
Баяндамашының айтуынша, жыл басынан бері мал ұрлығын жасағаны үшін 18 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылса, оның ішінде кәсіби түрде айналысып жүрген 13 адамнан тұратын 6 қылмыстық топ құрықталған.
– 2025 жылы мал ұрлығына қарсы күрес жұмыстары күшейіп, бірнеше заңға қайшы әрекеттер мен қылмыстық іс тіркелді. Профилактикалық іс-шаралар көлемін ұлғайту нәтижесінде ұрланған 146 бас малдың 61-і иелеріне қайтарылып, келтірілген 58 миллион 830 мың теңге шығынның 17 миллион 930 теңгесі өтелді. Сонымен қатар мал сою орындарын тексеру барысында Тараз қаласында 1 заңсыз мал сою орны анықталды. Сондай-ақ облыс аумағындағы ет өткізетін 10 үлкен сауда орнында ет құжаттары тексеріліп, 7 мал базарында мал ұрлығына қатысты зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Кешенді жүргізілген жұмыстар нәтижесінде мал-ет өнімдерін заңсыз тасымалдаудың 246 фактісі, мал жаю ережелерін бұзудың 573 фактісі тіркелді, – деген Еркебұлан Бекбосынұлы мал ұрлығы деректерінің былтырғы жылмен салыстырғанда әлдеқайда төмендегенін тілге тиек етті.
Мәселен соңғы үш жылдық статистика бойынша мал ұрлау фактілері 2022 жылмен салыстырғанда 2024 жылы 23,2 пайызға, қылмыстың ашылу деңгейі 52,6 пайыздан 55,3 пайызға жақсарған.
Айта кетейік, облыс бойынша барлығы 192 707 жылқы, 440 069 ірі қара мал, 3 061 941 уақ мал және 8 015 түйе тіркелген.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ