Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Құмыра жасаудың да құпиясы көп

Құмыра жасаудың да құпиясы көп
Ашық Дереккөз
Қазақ даласы, әсіресе Тараз шаһары – ежелден қолөнершілердің мекені екені айнымас ақиқат. Сондықтан сазбалшықтан құмыра жасау – ғасырлар бойы сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен ерекше өнердің бірі.

Бүгінгі күнде бұл өнер ата-баба мұрасын заманауи үлгіде жаңғырту мен мәдениетті дәріптеудің маңызды құралына айналды. Әсіресе жастар арасында қыш өнеріне деген қызығушылық қайта жанданып, сәнге айналуда. Сұраныс бар жерде табыс бар. Сондықтан соңғы кезде құмыра жасау орталықтарын ашу шығармашылыққа жаны құмар жандар үшін ерекше табыс көзі болып отыр. Осы бағытта өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, құмыра жасау өнерін дамытып жүрген шеберлердің бірі – Әсем Мүсралиева.

Жуырда Әсем Қуатқызының жетекшілігімен ашылған «SOUL_SAT_TRZ» арт-студиясына арнайы барып, тыныс-тіршілігімен танысып қайттық. Студия ішінде жанға жайлылық сыйлайтын тыныш әрі романтикалық атмосфера қалыптасқан.

– Бұл кәсіпке келуім кездейсоқ болғанымен, уақыт өте келе нағыз жан қалауыма айналды. Бастапқыда хобби ретінде қараған ісім қазір көптеген шығармашылық адамдары мен әуесқойларға арналған орталыққа айналды. Менің негізгі мамандығым – киім дизайнері. «ASPARA» мәнерлік өнер және бизнес колледжінде білім алдым. Біраз уақыт мамандығым бойынша жұмыс істедім. Тіпті Стамбулға, Ташкентке, Үндістанға, Нидерландыға іссапармен барып, мамандармен тәжірибе алмасып, біліктілігімді арттырып қайттым. Алайда уақыт өте келе құмыра жасауға деген қызығушылығым артып, осы кәсіптің соңына шындап түстім. Сол кездері қалаға белгілі бір құмыра жасау шебері келіп, ол кісіден дәріс алып, өнердің қыр-сырын меңгердім. Артынша, яғни 2021 жылы шеберханамды аштым. Келушілер қатары үзілген емес, ісімді дөңгелетіп отырмын. Бүгінде өзім де саздан бұйым жасауға қызыққан жандарға сабақ беретін шеберге айналдым. Шеберлікті қажет ететін құмыра жасау ісі шығармашылық еркіндікті сезінуге мүмкіндік береді. Әр бұйымды жасағанда тек қол еңбегіне сүйеніп қана емес, жүрек қалауымен жұмыс істеу қажет. Қазақ мәдениетінде құмыра жасаудың маңызды орны бар. Бұрынғы дәстүрлі стильдер көбіне қолмен жасалған және қарапайым болып келсе, қазіргі қыш өнері түрлі дизайнымен, жоғары технологиялық өңдеуімен ерекшеленеді, – дейді Әсем Қуатқызы.

Шебердің айтуынша, бір құмыра жасауға орта есеппен жарты сағат уақыт кетеді. Алдымен саз балшықты шеңберге ұстату үшін кішкентай ғана сазды шеңбердің ортасына қою керек. Одан кейін сазды бар күшіңізді салып жапсырасыз. Сазбалшық қатты жабысуы тиіс. Себебі жұмыс кезінде шеңбер айналғанда, саз дұрыс жабыспаса, жасаған бұйымыңыз ойыңыздағыдай шықпайды. Құмыра жасау барысында үнемі суды қолданып отыру қажет. Өйткені саз құрғап кетпеуі тиіс. Құмыра жасаушылар өздері сазбалшықтың биіктігін көтеріп, қалаған пішінге келтіреді.

Бұдан соң дайын болған ыдыстың сыртын ангоб бояумен әрлеп, оны күн түспейтін, қалыпты температурада сақтап кептіру қажет. Дайын болған құмыра біртіндеп құрғай бастайды. Ең соңында арнайы пеште жоғары температурада күйдіріледі, бұл оған беріктік береді.

– Құмыра жасау ісін өнер мен табысты ұштастырған жанға жайлы кәсіп дер едім. Саздан бұйым жасауды құр ермек деп қарауға болмайды. Біздің орталықта жасалған кез келген туындының артында шығармашылық ізденіс, терең ой мен шеберлік жатыр. Әрбір құмыраның өз тарихы мен ерекше көрінісі болуы керек. Бұл процесс мен үшін тыныштық пен өзін-өзі тану сәті. Мен әр жұмысымды ұқыптылықпен істеп, оған жан бітіруге тырысамын. «Қыш құмыраны бір көріп алсам, жасай беремін» деу қателік. Оған машықтану үшін көп тер төгу қажет. Бұл өнер адамның жүйкесін тыныштандырып, шыдамдылыққа, ыждаһаттылыққа үйретеді, егер адамның бұл салаға деген құштарлығы болмаса, үйреніп кетуі қиын. Тараз қаласының тұрғындарының қыш ыдыс жасауға деген қызығушылығы бізге үлкен шабыт сыйлайды. Бүгінде шеберханаға 7 жасар баладан бастап, зейнеткерлерге дейін көптеп келеді, – дейді кәсіпкер.

Әсем Қуатқызы түсіндіріп өткендей, құмыра жасау әртүрлі техникамен орындалады. Оған су, арнайы тазалайтын құрал, темір және қыш ыдыстың сыртын тегістеп алатын құрал қажет болады. Құмыра жасау үшін арнайы дайындалған саз керек. Кәсіпкер оны Қонаев қаласынан алдыртады.

– «SOUL_SAT_TRZ» қолөнер орталығын махаббат мекені десе де болады. Ұмытылмас көңіл күй сылайтын, ерекше атмосфераға ие шеберханаға жас ғашықтар, құрбылар, анасы мен қызы, әпкелі-сіңлілер келіп, сезімдерін, бір-біріне деген сүйіспеншілігін өз қолымен жасаған қолөнері арқылы сездіреді. Дайын болған құмыраға қалауларынша сурет салып, естелік сөз қалдырып жатады. Құмыра жасау – денсаулыққа өте пайдалы, әсіресе онкология, аутизммен ауыратын балалардың қол моторикасын дамытуға, олардың ойлау қабілеті мен тепе-теңдік ұстау дағдыларын жетілдіруге үлкен ықпал етеді, бұл процесс ми жұмысына оң әсерін тигізіп, адамның зейінін арттырады. Тараз қаласында дәл осындай 2-3 шеберхана бар, бірақ бір-бірімізбен бәсекелес емеспіз. Несібемізге қарай дейміз бе, әрқайсысымыздың өз тұрақты келушілеріміз бар. Бұл үрдіс көбіне адамдардың қолөнерге деген қызығушылығының артуымен байланысты деп ойлаймын. Сонымен қатар дәстүрлі қолөнер мен заманауи дизайнның үйлесуі көптеген адамдардың назарын аударып отыр. Көптеген адамдар осы өнерді өз шығармашылығын дамыту, хобби ретінде немесе жаңа кәсіп ретінде меңгеру үшін келеді. Сондай-ақ кейбір бозбала мен бойжеткен, жаңадан шаңырақ көтерген жастар романтикалық кездесу ұйымдасыруға келеді. Қазіргі таңда минимализм стиліндегі құмыралар сұранысқа ие. Дизайнда ерекше текстуралар, түрлі түстер мен пішіндер қолданылады. Мен де дәстүрлі мотивтер мен заманауи элементтерді біріктіруге тырысамын. Шәкірттерімнің арасында байқауларға қатысып, жетістікке жетіп жүргендері де аз емес. Мектеп жасындағы Арман Алихан, Жарылқасын Асылжан атты шәкірттерім үйірмеден қалмайды. Балалармен тек құмыра дайындап қана қоймай, мүсіндеу сабақтарын да өткіземін, – дейді Ә.Мүсралиева.

Шеберхана клиенттерге бірнеше қызмет ұсынады. Мәселен, 7 990 теңгелік VIP пакеттің ішіне шеберлік сабағы, 1000 грамм саз балшық, 2 түрлі саздан таңдау мүмкіндігі, қалаған пішінде бұйым жасау, дайын бұйымды өзімен бірге алып кету, ангоб (бояу), фотосессия және кәсіби видео монтаж кіреді. Стандарт пакеттің бағасы 6 990 теңге. Бұл бағаға келушілер шеберден дәріс алып, 700 граммдық 2 түрлі саз таңдау мүмкіндігіне ие болып, қалаған пішінде бұйым жасап, құмырасын бояп және фотосессияға түсе алады. Сондай-ақ әдемі атмосферада жақыныңмен бірге дайындаған бұйымыңды өзіңмен бірге алып кете аласың. Бұдан бөлек, 5 990 теңгелік қолайлы пакет пен 2 990 теңгелік балаларға арналған арнайы бағдарлама бар, бұл пакеттер отбасы мүшелері мен балалар үшін қолжетімді әрі ыңғайлы.

Шебердің дарынды шәкірттерінің бірі Алихан Арманның анасы Феруза мұндағы сабақтардың қызықты өтетінін айтып, жас кәсіпкерге ризашылығын білдірді.

– «SOUL_SAT_TRZ» шеберханасы келген сайын өзімізді еркін сезініп, ерекше шабыт аламыз. Қолмен жасалған әрбір құмыра – көңіл күйіміздің, ішкі жандүниеміздің көрінісі. Ұлым да күнде жаңа дүниеге үйреніп, қолөнерге бейім болып келеді. Осындай керемет орталық ашып, келушілеріне қуаныш сыйлап отырған Әсем ханымға алғысым шексіз, – дейді Феруза.

Кейіпкеріміздің шеберханасының тағы бір ерекшілігі – мұнда ерлі-зайыптылар «гендер пати» жасап, болашақ сәбилерінің жынысын анықтай алады. Одан бөлек шеберханада картина салуға да қолайды жағдай жасалған.

Бабадан жеткен құмыра жасау өнері уақыт өте жоғалып кетпей, қайта жаңғырып, жаңа бағытта дамуына Әсем секілді шеберлердің қосып жүрген үлесі зор. Қалай дегенде де қолөнердің осындай түрлеріне деген қызығушылықтың артуы – мәдениетімізді сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізудің бір жолы екені анық.

Әсем Қуатқызы болашақта бүлдіршіндерге арналған арнайы курстар ашып, өнімдерін экспортқа шығаруды жоспарлап отыр.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар