Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Шығармашылық мамандыққа шынайы ниет керек

Шығармашылық мамандыққа шынайы ниет керек
Ашық Дереккөз
Мамандық таңдау – əркім үшін маңызды қадам. Біреулер шығармашылық саланы жүрек қалауымен таңдайды, ал кейбіреулер үшін бұл жай ғана оқуға түсу мүмкіндігі. Бірақ сүйіспеншіліксіз өз ісіңнің шебері болу мүмкін бе? Шығармашылыққа бейімі жоқ жастардың бұл салаға кездейсоқ келуі қаншалықты дұрыс? Жүйенің кемшіліктері мен саналы таңдаудың маңызын саралай отырып, осы сұрақтарға бірге жауап іздейік.

Қазіргі қоғамда шығармашылық мамандықтарға деген көзқарас екіұдай. Біреулер оны үлкен арманның жүзеге асуы деп қараса, енді біреулер жоғары оқу орнына түсудің жеңіл жолы ретінде көреді. Мектеп бітіруші түлектердің көбі қай салаға баратынын нақты білмей, «Қай пəндерді таңдасам жеңіл болады?» немесе «Оқу ақысы қолжетімді ме?» деген сұрақтарды ойлап, өз болашағын дүкеннен шоколад таңдағандай қарастырады. Осындай оймен журналистика мамандығына қадам басқан Эльдар бүгінде диплом алар сəтте өз жолының дұрыстығына күмəнмен қарап отыр. Ол бала кезінен фантастикалық фильмдерді тамашалап, түрлі креативті оқиғаларды ойлап табатын. Айналасындағы адамдар шынайы өмірдің қызықтарын талқылап жүргенде, ол өз қиялымен арпалысып, жаңа сюжеттер құрастыратын еді. Дегенмен, журналистикаға келуінің басты себебі – бұл мамандыққа түсу жолы оңай болуында. Қабылдау емтихандары салыстырмалы түрде жеңіл болғандықтан, бұл факультетке нақты мақсаты жоқ талапкерлер де көптеп түседі. Мəселенің түп-тамыры – шығармашылық мамандықтарға қойылатын талаптардың əлсіздігінде.

Бүгінде бұл салаға түсу үшін адамның қабілеті мен ынтасына терең талдау жасалмайды. Оқуға қабылданған жастардың арасында жазуға, өз ойын тарқатып айтуға бейімі жоқ, бірақ балл жетпегендіктен амалсыздан келгендері бар. Нəтижесінде, олардың көбі мамандыққа бейімделе алмай, оқуын аяқтаған соң мүлдем басқа салаға кетіп жатады. Эльдар куратормен сөйлескен кезде былтырғы түлектердің басым бөлігі журналистиканы тастап, өзге мамандықтарға ауысқанын білген еді. Бұл тек журналистика саласында ғана емес, жалпы шығармашылық бағыттарда кездесетін ортақ мəселе. Жастардың бір бөлігі бастапқыда қаламаған мамандығына уақыт өте ғашық болып, өз ісінің білікті шебері атанса, ал кейбірі өз қателігін кеш түсініп, уақыты мен күшін бекер жұмсағанын аңғарып жатады.

Қоғамда шығармашылық мамандықтарға түсу оңай деген түсінік қалыптасып кеткен. Алайда бұл саланың жеңіл болуы тиіс деген де қағида жоқ. Қайта керісінше, кəсіби маман қалыптастыру үшін іріктеу жүйесі қатаң болуын қадағалау қажет. Себебі журналистика, режиссура, актерлік өнер, дизайн секілді салалар шынайы ынта мен жауапкершілікті талап етеді. Мұндай мəселелерді шешу үшін шығармашылық мамандықтарға қабылдау жүйесін қайта қарастыру дұрыс шешім болмақ. Біріншіден, талапкерлердің қабілеті мен қызығушылығын тереңірек бағалайтын жүйені енгізу арқылы жай ғана тест тапсырудың орнына олардың шын мəнінде бұл салаға лайық екенін анықтайтын шығармашылық сынақтар болуы ұтымдырақ. Екіншіден, түлектерге кəсіби бағдар беруді мектептен бастап жүргізу маңызды. Егер оқушылар өздерінің болашақ мамандығы туралы толық түсінікке ие болса, олар таңдауды саналы түрде жасап, болашақта еш өкінішсіз білім ала алады.

Шығармашылық мамандыққа түсу – біреулер үшін үлкен арманның орындалуы, ал біреулер үшін балама нұсқа ғана. Бірақ бұл салаға тек дарынды адамдар ғана емес, сол бағытқа шынайы ынта-ықыласы бар, еңбекқор жандар түсуі керек. Сондықтан, шығармашылық мамандықтарға түсу жүйесін жетілдіріп, жастардың саналы таңдау жасауына жағдай жасау – уақыт күттірмейтін өзекті мəселелердің бірі. Бəлкім, əрбір талапкер өз жүрегіне үңіліп, «Мен бұл мамандықты шынымен қалаймын ба?» деген сұраққа жауап беріп барып шешім қабылдауы керек шығар. Себебі сүйіспеншіліксіз, қызығушылықсыз басталған жол ерте ме, кеш пе, тығырыққа тірелуі мүмкін. Эльдар да бұл шындықпен бетпе-бет келді. Ол шығармашылыққа бейім болғанымен, таңдауы саналы болмады. Бірақ оның əлі де бағытын өзгертіп, өз орнын табуға мүмкіндігі бар. Мəселе – сол мүмкіндікті қалай пайдаланатынында. Егер жастар болашақ мамандығын жүрек қалауымен таңдап, қоғам шығармашылық мамандықтарға жеңіл көзқараспен қарауды тоқтатса, біз өз ісіне адал, мықты мамандар қалыптастыра аламыз. Ал бұл – өнердің, мəдениеттің жəне журналистиканың шынайы дамуына жол ашады.

Əйгерім ТҰРАРБЕК,
М.Х.Дулати атындағы Тараз
университетінің 4-курс студенті

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар