
Жасанды интеллект технологияларының жедел дамуы өмірімізге жаңа мүмкіндіктермен қатар, жаңа қауіптер де алып келуде. Қазір алаяқтар заманауи құралдарды пайдаланып, азаматтарды алдаудың тың тәсілдерін меңгеруде. Олар адамның дауысын көшіріп, жалған видеолар жасап, тіпті жақын туыстарыңыздың бейнесін имитациялай алатын деңгейге жеткен.
Осыған байланысты Жамбыл облыстық полиция департаменті өңір тұрғындарын кибералаяқтардың құрбаны болудан сақтау мақсатында профилактикалық шараларды күшейтті. Полицейлер оқу орындарына, мекемелерге, тұрғын үй кешендеріне барып, ақпараттық парақшалар таратып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
– Бұрын алаяқтар банктер мен полиция қызметкерлерінің атын жамылып хабарласатын болса, енді олар жасанды интеллект көмегімен жақындарыңыздың даусын көшіріп, шұғыл түрде ақша сұрауы мүмкін. Сондай-ақ сіздің атыңыздан жалған видео жасап, шантажбен айналысатын жағдайлар да кездесуде. Бұл технологиялар алаяқтықты шынайы етіп көрсететіндіктен, аса сақ болу қажет, – дейді Жамбыл облысы ПД Киберқылмыспен күрес басқармасының бастығы Уәлихан Ағыбаев.
Полицейлер жасанды интеллектке негізделген алаяқтықтың құрбаны болмау үшін келесі сақтық шараларын ұстануға кеңес береді:
- Қайта байланыс орнатыңыз. Егер жақын адамыңыздың атынан көмек сұраған күмәнді дауыс хабарламасы келсе, дереу басқа байланыс құралдары арқылы нақтылап алыңыз.
- Аудио немесе видео арқылы ақша жібермеңіз. Жіберуші танысыңыз сияқты көрінгенімен, алдымен оның шын екеніне көз жеткізіңіз.
- Мессенджердегі шұғыл өтініштерге сене бермеңіз. Алаяқтар аккаунттарды бұзып, туыстарыңыздың немесе достарыңыздың атынан хат жазуы мүмкін.
- Күдікті сілтемелер мен файлдарды ашпаңыз. Олар жалған банк немесе мемлекеттік сайттарға ұқсатып жасалуы мүмкін.
- Ақпараттың рас-өтірігін тексеріңіз. Күмәнді видео немесе дауыс хабарламасы келсе, ресми дереккөздерге жүгініңіз.
- Екі факторлы аутентификацияны қосыңыз. Бұл әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі аккаунттарыңызды қосымша қорғайды.
- «Жеңіл табыс» туралы ұсыныстарға сақ болыңыз. Алаяқтар ЖИ арқылы автоматтандырылған түрде инвестициялық жобалар мен жалған ұтыстар ұсына алады.
Жамбыл облыстық полициясы егер сіз ЖИ арқылы жасалған алаяқтықтың куәсі немесе құрбаны болсаңыз, тез арада "102" нөміріне хабарласуға шақырады.
Президент бірнеше мемлекеттегі елшіні ауыстырды
Ұқсас жаңалықтар
Қазақстанда зергерлік бұйымдарды сатудың жаңа ережелері әзірленді
- авторAR-AY
- Бүгін, 11:13