Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ерлік ешқашан ұмытылмайды

Ерлік ешқашан ұмытылмайды
Автор
1995 жылы 7 сәуірде тәжік-ауған шекарасындағы Пшихарв шатқалында болған шайқас қазақ сарбаздарының да өмірін қиды. Бауырлас елдің шекарасын күзеткен өрімдей жас жауынгерлер ауған тарапынан келетін қауіп-қатердің бетін қайтарып, заңсыз сауда-саттықтың жолын кесу мақсатында әскерге аттанған болатын.

Шатқалда болған қанды қырғында адам шығыны көп болды. 100-ден аса адам қаза тауып, 150-ге жуығы жараланды. Қазақстандық бітімгер батальоны 17 жауынгерінен айырылды.

Жуырда Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында тәжік-ауған шекарасын күзету кезінде қаза тапқан әскери қызметшілерді еске алуға арналған «Ерлік күні» атты әскери-патриоттық акция өтті.

Жиынға облыс пен Тараз қаласы әкімдіктерінің өкілдері, облыстық полиция департаментінің қызметкерлері, тәжік-ауған соғысы ардагерлері кеңесі, ҚР Ұлттық ұланының 5513 әскери бөлімі, «Жас бүркіт» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты.

ҚР Ұлттық ұланы 5513 әскери бөлімінің командирі, полковник Ғазиз Қадырбек ел ішіндегі бейбітшілік пен тыныштықты сақтау жолында өмірін қиған сарбаздар мен офицерлердің рухына тағзым ету жыл сайынғы дәстүрге айналғанын жеткізді. Әскери бөлім қақтығыс кезінде мерт болған батырлардың ерлік жолын өнеге ете отырып, жас сарбаздарды патриоттық рухта тәрбиелеп, жауынгерлік дәстүрлерді жалғастыруға күш салып келеді

Іс-шара таңертең 5513 әскери бөлімнің алаңында еске алу митингімен басталып, «Жеңіс» саябағындағы жауынгерлер ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен жалғасты. Мұнда Ұлттық ұланның құрметті қарауылы сап түзеді.

Митинг барысында қонақтар мен сарбаздар ескерткішке гүл қойып, қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Одан соң әскери бөлімнің жеке құрамы сап түзеп, салтанатты маршпен жүріп өтті.

Жиында Тәжікстан және Ауғанстан мемлекеттік шекараларын күзетуге аттанып, Пшихавр шатқалында тосын шабуылға тап болған Қазақстан батальонының ардагерлері де болды

– Мен Тәжікстанға Қазбат құрамында 1996 жылы бардым. Пшихавр шатқалындағы оқиғалар бізге белгілі еді. Сол себепті мұндай қателікке жол бермеу үшін барлық жағдай жасалды. Біз алыс ауылдарға азық-түлік пен жабдық тасымалдаумен айналыстық. Әр маршрут алдында инженерлік-техникалық барлау жүргізілді, барлау топтары мен әуе қолдауы қатар жұмыс істеді. Жеке құрам күрделі жағдайда әрекет етуді үйренді. Қарсы тарапта шетелдік жалдамалылар да болған. Бір сөзбен айтқанда, бізге Пшихавр шайқасы сабақ болды. Сондықтан мұндай ірі шығын болған жоқ, – деп еске алды запастағы подполковник Рысмағанбет Жүсіпов.

Еске алу митингінің екінші бөлімі «Жеңіс» саябағындағы «Даңқ» залында өтті. Мұнда 1995 жылғы оқиғаға арналған «Шатқалдағы шайқас» атты деректі фильм көрсетілді.

Салтанатты бөлімде ҚР Ішкі істер министрі Ержан Саденов пен орынбасары, ҚР Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабеков және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы атынан ардагерлерге жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін алғыс хаттар, марапаттар мен төсбелгілер табысталды.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар