
Жас шахматшының жеңісі жайлы әкесі әрі жеке бапкері Ниязбек Қайыпов хабарлады. Биыл үшінші мәрте ұйымдастырылған турнир елімізде зияткерлік спорт түрлерін дамытуға зор үлес қосқан Төлеуғазы Қарыпбаевтың рухына арналды.
Төлеуғазы Қарыпбаев – Жетісу өңірінің тумасы, «Дебют» шахмат клубының құрметті мүшесі. Ол туған өлкесінде шахмат үйірмесін ашып, ұзақ жылдар бойы шәкірт тәрбиелеумен айналысқан. Спорттық мансабында аты аңызға айналған Анатолий Карпов, Гарри Каспаров, Михаил Таль сынды әйгілі гроссмейстерлермен кездесіп, шахмат тақтасында шеберлік байқасқан.
Талдықорған қаласында өткен турнирде еліміздің барлық өңірінің және шетелдік жас шахматшылар бақ сынады. Ойшылдар жарысында Тәжікстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Ресей, Қырғызстан секілді көршілес мемлекеттерден келген ойыншыларды қосқанда 300-ге жуық қатысушының ақыл-ойы сарапқа салынды. Жарыс швейцариялық жүйе бойынша өтті.
Бәсі жоғары бәсекенің алғашқы кезеңінде топ жарған Айару Қайыпова 100 000 теңге көлеміндегі ақшалай сертификатпен марапатталды.
– Айарудың жеңісін өте үлкен қуанышпен қабылдадық. Қызым шахматты жақсы ойнайтын өзге жасөспірімдерден де көп нәрсе үйреніп жатыр. Әрбір жеңіс оның өз-өзіне деген сенімділігін арттырып, шеберлігін шыңдай түсті. Енді финалдық ойындарда да осы қалпынан танбай, ел чемпионы атанып, облыс мерейін асырады деп үміттенемін, – дейді әкесі Ниязбек Қайыпов.
Айта кетейік, Айару өткен жылдың желтоқсан айында Таиландта өткен Азия чемпионатында жасөспірімдер арасында командалық есепте алтын медаль жеңіп алып, еліміздің абыройын асқақтатқан болатын.
Қазақстан Республикасы кубогі 6 кезеңнен тұрады. Алдағы турлар Қостанай, Қызылорда, Ақтау, Павлодар және Алматы облыстарында өтеді. Финалдық кезеңі қараша айында Алматы қаласында ұйымдастырылады.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ