
– Нұржан Ербалаұлы, келесі айда Ұлы Жеңістің 80 жылдығығын атап өтеміз. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының айтулы мерекеге дайындығы қалай?
– Жыл басында «Ana tili» газетіне берген сұхбатында Президентіміз, Жоғарғы Бас Қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы мемлекеттік іс-шаралардың ішінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы ерекше орын алатынын атап өтті. «Жеңісті мерекелеуге арналған жоспарда көптеген іс-шара қамтылған. Оның ең бастысы – Астанада өтетін әскери шеру. Соғыс және тыл ардагерлеріне құрмет көрсетіледі, ешкім де елеусіз қалмайды. Концерттер мен көрмелер өтеді, деректі фильмдер мен бағдарламалар түсіріледі, тарихи кітаптар мен фотоальбомдар шығарылады. Жауынгерлеріміздің есімін ел жадында сақтау үшін зерттеу жұмыстары жалғаса береді. Б.Момышұлының – 115, М.Ғабдуллиннің – 110, Ә.Молдағұлованың 100 жылдығы салтанатты іс-шаралар тізіміне кіреді» деп, Жеңістің биылғы мерекесі Қазақстанның бірде-бір азаматын бейжай қалдырмайтынына сенімді екенін жеткізді.
Жеңістің 80 жылдығына орай 7 мамыр күні Астана қаласында үлкен әскери парад өтеді. Елордадағы парадтың жоғары деңгейде өтуіне «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы да үлесін қосуда. Атап айтқанда, Тараз, Гвардейск және Сарыөзек гарнизондарынан 50 әскери техника қатысады. Сонымен қатар, парадқа 300-ден аса әскери қызметкер жұмылдырылса, оның ішіндегі 58 әйел жауынгер «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығынан іріктеліп алынған. Шеруде «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери оркестрі өнер көрсететінін айта кеткім келеді. 50 музыкант Астанаға барып, парадты сүйемелдейтін 300 адамнан тұратын үлкен оркестр құрамына қосылып, өнер көрсетеді.
Биыл облысымызда техникалық шеруді өткізу жоспарланбағанымен, бірқатар әскери-патриоттық іс-шаралар ұйымдастырылады. Мереке күндері Тараз қаласындағы және барлық аудандардағы соғыс батырларына арналған ескерткіштерге, бюсттерге гүл шоқтары қойылады. Концерттер ұйымдастырылып, «солдат бәліші» үлестіріледі. Қолбасшылық жауынгерлері жоғары оқу орындарында, колледждерде және мектептерде ерлік сабақтарын өткізіп, кездесулер ұйымдастырады. Әскери бөлімдерде Жеңіс күні мен Отан қорғаушылар күніне арналған шығармашылық кештер өткізіліп, соғыс даңқына арналған тақырыптық бұрыштар жасалады.
Әскери музыканттар мен сарбаздар Астана қаласына аттанатындықтан, оркестрдің сүйемелдеуімен өтетін ардагерлерге арналған салтанатты шерулер мәселесі әлі шешілмеді. Алайда бұл мәселе облыс әкімдігі мен Тараз қаласы әкімдігімен талқыланып жатыр.
– Облысымызда қанша Ұлы Отан соғысының ардагері қалды? Мерекеде майдангерлерге қандай құрмет көрсетілмек?
– «Бірі мініп келместің кемесіне, бірі күтіп әнекей жағада тұр» деп Мұқағали ақын жырлағандай, өкінішке қарай соғыс ардагерлері уақыт өткен сайын азайып барады. Облысымызда қазіргі таңда 6 соғыс ардагері (Иван Макеев, Геннадий Иванов, Мүтәліп Ережепбаев, Григорий Нещеретнев, Шалданбай Шаңбаев, Рахымжан Мамыралиев) тұрады. Майдангерлеріміздің арасындағы ең жасы Иван Макеев болса, ең үлкені 101 жастағы Шалданбай Шаңбаев.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері соғысты көзімен көрген батыр ақсақалдарымызға үнемі сый-құрмет көрсетіп отырады. Барлық мерекелерде салтанатты жағдайда құттықтаймыз. Сондай-ақ қолбасшылық жауынгерлері майдангерлеріміздің туған күні мен мерейлі жастарын да атаусыз қалдырған емес. Әр ардагермен жеке кездесіп, сыйлықтар тапсырып, қажет кезде көмегімізді көрсетіп тұрамыз. Жеңіс күнін жақындатқан қарияларымыздың ерлігіне алғысымыз айрықша.
– Көктемгі әскерге шақыру науқаны қалай өтуде? Жалпы жастардың әскерге баруға ынтасы қандай?
– ҚР Қарулы Күштері қатарына сарбаздарды шақыру науқанына негізінен әскери комиссариаттар мен қорғаныс істері жөніндегі бөлімдер жауапты. Дегенмен, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы да жас жауынгерлерді оқыту және бейімдеу бойынша өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып келеді. Осы жылы облыстан 18-27 жас аралығындағы 1 700 азамат мерзімді әскери қызметке шақырылады. Тарқатып айтсақ, 280-і Шекара қызметіне, 1 000-ға жуығы Қарулы Күштердің әскери бөлімдеріне, 450-і Ұлттық ұлан құрамына, 25-і Мемлекеттік күзет қызметіне жіберіледі.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына көктемгі шақыру науқанында 2 000-нан аса әскери қызметші келеді. Қазіргі уақытта жергілікті әскери басқару органдары бүкіл ел бойынша азаматтарды Қарулы Күштерге, соның ішінде өңірлік қолбасшылықтарға жіберу үшін топтар құруда.
Жаңадан сапқа қосылатын жауынгерлерді дәстүр бойынша әскери әндермен салтанатты жағдайда қарсы аламыз. Сарбаздар бір айлық курстан өтіп, әскери ортаға бейімделеді. Оқу мерзімі аяқталған соң сарбаздар ант береді. Бір байқағанымыз көп жігіт әскери қызметке «өмірлік тәжірибе жинақтайтын болдық», не болмаса «әскери қызметкер болу бала күнгі арманым еді» деп жігерлене кірісіп жатады.
Өткен жылдан бастап мерзімді әскери қызметшілерге арнайы жеңілдіктер қарастырылуда. Олар қызмет кезінде және одан кейінгі екі ай ішінде, яғни барлығы 14 ай уақыт аралығында несие төлемдерінен босатылады. Қазіргі уақытта 6 мыңнан аса әскери қызметшіге жалпы сомасы 1,8 миллиард теңгеге жуық несие жеңілдігі берілген. Әскери борышын өтеген азаматтарға жоғары оқу орындарының жатақханасына орналасуда басымдық беріліп, тегін немесе жеңілдікпен білім алу мүмкіндігі ұсынылады. Бүгінде 1 500-ден аса азамат жоғары оқу орындарына тегін оқуға қабылданса, 700-ден астамы ақылы негізде білім алуда. Сонымен қатар, әскери қызмет кезінде мемлекеттік үлгідегі куәлікпен қосымша кәсіптік мамандық алуға мүмкіндік бар. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы 1 200 маман дайындалған.
– Облыста әскери борышын өтеп жүрген жас сарбаздарды отансүйгіштікке баулу бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Қызмет мерзімінен өтіп жатқан сарбаздармен жұмыс жүйесі – мазмұнды және толыққанды үдеріс. Олармен үнемі тәрбиелік жұмыстар жүргізіледі. Бірінші кезекте жас сарбаздарды әскери бөлімнің тарихымен, оның жетістіктерімен таныстырамыз.
Сарбаздардың дүниетанымын кеңейту мақсатында демалыс күндері оларға экскурсиялар ұйымдастырып, жергілікті мұражайларға, театрларға, концерттерге апарамыз. Мұның бәрі жас жауынгерлердің елге, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырады.
– «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы соңғы жылдары қандай жетістіктерге қол жеткізді? Жауынгерлердің жарқын жеңісі туралы айтып өтсеңіз...
– 2025 жыл «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы үшін мерейтойлармен есте қалғалы тұр. Олай дейтінім, қыркүйек айында 25 жылдық мерейтойымызды атап өткелі отырмыз. Осы жылдар ішінде біздің әскерилер әртүрлі жарыстарда жақсы нәтижелер көрсетті. Оның ішінде Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысының кубогын бірнеше рет жеңіп алдық.
Салтанатты іс-шаралар легі ақпан айында басталып кетіп, Жуалы ауданында орналасқан еліміздегі жалғыз тау-егері полкі 25 жылдық мерейтойын атап өтті. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының Бауыржан Момышұлы атындағы 5-механикаландырылған бригадасы секілді басқа да бөлімдері биыл ширек ғасырлық мерейтойларын тойлайды.
Өткен жылдың соңында ҚР Қорғаныс министрлігінің «Әскер тарланы» байқауында облысымыздағы 28349 әскери бөлімінің сапер маманы, кіші сержант Мұхамедияр Бөтенбаев «Үздік сапер» атанды. Бұл – сапер маманның ұзақ жылғы жанкешті еңбегіне берілген баға. Жауынгерімізді ҚР Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың өзі марапаттап, батылдығы мен жоғары кәсібилігін жоғары бағалады.
Сондай-ақ былтыр «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының сержанттар командасы Қазақстан Қарулы Күштерінің 14-Бүкілармиялық сержанттар байқауында жеңімпаз атанды. Бұл байқауға еліміздің барлық әскер түрлерінің сержанттары қатысты. Сол секілді Луговой гарнизонының әскери қызметшілері халықаралық жарыстарда жеңіске жетіп, Пәкістан елінен алтын медальмен оралды. Бұл жеңіс сарбаздарымыздың еңбекқорлығы мен ынтымағының жемісі.
– Басқа елдердің армияларымен ынтымақтастық орнату қандай деңгейде? Шетелдік әріптестермен бірлескен оқу-жаттығулар өтіп тұра ма? Биыл халықаралық әскери жаттығуларға қатысу жоспарда бар ма?
– Қазақстан әскері әлемдегі көптеген елдердің әскерлерімен ынтымақтастық орнатқан. Мысалы, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері Үндістан Қарулы Күштерімен тығыз байланыста. Қазақстандық және Үндістанның әскери қызметшілерінің алғашқы бірлескен жаттығуы 2018 жылы өтткен болатын. Сол жылы қазақстандық мотоатқыштар батальоны бірлескен оқу-жаттығуға қатысу үшін Үндістанға аттанды. Келесі жаттығу кезінде ұрыс алаңы ретінде «Матыбұлақ» полигоны таңдалды. Сол уақыттан бері жаттығулар екі елдің полигондарында кезекпен өткізіліп келеді. Өткен жылы «ҚазИнд – 2024» бірлескен тактикалық жаттығуы Үндістанның солтүстігіндегі Аули қаласы маңында орналасқан «Сурья» оқу орталығында өтті. Сол секілді соңғы кездері Пәкістан әскерімен ынтымақтастық қарым-қатынас жақсарып келеді. Біздің әскери қызметшілеріміз өткен жылы Пәкістаннан алтын медальмен оралды.
Тағы бір айта кетерлігі, қолбасшылық сапындағы жауынгерлер бітімгерлік миссиясына да тұрақты түрде қатысып келеді. Мәселен Оңласын Қапалбаев, Арай Исаев секілді сарбаздарымыз бітімгерлік қызметпен Ливан еліне барып қайтқан. Мұндай жаттығулар мен бірлескен дайындықтар аймақтағы тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтау үшін маңызды. Сондай-ақ бірлескен оқу-жаттығулар ынтымақтастығымызды нығайтып, ортақ қауіпсіздікке ықпал ететініне сенеміз. Биыл да дәстүрден жаңылмай шетелдік әріптестерімізбен бірлескен шаралар ұйымдастырамыз.
– Әскердің имидждін арттыру мақсатында қандай іс-шаралар қолға алынған?
– Менің ойымша, әңгіме барысында айтылғандардың бәрі әскер беделін көтеруге бағытталған іс-шаралар. Дегенмен тағы да қосып өтер дүниелер бар. Қазіргі таңда «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында әскери қызметшілердің психологиялық жай-күйін жақсарту үшін психологтармен жұмыс белсенді жүргізілуде. Өткен жылы алғаш рет облыс студенттері тәжірибеден өтіп, біздің психолог мамандардың жұмысымен танысып қайтты.
Сонымен қатар, әскери госпитальдардың қызметі де дамып келеді. Әскери қызметшілердің денсаулығын бақылау және медициналық көмек көрсету сапасын арттыру үшін жаңа технологиялар мен заманауи жабдықтар енгізілуде. Биылдан бастап әскери госпиталымызда да Жамбыл медициналық жоғары колледжінің студенттері практикадан өтуге мүмкіндік алды.
Цифрландыру да әскер жұмысын жеңілдетуге мүмкіндік беруде. Мысалы, «Отбасымен бейнеқоңырау» жобасы қолға алынған. Бұл жоба аясында жас жауынгерлер әскери қызметтің қиындығына қарамастан, отбасы мүшелерімен үнемі хабар алмасып, бейнеқоңырау арқылы байланысып отырады.
Соңғы жылдары Қазақстан әскери қызметтің имиджін және тартымдылығын арттыру бойынша белсенді жұмыс істеп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен әскери қызметшілердің әлеуметтік мәртебесін жақсартуға, әскерді жаңғыртуға және жастардың әскери-патриоттық тәрбиесіне бағытталған іс-шаралар жүзеге асырылуда.
– Әңгімеңізге рақмет
Сұхбаттасқан Ақтоты ЖАҢАБАЙ