
Күнделікті тұтынуды қажет ететін азық-түлік тауарларының бағасын реттеудің бүгінде біз білетін азды-көпті амалы бар. Соның бірі – «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының өіңірлік тұрақтандыру қоры арқылы әлеуметтік дүкендерде жұртшылыққа төмен бағада азық-түлік ұсыну. Одан бөлек, жергілікті жерлерде ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің өнімін жәрмеңке арқылы төмен бағада саудаға шығарудың тиімділігі мол. Егер осындай жәрмеңкелер тұрақты түрде ұйымдастырылса, тұрғындар қолжетімді бағадағы азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етілетіні анық.
Тараз қаласында да бірнеше жылдан бері ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі апта сайын үздіксіз өткізіліп келеді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері ұсынылатын мұндай шаралар халық арасында үлкен сұранысқа ие. Мәселен, өткен сенбі күні Жамбыл даңғылының бойындағы әлеуметтік базарда ауылшаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылып, халыққа қаладағы қайта өңдеумен айналысатын бірқатар кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлердің өнімі қолжетімді бағада ұсынылды.
Шаһардағы әлеуметтік базар алаңында өткен жәрмеңкеге Тараз қаласының 20 тауар өндірушісі және тұрақтандыру қоры өз өнімдерін ұсынды. Аталған сауда орнына күндізгі сағат 10.00 болмай жеткенімізде, мұндағы тұтынушылардың қарасы қалың болды. Әсіресе, бағасы 270 теңгелік картоптың қасында ұзын-сонар кезек пайда болып, жұртшылық қалағанынша қаппен де, келілеп те алып жатты.
Онда жалпы құны 14,7 миллион теңгені құрайтын 21,75 тонна ауылшаруашылық өнімі халыққа ұсынылды. Оның ішінде 500 келі тауық еті, 2 тонна шұжық өнімдері, 2 тонна 500 келі сүт өнімдері және 1 мың дана жұмыртқа сатылымға шығарылды. Бұдан бөлек, 500 келі кондитерлік өнім мен 600 келі макарон өнімі, 50 келі тұз және 100 келі балық, 3 тонна ұн, 500 келі бал саудаланды. Сондай-ақ 12 тоннаға жуық әртүрлі жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері де тұрғындарға қолжетімді бағамен ұсынылды. Мысалы, құс фабрикасы өндірген тауық етінің бір келісі «Ауыл Береке» секілді ірі базарларда 1150 теңге тұрса, жәрмеңкеде бұл бойынша баға 1000 теңге болып белгіленіпті. Үй құсының еті де нарықтан 12 пайызға төмен, яғни 2200 теңгеден сатылды. Тауық жұмыртқасының С1 санаты жәрмеңкеде 480 теңгеден ұсынылса, бұл нарықтағы бағадан 13 пайызға арзан. Ысталған шұжық 2200 теңгеден өткізіліп, нарықтағы бұқтырылған 2100 теңгенің шұжығы 1800 теңгеден сатылып жатты. Ал орташа тұқы балығы нарықтан 200 теңгеге арзан, яғни 1400 теңгеден саудаланды.
– Пастерленген сүттің бір литрі 410 теңгеден сатылып жатса, нарықта ол 460 теңге тұрады. Қолдың сүті – 280 теңге. Пастерленген айран – 520 теңге, қолдікі – 360 теңге, сары майдың келісі өзге сауда орындарында 4000 теңге болса, мұнда 3500 теңге, үй сүзбесі 1200 теңгеден саудалануда. Сондай-ақ құрттың келісі – 1300 теңге. Сол секілді мұнда қымыз, шұбат, бал, 1-сұрыпты ұн, макарон өнімдері, қарақұмық жармасы, алма, қызылша мен қырыққабат, қияр, жылыжай қызанағы, асқабақ, пияз секілді көкөніс-жеміс жидек те бар. Біз жәрмеңкедегі тауар бағаларын бекіту үшін өткен аптаның бейсенбісінде «Ауыл Береке» сауда орталығына барып, әр тауардың бағасын жазып алдық. Көтерме бағаларды да тіркедік. Осыған орай тиісті мамандар, ауылшаруашылық өнімін өндірушілермен келісе отырып, әр тауардың бағасын 15-20 пайызға арзандатып бекіттік. Базардағы картоптың ең төменгі бағасы – 350 теңге. Ал үй маңындағы дүкендерде оның келісі 350-400 теңге аралығында сатылуда. Ауылшаруашылық тауарын өндірушілердің картобының келісі 300 теңге болса, «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның тұрақтандыру қоры арқылы әкелінген картоп 270 теңгеден сатылып жатыр. Бұл Қарағанды облысының өнімі, барлығы үш тонна. Бұған дейін халық Жуалы ауданының 130 теңгелік өнімін тұтынса, қазір ол картоп таусылып қалған. Сондықтан жаңадан келген картоп бағасы бұрынғыдан сәл қымбаттау. Мұнда тұрақтандыру қорының 90 теңгелік сәбізі де бар, ол бір тоннаны құрайды, – деді Тараз қаласы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жанболат Таңатаров.
Жәрмеңкеде өнімдердің сапасына да жіті мән берілген. Әр тауар арнайы тексеруден өткізіліп, санитарлық талаптарға сай ұсынылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жәрмеңкедегі бағалар нарықтағыдан 15-20 пайызға төмен деңгейде белгіленіп, халықтың күнделікті тұтынатын азық-түлікке қолжеткізу мүмкіндігі жасалған.
Жұрт жапатармағай картоп алып жатқанда бір шетте әлденеге алаңдап тұрғандай кейіпте болған жасы алпыстың үстіндегі әйелмен тілдестік. Өзін Күләш Омарова деп таныстырған ол зейнет жасында. Жәрмеңкеге мал етін сатып алуға арнайы келіпті. Алайда мал етінің болмай қалғанына көңілі түсіп, бізге бар өкпесін жайып салды.
– Осы жерге ет пен жұмыртқа аламыз деп келдік. Бірақ ет жоқ екен. Жұмыртқа да сатып ала қояйық десек, бір данасы 48 теңге екен. Бұл нарықтағы бағадан арзан болғанымен, тұрақтандыру қорының 35 теңгелік жұмыртқасын алу үшін күтіп тұрмын. Ондай өнім енді келеді екен. Біз теміржол вокзалы жақта тұрамыз. Мұндай жәрмеңкелердің өтетіні туралы үнемі алдын ала хабардар болып отыратынмын. Бұған дейінгі жәрмеңкелерде ет көп болған. Осы іс-шараны ұйымдастырушыларға әрдайым қоңырау шалып, жаңалықтарды сұрап отырамын. Әдетте жұмыртқа, ет секілді өнімдерді сатып алуда қиындық тумайтын. Картоп, сәбіз сияқты көкөністерді күзде қабымен алып қоямын. Қазір соғым таусылып, ұзынның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін уақыты. Арзан жұмыртқаны алсам болды, үйге қайтамын, – деді Күләш Құдиярқызы.
Біз Жанболат Диханбекұлынан осы жәрмеңкеге малдың еті неге әкелінбегенін сұрадық. Ол: «Қалада бұған дейінгі жәрмеңкелер он ауданның қатысуымен өтіп келген. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқарманың шешімімен осы аптадан бастап әр аудан өз жәрмеңкесін өз аумағында өткізуі керек деген тапсырма түсіпті. Сондықтан біз жәрмеңкеге тек қаланың ауылшаруашылық тауары өндірушілерін шақырдық. Олар негізінен қайта өңдеумен айналысады. Ет болмаса да шұжық секілді ет өнімдері бар.
Мысалы, осындай жәрмеңке әз Наурыз мерекесі қарсаңында, яғни 15 наурыз күні ұйымдастырылып, оған Жамбыл, Байзақ, Жуалы, Меркі, Қордай, Т.Рысқұлов, Талас, Мойынқұм, Сарысу, Шу аудандарының ауылшаруашылық тауарын өндірушілері қатысты. Сол кезде де 47,9 миллион теңгеге 60,1 тонна ауылшаруашылық тауарлары нарық бағасынан 15-20 пайызға төмен ұсынылды. Оның ішінде 12,6 тоннасы жылқы, сиыр, қой және тауық еті болатын. Одан бөлек, 3 тонна шұжық өнімдері саудаға шығарылды», – деді.
Әулиеата ауданы әкімі аппаратының ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімшесінде бас маман болып жұмыс істейтін Аида Әбдікерімова жәрмеңкеге банкаға жабылған 100 литр қияр, қызанақ, алма шырынын әкелінгенін, оның жартысы түс болмай сатылып кеткенін айтады.
– Жамбыл ауданының құрамында болған бұрынғы Шайқорық ауылы қазіргі уақытта Тараз қаласының Әулиеата ауданына қарайды. Равшан Мамедов есімді жеке кәсіпкеріміздің қайта өңдеу цехі бар, өнім сол кәсіпкердікі. Екі литрлік алма шырынының бағасы – 400 теңге. Қызанақ шырыны 800 теңгеден сатылуда. Ащы тұздалған өнімдер де бар. Мысалы, тұздалған қиярдың бағасы 650 теңге шамасында. Бұл тауардың барлығы да қолдан жасалған табиғи өнім болып саналады, – деді Аида Әбдікерімова.
«Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның әкімшісі Анар Тұрлыбаеваның айтуынша, жәрмеңкеге тұрақтандыру қоры есебінен күнделікті тұтынуды қажет ететін 19 түрлі тауардың барлық түрі жеткізіліпті. Мысалы, 200 литр өсімдік майы, 1500 данаға жуық жұмыртқа, әр қайсысы 50 келіден біріші сортты әлеуметтік ұн, сапалы сортты ұн, күріш, қарақұмық, 60 келі макорон өнімі, әрқайсысы он келіден маш бұршағы, ас бұршақ, қызыл бұршақ, арпа жармасы, ұнтақталған бидай жармасы секілді өнімдер әкелініпті.
Егер бұдан былай Тараз қаласында өтетін жәрмеңкеге аудандар қатыспайтын болса, мал еті саудаланбауы мүмкін. Бірақ облыс орталығында мал бордақылаумен айналысып отырған кәсіпкерлер жетерлік. Осындай іскер азаматтарға жеңілдіктер қарастыру арқылы алдағы жәрмеңкеге мал етін шығарудың амалын қарастыру қажет секілді.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ