Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тегін дәрі-дәрмек алатындардың үлесі артты

Тегін дәрі-дәрмек алатындардың үлесі артты
Автор
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында денсаулық сақтау саласына ерекше мән беріп, халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жаңа міндеттерді айқындап берді. Президент атап өткендей, елді мекендерде медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту, заманауи технологияларды енгізу, кадрларды даярлау және қызмет сапасын көтеру – еліміздің медициналық жүйесін жаңа деңгейге көтеретін басты басымдықтардың бірі.

Жалпы медицина саласы Мемлекет басшысының назарынан тыс қалған емес. Жыл сайын бюджеттен осы салаға қомақты қаржы бөлініп, ауқымды жобалар іске асырылуда. Осындай қолдаулардың шарапатын Жамбыл ауданы да көріп отыр. Соңғы жылдары аудан аумағындағы медициналық нысандар күрделі жөндеуден өтіп, шалғай елді мекендерде жаңа ғимараттар бой көтеруде. Аудандық емхана мен орталық аурухананың техникалық базасы, қажетті аппараттары заман талабына сай жаңаруда.

Аудандық орталық аурухана халыққа сапалы емдеу-профилактикалық көмек көрсетіп, маңызды әлеуметтік міндеттерді орындауды жүйелі жолға қойған. Бүгінде аудандық орталық аурухана құрамында 115 төсек-орындық стационар, 9 дәрігерлік амбулатория, 6 фельдшерлік-акушерлік, 11 медициналық пункт және Аса ауылында қуаттылығы тәулігіне 250 келушіге арналған емхана бар. Стационарда хирургия, терапия, педиатрия, жұқпалы аурулар, босандыру, мейіргерлік күтім және оңалту бөлімдері жұмыс істейді.

Қазіргі таңда ауруханаға тіркелген тұрғындар саны – 41 700 адам. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар – 14 901, еңбекке қабілеттілер – 22 410, егде жастағылар – 5 311.

Биылғы жылдың 8 айында 593 сәби дүниеге келіп, табиғи өсім көрсеткіші 10,7 пайызды құрады. Бір қуанарлығы, ана өлімі тіркелмеді.

Ауруханада 72 дәрігер, 306 орта буынды медицина, 118 кіші, 78 өзге де қызметкер еңбек етуде.

Аурухананың маңызды бағыттарының бірі – скринингтік тексерулер. Бұл – ауру белгілері әлі байқалмай тұрған кезеңде ауруды анықтауға мүмкіндік беретін алдын алу шарасы. 2025 жылы жүрек-қан тамыр аурулары – 202, қант диабеті – 32, глаукома – 4, тоқішек обыры – 11, жатыр мойны обыры – 61, сүт безі қатерлі ісігінің 144 жағдайы анықталды. Барлық науқас диспансерлік есепке алынып, тиісті емін алуда.

Диспансерлік есептегі азаматтарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жұмысы тұрақты бақылауда. Бұл іс Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы №75 бұйрығына сәйкес жүргізілуде. Биыл тегін дәрі-дәрмекпен қамтылғандардың үлесі 97 пайызға жетті.

Аудан бойынша балалар мен ересектерге арналған вакцинациялау жұмыстары күнделікті атқарылуда. Ұлттық күнтізбеге сәйкес екпелер егілуде. Биыл 1 жасқа дейінгі 823 бала, 1 жастағы – 103, 6 жастағы – 957, 16 жастағы – 823 бала, сондай-ақ 1 554 ересек адам АДС-М екпесін алды.

Заманауи жабдықталған медициналық автобус шалғайдағы ауыл тұрғындарына сапалы қызмет көрсетуде. Онда хирург, кардиолог, невропатолог, УДЗ (ультрадыбыстық зерттеу) және рентген мамандары жұмыс істейді. Осы жылдың 8 айында кешен 24 елді мекенді қамтып, 8 168 адамды медициналық тексеруден өткізді.

Биыл аудандық орталық аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. 2024 жылы Тоғызтарау, Қостөбе, Қоңыртөбе ауылдарында жаңа медициналық пункттер пайдалануға берілді.

Соңғы үш жылда аудандағы медициналық мекемелерге жаңа жабдықтар алынуда. Өткен жылы аудиометр, рентген, маммограф, флюорограф, феталды монитор және заманауи УДЗ аппараттары жеткізілді. Биыл СМАД және BiPiLab аппараттық кешендері сатып алынды. Бұған қоса 7 автокөлік, оның ішінде 1 санитарлық көлік аудандық бюджет есебінен берілді.

Медицина қызметкерлерінің еңбегі де ескерусіз қалмады. 2024 жылы бірқатар дәрігер облыс және республика деңгейінде марапатталып, «Үздік жас маман», «Үздік дәрігер-эпидемиолог», «Денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгілеріне ие болды. Екі дәрігер Ресей мен Англия мемлекетінде біліктілігін арттырды.

Сонымен қатар биыл ана мен баланың өлім-жітімін болдырмау, жүкті әйелдерге сапалы патронаж жүргізу, репродуктивті және жасөспірімдер денсаулығын қорғау, психологиялық қолдау мен кеңес беру жүйесін дамыту, созылмалы ауруларды ерте анықтап, диспансерлік бақылауды күшейту, вакцинамен басқарылатын аурулардың таралуына жол бермеу мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар цифрландыру жүйесін («ДамуМед») жетілдіру, тұрғындар арасында міндетті медициналық сақтандыру туралы түсіндіру, материалдық-техникалық базаны жаңғырту және медициналық кадрлар тапшылығын жою бағыттарында жұмысты жандандыратын боламыз.

Ақмарал ҚАЙЫПБЕРГЕН,

Жамбыл аудандық аурухананың бас дәрігері

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар