
Аталған үй ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 23 қыркүйектегі №376 Қаулысымен бекітілген «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасына» сәйкес кезекте тұрған әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды баспанамен қамту мақсатында республикалық және облыстық бюджеттік өтінім арқылы екінші нарықтан сатып алынған. Бүгінде мұндағы пәтерлер тиісті келісімшарт арқылы толығымен пайдалануға берілген.
– Осы үйлерге тұрғындар талай жыл кезегін күтіп қол жеткізді. Қазіргі таңда пәтердің барлығы дерлік тұруға дайын. Дегенмен кей тұрғындар немқұрайдылық танытып, әлі де өз баспаналарына көшуге асығар емес. Бұл өз кезегінде тұрғын үйлерді жылумен және газбен өз деңгейінде қамтамасыз етуге кесірін тигізіп отыр. Себебі, осында тұруға тиіс халықтың 70 пайызы өз үйлеріне қоныстанбайынша көгілдір отын берілмейді. Бұл – тиісті заңда көзделген норма. Сондықтан пәтер иелері арасында түсіндірме жұмыстарын жүйелі жүргізіп, заң аясында тиісті шешім қабылдау қажет. Ал жаңғырту жұмыстары барысында жіберілген кемшіліктерді мердігер компания өз мойнына алып, белгіленген мерзімде жөндейтін болады, – деген Бақытжан Әмірбекұлы бұл бойынша берілген тапсырмалардың орындалуын жеке өз бақылауына алатынын жеткізді.
Бұдан кейін қала әкімі «Ұлы дала» ықшамауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысымен, инфрақұрылым жұмыстарымен танысты. Қазір «Ұлы далада» 22 көпқабатты тұрғын үй бойынша жұмыстар атқарылуда. Оның төртеуі арендалық, 18-і кредиттік үйлер. Атап айтқанда, бүгінде көппәтерлі тұрғын үйлердің ішкі алаңдық инженерлік желілерінің құрылысын салу және абаттандыру жұмыстары жүзеге асырылуда.
Келесі кезекте шаһар басшысы «Түйте» каналына аялдап, қайта жаңғырту жұмыстарының барысына ден қойды. Айталық, қазір «Сенім Құрылыс Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мердігерлігімен «Түйте» каналының, атап айтқанда, «Ұлы дала» ықшамауданы мен «Бурыл» алқабы ортасындағы бір бөлігіне абаттандыру жұмыстары жүруде. Каналдың абаттандырылатын бөлігі 1 738 метрді құрайды. Енді осы жұмыстар ойдағыдай аяқталса, канал бойы тұрғындар сейілдейтін демалыс орнына айналады.
Сонымен қатар қала әкімі Асқаров көшесінің соңында орналасқан 16 ықшамауданға да ат басын бұрып, көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы мен инфрақұрылым жұмыстарының сапасын тексерді. Қазіргі таңда аталмыш ықшамауданда 180 пәтерлі 5 қабатты 4 тұрғын үйдің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Мердігері – «Агроспецстрой» ЖШС.
Өз кезегінде шаһар басшысы қадағалау күшеймей, құрылыста сапа болмайтынын қадап айтты.
– Барлық құрылыс жұмыстары жоғары деңгейде жүзеге асырылып, халықтың көңілінен шығуы керек. Ол үшін құрылыстың межеленген мерзімінде аяқталуы ғана емес, сапасын да естен шығармаған жөн. Мен осы туралы үнемі айтып келемін. Алайда, бұл тек менің ғана емес, құрылысқа жауапты әрбір тұлғаның ұстанымына айналуға тиіс. Қала екі ауданға бөлініп, құрамына жаңа елді мекендер қосылды. Бұл тұрғын үйлерге қажеттілікті одан сайын арттыратыны белгілі. Сол себепті бұл бағыттағы жұмыстар сапалы әрі дер кезінде жүзеге асырылуы қажет, – деген қала әкімі жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Тараз қаласы әкімдігінің медиа орталығы