
Ене – ең алдымен ақ жаулықты ана. Баласын өбектеп, тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмай аялап өсіреді. Бар мейір-шапағатын төгіп, жетістігіне қуанып, әр қателігіне бірге күйінеді. Бірақ кейде есейген ұлын таңдап, босағасын жаңа аттаған қыз баланың басына ақ жаулық жапқан сәттен кей аналардың өмірі өзгеріп қоя беретіндей.
Расымен енелерді екіге бөліп қарауға болады. Бір ана табалдырығын аттаған жас келінді құшағына алып, өбектей түссе, екінші ана жас келінін жақтырмай, «отырса опақ, тұрса сопақ» етеді. Сондықтан бір келін үшін енесі құрбысы һәм анасындай болып жайнап, жадырап жүрсе, кейбір ене мен келін ит пен мысықтай ырылдасып күн кешеді.
Бұлай болуының себебі неде? Егер ене үлкендік танытып жаңа ғана ақ босаға аттаған жас келінді өз қызындай бауырына басса, өмірдің мәнін енді ғана ұғып келе жатқан қыз да бөтендік танытпас еді ғой. Мұндағы ене тарапынан кететін ең үлкен қателік – «келінді бастан» деген сөзге иланып, табалдырық аттай сала қаталдық танытады.
Негізі келін де өзіндік тәлім-тәрбие алған біреудің өрімдей қызы. Оның білгенінен білмегені көп. Ең алдымен ене соны ескеріп, түсіністік танытса, қыз – сол отбасының бағына айналары сөзсіз. Бұл тұста ененің ашуынан гөрі ақылы аса қажет, маңызды. Жас келінге адуынды енеден гөрі мейірбан ана керек қой.
Жалпы неліктен ене келінді ұнатпайды? Бір үйдің екі бірдей ақ жаулықтысының тату-тәтті тіршілік кешуіне не кедергі? Немесе келін неге ененің ақылын тыңдап, тілін алмайды? Олар қайткенде тіл табысып, ара-қатынасы реттеледі? Ене келінді ұнатпаса, келіннің де енесіне құрмет көрсетуі екіталай емес пе?! Сондықтан бала кезінде екі бөлек ортада өсіп, есейгенде бір үйдің түтінін түтетіп, бір шаңырақтың шаттығына айналған екі нәзікжандының жауласуына не түрткі?!
Бұл мәселені көтеруімізге екі кештің ортасында телефоныма шалынған қоңырау әсер етті. Телефонның ар жағында ботадай боздаған егде әйелдің көз жасы ешкімді бейжай қалдырмасы анық еді. Ол жалғыз ұлының момындығын пайдаланған келінінің ата-енесіне күн бермей, үйінен қуып жатқанын айтып егілді.
Мән-жайды түсіну үшін сол әйел берген мекенжайға аттандық. Осы үйдің отағасы, яғни жалғыз ұл қақпадан сау етіп кіріп барған беймезгіл қонақтарға көңіл аудармаған күйі көшеде темекі шегіп тұра берді. Солған жанарынан дәрменсіздік байқалды.
Кіреберіс дәлізден бастап есік пен төрдің ортасында шашылған ойыншықтар, киім-кешек пен сынған ыдыс-аяқтан көз сүрінеді. Үйелменді-сүйелменді бес бала үрпиіп, ата-әжесінің құшағына тығылып отыр. Жетпісті еңсерген ерлі-зайыпты өздеріне ыңғайлы орталық тауып беруімізді өтінді.
– Балам момын. Келін «беттен алып, төске шауып» тұр. Бүгін «кетіңдер» деп мазаны алды. Ұлдың бес баласы бар, обал. Сондықтан шалым екеуміз кетуді ұйғардық. Осындай өзекті мәселелерді қозғап жүретін тілші ретінде сізді шақырғанымыз, «мына келіннен бізді құтқарыңыз» деп көмек сұрайын деп едік. Жиған дүниеден, ақшадан да ештеңе қажет емес. Бізге құлақтың тыныштығы керек. Немерелерімізді көріп тұруға рұқсат берсе болды, – деп шырылдады әже.
Сол сәт тыстан тағы да қонақтар келіп жетті. «Әке шешемізді далада қалдырмаймыз. Өзім алып кетем» деді кірген беттен. Осы үйдің қызы мен күйеу баласы екен. Қызы анасына: «Мама, өзің кінәлісің бәріне. Енді кімнен, не көмек күтесің? Болды енді, бізбен тұрасыздар. Сіздің қаталдығыңыздың кесірі осының бәрі. Баяғыдай қауқарыңыз жоқ енді» деп жатты.
Кейін белгілі болғандай босаға аттаған келінге кезінде енесі күн бермеген екен. Табалдырық аттағаннан жасай алмаған дүниесін бетіне басып, үйретудің орнына төркініне апарып тастаған сәттері де болған. Араға жылдар салып көпбалалы ана атанып, етек-жеңін жинаған келін енді енесінің жасағанын алдына келтіріп отырған сыңайлы.
Өмір бумиранг. Алайда ел аузында жүрген нақылға сүйенсек, «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген сөздің жаны бар сияқты. Бұл жолы бірақ, бұл түсініктің орны алмасқан. Бірақ кекшіл келінге ертең өз келіні де осы жағдайды көрсетпесіне кім кепіл?! Сондықтан қандай жағдай болмасын, кешірімді болған дұрыс секілді.
Бірде бір отбасының алты ұлы анасы қалаған қыздарға емес, өздері ұнатқан қыздарға үйленеді. Ұлдарының таңдауына көңілі толмаған ана келіндерін жақтырмайды. Қалауы орындалмаған ана енді кенже ұлына келінді өзі таңдап беруді арман етеді. Алайда кенже ұлы да ер жеткен соң өзі ұнатқан қызды келін етіп табалдырық аттатады.
Тым нәзік болмысты жас келінді көрген ене оны үйінен қуып шығады. Оның үстіне «Солтүстіктің тікбақайы. Не сиыр сауып, не ене күтіп, сәлем салып та жарытпайды» деген түсінікпен табалдырығын аттауға тыйым салады. Алайда жігіт өзінің құлай сүйген қалыңдығын анасының қарсылығына қарамастан, молдаға апарып, некесін қидырып алады.
Арада бірнеше уақыт өткенде адуынды ененің мінезіне шыдамаған барлық келіні бөлек шығып кетеді. Ол уақытта кенже ұлының некедегі келіншегінің екінші бөпесіне аяғы ауыр еді. Тағдырдың басына салғанына көндіккен қарт ана бұл жолы амалсыздан кенже баласының таңдауына көндігіп, келінді екі немересімен бірге қайта келін етіп түсіреді.
Аттаған босағасының отымен кіріп, күлімен шыққан жас келіннің бар арманы енесінің көңілін табу екен.
– Мен өмір бойы басшылық қызметте істедім. «Ақ дегенім алғыс, қара дегенім қарғыс» болды. Бағыма орай, күйеуім де қарсы келген емес. Тек «ұлдарыма келінді өзім таңдап әперсем» деген арманым болатын. Алайда олар өз жүректерінің қалауын тапты. Соған ызалансам керек, келіндеріме жекіп сөйлеп, мінез көрсететінмін. Міндетті түрде кенже ұлымның әйелін өзім әперемін деп, тіпті бір бақуатты жекжатыммен уағдаласып та қойғанмын. Бірақ бұл жолы да балам өз таңдауын жасады. Оның үстіне келін солтүстіктің қызы екенін естігенде, төбе шашым тік тұрғаны рас. Сөйтіп, келінді беташар күні қуып шыққаным бар. Алайда уақыт өте келе ұлымның сыртта келінмен некелесіп қойғанын, тіпті немеремнің бар екенін естігенде жүрегім елжіреп кетті. Дәл сол уақытта менің тік мінезіме бір де бір келінім шыдамай, бөлек шығып кеткен болатын. Осылайша келінді бар жөн-жоралғысымен қайта түсірдік. Қазіргі таңда алты перзент тауып берді. Бетіме қарап сөйлеген емес. Бірдеңе жақпай қалып, қабағымды түйсем болды «Анашым» деп мойныма асыла кетеді. Одан кейін қалай ренжисің?! Бұл келін маған Құдайдан келген бақ болып бұйырды. Сиыр тұрмақ, бие сауып, айран ұйытып, қамыр илеп, нан ашытып, мал жайғап, сәлем салып бар иба, инабатымен көпке жаққан келін болды. Бар тірлігімді бір өзі-ақ дөңгелетіп отыр. Мен разымын. Келіндеріме көрсеткен құқайларым үшін олардан кешірім сұраймын, – дейді қарт ана.
Өмірдің өзі күн мен түн іспетті алмасып тұрады. Бүгінгі келін өзі де ертең енеге айналар. Сондықтан ене келінмен жауласуды емес, достасуды, ал келін енені құлазытуды емес, құрметтеуді үйренсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ