әрі сенімді орталыққа айналып келеді. Баланың жанына үңілетін, ішкі дағдарысымен бірге күресетін орта қалыптастыру – бүгінгі қоғам алдындағы ең үлкен міндеттердің бірі. Осы жолда психологиялық қолдау орталығының ұжымы әр оқушының тағдырына бейжай қарамай, шынайы жанашырлық танытып, кәсіби қызметін жалғастырып келеді.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар