
Бүгінде робототехника – тек ойыншықтар мен өндірістік машиналар ғана емес, адам өмірін жақсартуға бағытталған инновациялардың бір бөлігі. Ғылым мен технология күн сайын дамып, жаңа мүмкіндіктер сыйлауда. Осы тұрғыда робототехника саласындағы білімді кеңейту өте маңызды.
Жас өнертапқыш бірнеше ай бойы зерттеу жүргізіп, LEGO Mindstorms EV3 конструкторының көмегімен роботтың алғашқы прототипін жасап шығарған. Бұл құрылғы мүмкіндігі шектеулі жандарға баспалдақпен көтерілуге мен түсуге көмектесуге арналған.
Бабур роботтың тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы гироскопиялық сенсор орнатыпты. Ал роботты әзірлеу барысында дөңгелектердің диаметрін дұрыс таңдаудың маңыздылығы анықталған. Себебі құрылғы баспалдақпен көтерілгенде тұрақтылықты сақтауы тиіс. Сонымен қатар, бағдарламалау кезеңінде қозғалысты басқару үшін арнайы алгоритм жасалған.
– Мен бала кезімнен робототехникаға қызығамын. Бұл жобаны жасау маған үлкен тәжірибе берді. Алғашында қиындықтар болды, бірақ ұстазымның көмегімен барлығын жеңдік. Біздің робот мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жеңілдетеді деп сенемін. Болашақта оны одан әрі жетілдіруді жоспарлап отырмын, – дейді Бабур.
Жобаның жетекшісі, информатика пәнінің мұғалімі Сәуле Болатбекқызы да бұл жұмыстың маңыздылығын ерекше атап өтті:
– Оқушылардың осындай әлеуметтік маңызы бар жобалармен айналысуы – олардың шығармашылық және техникалық қабілеттерін дамытуға үлкен мүмкіндік. Бұл жоба тек робототехника саласындағы білімді кеңейту ғана емес, қоғамдағы маңызды мәселелерді шешуге де үлес қосады. Егер бұл робот өндірістік деңгейде жүзеге асса, көптеген мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек болар еді, – дейді С.Болатбекқызы.
Бүгінде мүгедектігі бар жандар үшін «кедергісіз орта» құру – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Сол себепті мұндай инновациялық құрылғылар ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін таптырмас көмекші болмақ.
Бабур мен оның ұстазының еңбегі болашақ инженерлер мен өнертапқыштарға шабыт сыйлап, мүгедектігі бар жандардың өмір сапасын жақсартуға өз үлесін қосады деп сенеміз.
Бақытжан БЕКБОЛАТ,
журналист