
Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында өткен «Жасыл ел» еңбек жасақтарының салтанатты ашылу рәсімін облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасына қарасты облыстық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.
Салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев арнайы қатысып, белсенді жастарға сәттілік тіледі.
– «Жасыл ел» еңбек жасақтарының облыстық деңгейдегі ашылу салтанаты құтты болсын! Осындай игі бастамалардың басында белсенді жастардың жүргені көңілімізге қуаныш сыйлайды. Бүгінгі күні еңбек жасақтарының республикалық штабы жалпы мемлекеттік жастар қозғалысына айналып отыр. Өрендеріміз Отанымыздың шын жанашыры ретінде табиғатты таза ұстауға, қаламыздың көрікті келбетін сақтауға үлкен үлес қосып келеді. Осы орайда сіздерге шынайы ризашылығымды білдіргім келеді. Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталды. Баянды бастамадан жамбылдық жалынды жастар да шет қалмай, ауқымды істер атқарды. Біз табиғат байлығына және күнделікті тұрмыс-тіршілігімізге зияны тиетін жағымсыз әдеттен біржола арылуымыз қажет. Тазалықты сақтау және аялау ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналуы тиіс. Президентіміз: «Өркениетті елдің басты сипатының бірі – тазалық пен тәртіп. Сондықтан да «Таза Қазақстан» шарасы жыл он екі ай бойы жалғасуы тиіс» деп атап өткен болатын. Қадірлі жастар! Сіздердің шығармашылық және кәсіби біліктіліктеріңізді шыңдау үшін өңірде барлық жағдай жасалған. Алдағы уақытта талантты да талапты жастар қоғамдық-саяси өмірдің түрлі саласында зор жетістіктерге жететініне сенімдімін. «Табиғатсыз адамзаттың күні жоқ. Оны айтуға табиғаттың тілі жоқ» дейді дана халқымыз. Табиғатты қорғап, болашақ ұрпаққа қалдыру біздің парызымыз. Осы ретте алдағы жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, – деді Серік Жақсылықұлы.
Ал облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев жастарға рухты сөзін арнап, ақ батасын берді.
Ашылу рәсімінен кейін қатысушылар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында саябақ аумағын қоқыстан тазалап, ағаш отырғызды.
Облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Қадралиевтің айтуынша, «Таза Қазақстан» акциясы аясында жастар тек маусымдық жұмыспен қамтылып қана қоймай, елді көркейтуге, қоғамдық сананы жаңғыртуға да үлес қосып жүр.
– Жастарымыз алғашқы күннен-ақ белсенділік танытуда. Маусымның салтанатты ашылу рәсімінен кейін Қызылабат елді мекенінде орналасқан жасыл белбеуге мыңға жуық тал көшетін егуге аттанамыз. Жалпы облыстық «Жасыл ел» еңбек жасақтары таңертеңнен бастап тазалық жұмыстарын жүргізуде. Ең алдымен «Қарахан» мазарының маңайын реттеуден бастадық. Сондай-ақ «Бәйтерек» ықшамауданындағы саябақтарда да тазалық жұмыстарын жүргізіп, тал көшеттерін отырғызамыз. Яғни, бүгін бас-аяғы 5-6 ауқымды іс-шара өтеді. Биылғы ерекшеліктерге тоқтсалсам, алдымен жастарымыз Тараздағы тарихи ескерткіштерге тазалық жұмыстарын жүргізіп шығады. Одан кейін «Әулиеата жауһарлары» атты арнайы тарихи экспедиция бойынша жолға шығады. Волонтер жастар аудандардағы, ауылдық жерлердегі тарихи ескерткіштердің айналасын ретке келтіреді. Сол секілді тұрақты түрде соғыс ардагерлерінің, қарт кісілердің үйіне барып, тазалық іс-шараларын өткізіп тұрамыз. Жалпы еңбек маусымы әр айға бөлініп жасалған кесте бойынша жүзеге асырылады. Осы жылғы еңбек науқанында 2000-ға жуық жас маусымдық жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда. Қаладағы жоғарғы және арнаулы орта оқу орындарының студент жастары күніге 4 сағат жұмыс атқарады. Яғни сабағына кедергі келтірмес үшін таңертең оқитын студенттер жұмысқа түсқайта кірісе алады. Еңбекке 16 алты жастан асқан өрендер ата-аналарының рұқсатымен арнайы келісімшарт бойынша араласады. Жұмысшы жастарға ай сайын айлықақысы беріліп, зейнетақы қорына ақша аударылып тұрады, – деді А.Қадралиев.
Экологиялық акция облысымыздың бірнеше өңірінде жалғасын тапты. Осы күні еңбек жасағы жауынгерлерінің қатысуымен «Қарахан» кесенесі мен «Қызылабад» елді мекенінде көгалдандыру іс-шаралары өтсе, Сарысу ауданының Жаңатас қаласында, Мойынқұм ауданында тазалық жұмыстары жүргізілді.
– Жамбыл жоғары медициналық колледжінің үшінші курс студентімін. «Жасыл ел» еңбек жасақтарында екі жылдан бері волонтерлікпен айналысып жүрмін. Сондай-ақ «Jastar Ruhy» ұйымының мүшесімін. Еңбек жасағында жүріп көптеген іс-шараларға қатысып, арық-атыздарды тазалап, ағаштарды әктеп, тал-дарақ отырғыздық. Қарт кісілеріміздің үйіне барып, талай рет батасын алып қайттық. Негізі «Жасыл ел» еңбек жасақтарында Жамбыл жоғары медициналық колледжінің жастары көп. Бәріміздің мақсатымыз бір – қоршаған ортаның көрікті қалпын сақтау, – дейді белсенді жас Қырмызы Шамшадин.
Реті келгенде айта кетсек, көктем мезгілі басталғалы облысымызда «Таза қала», «Жасыл қала», «Таза кәсіп – таза аймақ», «Болашақты бірге отырғызамыз», «Жер сағаты» секілді ауқымды акциялар ұйымдастырылып, 818 шақырым арық жүйесі мен канал, 125 мың тұрғын үй ауласы, 4,5 мың шақырым көше тазартылып, 12 мың тоннадан аса қоқыс шығарылды. Сонымен қатар, 70 мыңнан аса ағаш көшеті отырғызылып, 2,4 мың ағаш бұталанды. Бұл жұмыстарға 910 техника тартылды.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ