
Бүгінде жер емген диқандар көктемнің алғашқы күнінен-ақ тынымсыз тіршілікке білек сыбана кірісіп кетті. Уақытты тиімді пайдалануға тырысқан шаруалар техникасын майлап, соқасын сайлап, іске сақадай сай дайындықпен келіп, қазір ала таңнан қара кешке дейін тыным таппай еңбек етуде.
Ауданда ауылшаруашылық дақылдарын орналастыру жұмыстары жүйелі түрде қолға алынып, еңбек адамдары арпа, қант қызылшасы тұқымын себу, майлы дақылдарды егу науқанына қызу кірісіп кеткен. Бұл бағыттағы жұмыстар аудандағы шаруалардың жоғары жауапкершілік танытып отырғанының бір көрінісі. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бауыржан Тоқтасыновтың айтуынша, биыл аудан бойынша ауылшаруашылық дақылдарының егіс көлемі 51 960 гектарды құрап отыр. Бұл – жылдағы межеден төмен емес, керісінше, өңірдің аграрлық әлеуетінің артқанын көрсететін маңызды көрсеткіш. Аталған алқаптың ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 17 246 гектарды құрайды. Оның ішінде 3 900 гектарға күздік бидай, 11 799 гектарға жаздық арпа, 1 555 гектарға дәндік жүгері өсірілмек. Сонымен қатар майлы дақылдар да егіледі. Мысалы, күнбағыс 1 215 гектарға, мақсары 2 545 гектарға отырғызылады. Қант қызылшасының егістік көлемі де көңіл қуантарлық, яғни – 700 гектар. Оған қоса, 304 гектарға картоп, 6 485 гектарға көкөніс-бақша дақылдары егілетін болады. Ал мал азығы дақылдары 24 681 гектар алқапты құрап, төрт түлік қамын күйттейтін шаруалардың көңілін орнықтырып отыр.
Бүгінде көктемгі жер жырту жұмыстары да қарқын алған. Жоспарланған 3 528 гектардың 3 461 гектары жыртылып, 16 714 гектар жер себуге дайындалды. Бұл – аудан еңбеккерлерінің жүргізген жүйелі жұмысының нәтижесі. Жаздық арпа 9 135 гектарға, көп жылдық шөп 1 343 гектарға, ал пияз 2 610 гектарға себіліп те үлгерді. Мұндай нақты деректер аудан диқандарының ауқымды жұмысты уақытылы әрі тиянақты орындап жатқанын аңғартады.
– Жердің өнімділігін арттыру мақсатында минералды тыңайтқыштарды пайдалану да басты назарда. Аудан шаруашылықтары барлығы 7 337 тонна минералды тыңайтқыш алуға тапсырыс берді. Оның ішінде 400 тонна аммиак селитрасы, 430 тонна аммофос және басқа түрлерден 100 тонна қарастырыллды. Бұл бағытта отандық минералдық тыңайтқыш өндіруші мекемелермен келісімшарт жасалып, бүгінгі күнге дейін 14 шаруашылық 1 010 тонна тыңайтқыш сатып алыпты. Аталған шаралар жердің құнарын арттыруға, тиісінше өнім көлемін молайтуға сеп болмақ. Көктемгі дала жұмыстарына 174 трактор, 71 соқа, 48 дәнсепкіш, 130 тырма, 41 қопсытқыш пен 11 тұқым улағыш жұмылдырылып отыр. Қазіргі заман талабына сай техникасыз өнімді жұмыс істеу мүмкін емес екенін жақсы түсінген шаруалар техника паркін жаңартуға да ерекше ден қоюда. Әзірге 7 шаруашылық «КазАгроҚаржы» акционерлік қоғамына 150 миллион 790 мың теңгеге 7 жаңа трактор алуға өтінім берсе, 2 шаруашылық өз қаражатына 1 комбайн мен 3 трактор сатып алуда. Бұл да аудан шаруаларының алдағы науқанды нәтижелі аяқтауға үлкен дайындықпен келгенін көрсетеді. Әрине, көктемгі дала жұмыстары қаржылық қолдаусыз жүзеге аспайтыны белгілі. Осы ретте «Sam OIL» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ауданға бөлінген 715 тонна кепілдендірілген дизель отынын таратуға жауапты оператор болып бекітілген. Бүгінгі таңда осы оператор арқылы шаруаларға 130 тонна дизель отыны жеткізілді. Сонымен қатар «Кең дала 2» бағдарламасы аясында 11 шаруашылық 417,7 миллион теңгеге өтінім беріп, оның ішінде 8 шаруашылық 326,28 миллион теңге көлемінде несие алып үлгерді. Оған қоса екі шаруашылықтың 54,6 миллион теңгені құрайтын құжаттары мақұлданған.
Ауа райы құбылып тұрған мына заманда суды үнемдеп пайдалану – уақыт талабы. Осыны ескерген аудан шаруалары егінсу тапшылығының алдын алу мақсатында су үнемдеу технологияларын өндіріске батыл енгізуде. Мәселен, өткен жылы ауданда тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістері арқылы 5 985 гектар алқап суарылған болса, биыл бұл көрсеткішті қосымша 817 гектарға арттырып, 6 802 гектарға жеткізу көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде өнімнің шығымдылығын арттыруға, шығынды азайтуға мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда көктемгі дала жұмыстарына тыңғылықты дайындалған шаруалар егіс науқанын межелі мерзімде толық аяқтауды басты мақсат етіп отыр. Уақыттың әр сәтін тиімді пайдаланып, алқапқа әрбір тұқымды мұқият сеуіп жатқан еңбеккерлердің жұмысы нағыз ерлікпен пара-пар. Демек, ерте қамданғанның ырысы тасып, төккен тердің өтеуі ақталады десек, мұндай еңбектің ертеңгі күні қайтарымы мол болатыны анық.
Мақсат Жұмабаев,
журналист
Жамбыл ауданы