Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Облыс оқушылары олжалы оралды

Облыс оқушылары олжалы оралды
Автор
Жуырда Қарағанды қаласында «Roboland – 2025» халықаралық робототехника, бағдарламалау және инновациялық технологиялар фестивалі өтті. Білім бәсекесіне еліміздің әр аймағынан және шетелдерден, атап айтқанда, Болгария, Иран, Ресей, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғыз 350-ден аса команда қатысқан.

Бір айта кетерлігі, сайысқа қатысушылардың жасына шектеу қойылмаған. Үміткерлер қатарында оқушылардан бөлек, мұғалімдер де болды.

Фестивальдің мақсаты – балалардың ғылыми-техникалық әлеуетін дамыту және жаңа технологияларды білім беру саласында насихаттау.

Облысымыздан фестивальға 19 команда қатысты. Атап айтқанда, Тараз қаласының, Байзақ және Меркі аудандарының оқушылары байқауда бақ сынап, абырой биігінен көріне білді.

Тарқатып айтсақ, Меркі ауданындағы Темірбек Қожакеев атындағы №39 жалпы орта білім беретін мектеп-гимназияның оқушылары Нағашбай Абдуғани мен Адиля Дүйсебек «Лабиринт (level 2)» категориясында алтын медаль жеңіп алды. Байзақ ауданындағы Ю.Гагарин атындағы орта мектептің оқушылары Тұрсынбай Абылай мен Аманбай Хажмұқан «Теңге алу» категориясында күміс медаль еншіледі. Сол секілді Меркі ауданындағы №17 гимназияның оқушысы Рафаэль Курбановқа «Лабиринт водных роботов» категориясында қол медаль бұйырды. Аталған аудандағы №13 мектептің оқушылары Нышан Данияр мен Медет Есенбай да «Робогеометрия (level 2)» категориясында үшінші орынды місе тұтты.

– Робогеометрия» – робототехника мен геометрияны біріктіретін сала. Бұл категорияда біз өзімізге берілген кез келген фигураның программасын жазып, 1 сағатта роботпен сызып шығуымыз керек. Роботеорияда геометриялық есептерді шешу, әртүрлі траекторияларды құру, пішіндер мен сызықтардың дәлдігін қамтамасыз ету сияқты мәселелер қарастырылады. Бұл сайыс бізге инженерлік ойлау мен математикалық дағдыларды дамытуға мүмкіндік берді, – дейді Медет Есенбай.

Осылайша, жамбылдық өрендер өз мықтылықтарын тағы бір мәрте дәлелдеп, халықаралық «Roboland – 2025» фестивалінен қанжығаларын майлап қайтты. Бұл фестиваль жас таланттардың жаңа технологияларды жетік меңгергенін паш етті.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар