Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сауда саласында заң қатаңдатылды

Сауда саласында заң қатаңдатылды
Автор
Жаһандық сын қатерлерге қарамастан өткен жыл еліміздің сауда саласының барлық бағыттары үшін оң серпінмен аяқталыпты. Мысалы, сауданың өсуі 9,1 пайызды құраған. Сауда саласына 884,6 миллиард теңге инвестиция тартылып, 2023 жылмен салыстырғанда 14,6 пайызға өскен. Ішкі тауар айналымында да тұрақты оң динамика қалыптасқан. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша ішкі тауар айналымы 14,1 пайызға өсіп, 69,6 триллион теңгеге жеткен. Оның ішінде көтерме сауда 47,2 триллион теңге болса, ал 22,4 триллион теңге бөлшек сауданың үлесі екен.

Қазақстанның сыртқы тауар айналымы 141,4 миллиард АҚШ долларын құраса, 2023 жылға қарағанда нәтиже 1,6 миллиард АҚШ долларына ұлғайғанын көрсетіпті. Бұл ретте сауда балансы 3,1 миллиард АҚШ долларына артып және 21,8 миллиард АҚШ долларына тең болған. Тауарлар мен қызметтердің шикізаттық емес экспорт көлемі өткен жылы 10,7 пайызға өссе, сомасы 40,2 миллиард АҚШ долларын көрсеткен. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі 1,4 пайызды ғана құраған. Бұл соңғы 10 жылдағы ең жақсы көрсеткіш көрінеді.

– Жалпы сауда – ұлттық экономиканың негізгі салаларының бірі. Ол тұрақты жұмыс табуға және экономиканың дамуына ықпал етеді. Елімізде 1,6 миллион адам жұмыспен қамтылса, оның ішінде жалпы ішкі өнімнің 19,1 пайызы сауда үлесіне тиесілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт отандық өнім өндірушілерді қорғау бойынша реттеуші шараларды әзірлеуді тапсырған болатын. Ішкі нарықты қорғау және отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында тарифтік және тарифтік емес реттеу, сондай-ақ отандық тауар өндірушілерді қорғау шаралары қабылданды. Тарифтік реттеу шаралары бөлігінде Еуразиялық экономикалық комиссияның импорттық кедендік баж мөлшерлемелерін белгілеу және өзгерту жөніндегі 24 шешімі қабылданды. Тарифтік емес реттеу шаралары бөлігінде отандық өндірушілерді қорғау және ішкі нарықты тауарлардың жекелеген түрлерімен қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы импорт және экспортқа 20-ға жуық тыйым салулар мен шектеулер енгізілді. Қорғау шаралары бөлігінде Қытай, Украина және Үндістаннан келетін өнеркәсіптік тауарларға қатысты демпингке қарсы 6 шара ұзартылды. Ішкі нарықты қорғау үшін техникалық реттеу және тұтынушылардың құқықтарын қорғау құралдары белсенді қолданылады. Оған отандық өнімді растау үшін Қазақстанда шығарылған тауарлар тізілімі енгізілуде. Бұл мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізе алатын өндірушілердің бірыңғай пулы. Тиісті заң жобасы Парламент Мәжілісінің бірінші оқылымында мақұлданды. Сонымен қатар министрлік жанынан Саудадағы техникалық кедергілер, сондай-ақ қауіпсіз өнімді әкелу және айналым мәселелері бойынша ахуалдық штаб құрылды. Құс еті, сүт және ет өнімдері шекара маңындағы өткізу пункттерінде 600 мың тоннадан астам малшаруашылығы өнімі күшейтілген бақылауда тексеріліп, мыңға жуық көлік кейін қайтарылды және мыңнан астам сертификат жойылды. Бүгінде тұтынушыларды сапасыз және қауіпті өнімдерден қорғауға бағытталған «Сапалы Өнім» әлеуметтік жобасы іске асырылуда. Жоба аясында 2 мыңнан астам өнім түрі сатып алынып, тексерілді. Оның ішінде 1,5 мыңынан таңбалау мен санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылуы анықталды. Анықталған бұзушылықтар бойынша 392 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ішкі нарықты қорғау бойынша қабылданып жатқан шаралар оң сауда балансын жақсартуға ықпал етуде.  Мемлекет басшысы тауар биржаларына қойылатын талаптарды қатаңдатуды, «қалта биржаларын» алып тастауды, күшті өңірлік тауар-шикізат биржасын құру мәселесін пысықтауды тапсырған болатын. Бұл бағытта министрлік тауар биржалары саласындағы заңнаманың тәсілдерін өзгерту бойынша тиісті жұмыстар жүргізді. Өткен жылғы 30 желтоқсанда Президент тауар биржаларын реформалауға және баға белгілеудің әділ нарықтық тетіктерін енгізуге бағытталған жаңа заңға қол қойған еді. Жаңа заң биржалардың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлін күшейтеді, сондай-ақ баға белгілеуді қатаң мемлекеттік бақылауды және өтімді сауданың бірыңғай алаңда шоғырлануын көздейді. Осылайша, биржалық сауда, ұйымдасқан нарықты дамытудың негізгі бағытына және тауар айналымының заман талабына сай негізіне айналады, – дейді ҚР Сауда және интеграция министрі  Арман Шакқалиев.

Аталған министрлік жұмысының тағы бір маңызды бағыты – тауарлардың экономикалық қолжетімділігін қамтамасыз ету. Бұл бағыт өнімдердің бағасы мен сапасы бойынша қолжетімділігін ғана емес, сонымен қатар отандық өнімдер арқылы сауданы ынталандыруды да қамтиды екен.

– Отандық өндірушілерді қолдаудың маңызды құралы сауда сөре кеңістігін тағы 20 пайызға кеңейту бойынша несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау арқылы ішкі сауда субъектілерін мемлекеттік қолдау функцияларын алғаш рет алып отыр. Енді сөрелердің кемінде 50 пайызы қазақстандық азық-түлік өнімдерімен және кемінде 20 пайызы азық-түлік емес тауарлармен толтырылуы тиіс. Сондай-ақ біз тұтынушылардың алдауын болдырмау үшін өнімнің сапасы мен экспозициясына қойылатын талаптарды күшейттік. Тауарларды орналастыру кезінде тауарлық көршілік қағидаттарын басшылыққа алу қажет. Мысалы, сүт сүтті сусынның жанында болмауы керек, ал май спредтің жанында болмауы қажет. Біз ішкі сауда инфрақұрылымын жүйелі жаңғыртуды жалғастырамыз және заманауи көп форматты саудаға көшеміз. Біздің стратегиялық мақсатымыз – 2029 жылға қарай олардың үлесін 70 пайызға дейін жеткізу. Өткен жылы 16 базарды жаңғыртуды аяқтадық. Осы жылы біздің алдымызда нарықтарды жаңғыртуды толығымен аяқтау міндеті тұр. Бұл шамамен 100 базар. Сауда инфрақұрылымын дамыту үшін, жоғарыда айтқанымдай, мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған. Осы мақсаттарға биыл 5,27 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінді. Министрліктің 2025 жылға арналған негізгі сын-қатерлері мен басым міндеттерін атап өткім келеді. Мемлекет басшысы белгілеген стратегиялық бағытты орындау үшін Үкіметке жалпы ішкі өнімді екі есеге арттыру жөнінде үлкен міндет қойылған болатын. Осы жылы экономиканың 6-7 пайыз деңгейінде өсуін қамтамасыз ету міндеті тұр. Алға қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін сауда саясаты үш стратегиялық басымдықты іске асыруға бағытталатын болады. Біріншіден, ол – сауда ашық болуына және оның өнімділігін арттыруға бағытталған қазіргі заманғы сауда экожүйесін қалыптастыру. Мұндағы басты міндет – цифрлық трансформация. Бізге тауарларды, сауда объектілерін, сауда ағындарын цифрландыру қажет. Сауданың «цифрлық айнасын» жасау және тауарлардың қадағалауын қамтамасыз ету. Сондай-ақ биржалық және электрондық сауда құралдарын дамыту маңызды. Екіншіден, ішкі және сыртқы нарықтарда, отандық тауарларды ілгерілету мақсатында импортқа тәуелділікті төмендетуге және отандық өндірушілердің позицияларын нығайтуға бағытталған тетіктерді енгізуге ерекше назар аударуымыз қажет. Экспорттық саясатқа қатысты қосылған құны жоғары жобаларды ілгерілетуге, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыруға күш-жігерді жұмылдыра отырып, экспорттық қолдау тәсілдеріне өзгеріс енгізу керек. Үшінші, тұтынушылардың құқықтарын жан-жақты қорғау, тауарлар және қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын жетілдіру- басты міндеттің бірі. Үкіметтің тапсырмасы бойынша Сауда және интеграция министрлігі сауда саясатын дамыту тұжырымдамасын әзірлеп, жоғарыда көрсетілген тәсілдер мен оларды іске асыру жөніндегі шараларды қолданатын болады, – деді Арман Абайұлы.

Айта кету керек, 2024 жылы Сауда және интеграция министрлігінің бастамасымен Әділет министрлігі әзірлеген заң жобасы негізінде Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске өзгерістер енгізілген болатын. Нәтижесінде 204-4-бапқа түзетулер енгізіліп, жаңа талаптар 2025 жылдың 13 наурызынан бастап күшіне енді. Осы орайда енді әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының сауда үстемесін 15 пайыздан асырып жіберген кәсіпкерлерге ескерту берілмей, бірден айыппұл салынады екен. Бұрын алғаш рет құқық бұзғандар жазадан құтылып кетсе, енді жауапкершілік бірден қарастырылады. Жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнес субъектілері үшін айыппұл көлемі 5 АЕК (19 660 теңге), орта бизнес үшін – 35 АЕК (137 620 теңге), ірі сауда орындары үшін – 150 АЕК (589 800 теңге) болып белгіленіпті. Егер жыл ішінде заңбұзушылық қайталанса, айыппұл екі есеге ұлғаяды. Бұл жаңашылдықтың мақсаты – әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын тұрақтандыру және тауар бағасын орынсыз қымбаттатуға жол бермеу. Сауда орындарына бақылау күшейтіліп, 15 пайыздық шекті сақтауға қатаң талап қойылмақ.

2023 жылдың сәуірінен бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға белгілеу мәселесіндегі бақылау функциясы жергілікті әкімдіктерден Сауда және интеграция министрлігіне берілгені есте. Нәтижесінде алыпсатарлықты тежеу бағытында жүйелі жұмыс басталып, алғашқы нәтижелер де байқалған. 2023 жылы – 848 әкімшілік іс қозғалып, оның ішінде 51 айыппұл салынып, 797 ескерту жасалған. 2024 жылы бақылау тетіктері толық іске қосылғаннан кейін көрсеткіш бес есеге өскен. Анығын айтқанда, 4384 іс тіркеліп, 284 айыппұл салынған. Ал 2025 жылдың 20 наурызына дейін 1189 іс қаралып, 70 жағдайда айыппұл қолданылған. Бұл деректер мемлекеттік бақылау тиімділігінің айғағы болса керек.

Осы орайда біз облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департементінің бас маманы Асқар Бейсебаевпен тілдестік. Оның айтуынша, былтыр барлығы 132 тексеріс жүргізілген. Нәтижесінде базардағы бір саудагер ескерту алған. 92 сауда үстемесі бойынша 72 ескерту берілген. Салынған 7 айыппұлдың көлемі 627640 теңгені құраған. 28 профилактикалық бақылау жүргізілген және 18 бұзушылыққа жол берілген. 7 баға жапсырмасы бойынша заңның 193-4 бабымен 110760 теңге көлемінде 6 айыппұл салынған. Заңның 193-5 бабы негізінде 4 баға жапсырмасы бойынша 2215200 теңгені құрайтын 4 айыппұл салынған.

Осы жылы 52 тексеріс жүргізіліпті. 41 сауда үстемесі бойынша заңның 204-4 бабымен кінәлілерге 32 ескерту беріліп, бір сауда иесі 19660 теңге көлемінде айыппұл арқалаған. Профилактикалық бақылау саны – 10, ал бұзушылық саны – 8.

1 баға жапсырмасы бойынша дүкен иесі 127790 теңге айыппұл төлеуге міндеттелген.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар