Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Тасөткел» суқоймасы қалай салынды?

«Тасөткел» суқоймасы қалай салынды?
Ашық Дереккөз
Шу өлкесін суландыру қай заманда басталғаны жайлы деректер тым арыда жатқан секілді. Осы тақырыпты қаузаған белгілі журналист, өлкетанушы Бақтияр Әбілдаұлының 1990 жылдың сәуір айында облыстық «Аq jol» газетінде жарық көрген «Шу өңірін суландыру пионері. В.И.Лениннің инженер – ирригатор В.А.Васильевпен кездесуі туралы аңыз бен ақиқат» атты зерттеу мақаласы жұртты елең еткізген еді. Онда Шу өлкесін суландыру мәселесі сонау патшалық Ресей заманынан қолға алынғаны айтылады.

Ирригатор Владимир Васильевтің Шу өлкесін суландыру жөніндегі ізденістері баяндалған жобаға патшалық Егіншілік министрлігінің Жерді жақсарту бөлімінің басқарушысы И.В.Масальски «Архивке!» деп бұрыштама қойып, «Әлде бір қырғыздар жайлаған қайдағы бір алқапты игерудің кімге керегі бар?» деген уәж келтіргені факті ретінде келтіріледі.

В.А.Васильев Петербургтегі теміржол институтын бітіргеннен кейін қазіргі Түркіменстан жеріндегі Байрамалы атты атақты курорт болған аймақты суландырған. Кейін Шу өлкесіне өзі сұранып келген. Ал бұған арнайы қаржы беріп, түрлі мамандықтағы адамдарды бөліп, жіберген – князь Владислав Иванович Масальский.

1911-1916 жылдар аралығында Шу өңірін суландыру жөнінде экспедициялық зерттеу жүргізген В.А.Васильев өзі және басқа серіктері бірнеше кітап шығарған. 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін В.А.Васильев Пішпек жұмысшылары советінің депутаттығына сайланған. 1959 жылы Фрунзе қаласында қапияда көлік апатына ұшырап, қаза болады. 1916 жылы қазақтар мен қырғыздардың ұлт-азаматтық көтерілісі кезінде қазіргі Қордай жеріндегі каналдардың құрылысы тоқтап қалған. Канал құрылысы тоқтаған соң уақытша үкіметтен қарыз сұрау мақсатымен Петроградқа тартады. Бұл жерде Пішпек советіне қазіргі Қырғызстандағы Ыстықкөл облысының жерімен қатар Қазақстанның Жамбыл, Алматы облыстарының Шу өзенінің оң жағалауындағы Балқашқа дейінгі аудандары да енгенін айта кетуге болады.

Уақытша үкіметтен Шу каналының құрылысына қаржы ала алмай қалған Пішпек советінің депутаты Васильев 1917 жылы 30 тамызда өз қызметінен босатылған князь Масальскидің орнына Егіншілік министрлігінің Жерді жақсарту бөлімінің басқарушысы, яғни мелиорация және су шаруашылығы министрі болды. Кеңес үкіметі Мәскеуге көшкен кезде В.А.Васильевте бірге келген.

Кейін Г.М.Крижановскимен жақын араласып, қызметтес болып, 1918 жылдың мамыр айында Түркістан өлкесін суландыру жөніндегі Декретке Ленинге қол қойғызады. Азамат соғысы өршіп, жан-жақтан сыртқы жаулар тарпа бассалып жатқан кезде 50 миллион сомның аз кемі жоқ 5 миллион сомын Шу өлкесін игеруге арнайы бөлгізу В.А.Васильевтің ісі екені дау туғызбайды. Осы Декрет бойынша Шу өзені алқабынан 94 мың десятина (шамамен сонша гектардай) жерді суландыру көзделген.

Осы жерде Қырғызстандағы Ортотоқой, Қазақстандағы «Тасөткел» суқоймаларының алғашқы жобаларын В.А.Васильев жасағанын айта кету ләзім. Сталиннің тұтқынынан босап, Қазақ-Қырғыз Республикаларына ортақ өкіл ретінде осы жобалардың дұрыс сақталмай, жер-су экологиясының бұзылғандығына алаңдаушылық білдірген В.А.Васильевтің айғақ құжаттары да болған.

Иә, Кеңес үкіметінің орнауы өлкеге тың серпін бергені рас. 1939 жылы құрылған біздің облыс ауыл шаруашылығы саласын дамытуды қолға алады. Ол заманда бастауын Тяшь-Шань тауларынан алатын Шу өзенінде су арнасынан асып-тасып жатады екен. Осы мол суды игеруде қос республика таласып қалатын да болған. Жамбыл облыстық мемлекеттік архивінде сақталған мына құжаттар соның айғағы дерсіз. Республикалық мекемелердің суға таласын реттеу оңай шаруа болмаған:

«Жамбыл облысы (Қазақ КСР) мен Фрунзе облысындағы (Қырғыз КСР) су шаруашылығы ұйымдарының құрылымы туралы қызметтік хат. Қазақ КСР Су шаруашылығы халық Комиссары Бектасовқа. Қырғыз КСР Су шаруашылығы халық комиссары Юлдешовке. Жамбыл облыстық еңбекшілер депутаттары кеңесі атқару комитетінің төрағасы Жұмағұловқа. Жамбыл облыстық КП(б)К ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Филипповқа.

1924 жылы ұлттық межелеуден кейін Талас өзенінің жоғарғы және орта ағысының бір бөлігі Қырғыз КСР-інің Талас кантонына өтті, ал орта ағысының қалған бөлігі мен төменгі ағысы бұрынғы Әулие-Ата уезінің құрамында қалып, қазіргі Жамбыл, Свердлов (қазіргі Байзақ) және Талас аудандарына кірді.

Осы бөліністен бастап, Талас өзені мен басқа да республикалар арасындағы су жүйелерін бөлу мәселесі соншалықты шиеленісті. 1925 жылдың көктемінде Су шаруашылығы басқармасы су бөлуді реттеу үшін шұғыл түрде паритеттік комиссия құруға мәжбүр болды.

Осы комиссия құрылғаннан кейін су бөлу мәселесі біршама жеңілдегенімен, түпкілікті шешімін таппады және су бөлісуге қатысты келіспеушіліктер жалғаса берді. Себебі Қырғыз КСР-інің Талас кантонының аудандық су шаруашылығы басқармалары қаржылық және әкімшілік тұрғыдан тікелей Қырғыз су шаруашылығы басқармасына бағынып, паритеттік комиссияның бұйрықтарына көбінесе бағынбай, су бөлудің белгіленген тәртібін бұзып, жоғарғы ағыста орналасқан аудандардың жағдайын өз пайдасына қолданды.

Мұндай су бөлудегі жағдай бір бассейнде қос биліктің болуы қолайсыз екенін айқын көрсетті. Осыған байланысты үкімет Талас өзені бассейнінде бірыңғай республикааралық жүйелік басқарманы ұйымдастыруға мәжбүр болды. Бұл басқарма Талас-Аса өзені бассейніне аумақтық тұрғыдан кіретін барлық ирригациялық жүйелер бойынша су бөлуді өз қарамағына алды.

Республикааралық жүйелік басқарма 1931 жылы құрылғаннан бастап, Талас аңғарындағы аудандық су шаруашылығы басқармаларының толық қарамағына өтуіне дейін (1937 жыл) негізінен су пайдалану жоспарларын әзірлеу және іске асыру мәселелерімен айналысты. Ал 1937 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін аудандық су шаруашылығы басқармаларын толық өз қарамағына алғаннан кейін су пайдалану және басқа да пайдалану шараларын ұйымдастырып, барлық жұмыстардың орындалуына толық жауапкершілікпен басшылық етіп келеді. Бұл жұмыстар оған бағынышты Қазақ және Қырғыз КСР-інің әкімшілік аудандарының жоспарларына сәйкес жүзеге асырылуда.

Республикааралық Жүйелік Басқарма құрылған сәттен бастап екі республика арасындағы келіспеушіліктер жойылды. Өйткені басқарма екі бауырлас республиканың мүдделерін қамтамасыз ететін тиісті шараларды уақытылы қабылдап отырады.

Жамбыл облысы және соған сәйкес Жамбыл облыстық су шаруашылығы басқармасы (Облводхоз) құрылмай тұрып, республикааралық Жүйелік Басқарма тек қана республикааралық су бөлуге қатысты емес, сондай-ақ әкімшілік тұрғыдан оған бағынышты аудандарға – Сарысу, Луговой, Меркі және Красногор аудандарына да қызмет көрсететін. Облыстық су шаруашылығы басқармасы құрылғаннан кейін басқару ісін жергілікті жерлерге жақындату мақсатында бұл аудандарды Облводхоздың тікелей қарамағына беру қажет болды.

1939 жылдың соңында Жамбыл облысы құрылғаннан кейін 1940 жылы бастапқыда облыстық бөлім ретінде Жамбыл облыстық су шаруашылығы басқармасы құрылды. Ал Қазақ КСР Су шаруашылығы халық комиссариаты құрылғаннан кейін ол еңбекшілер депутаттары облыстық кеңесінің бөлімі ретінде жұмыс істей бастады.

Облводхоз құрылғаннан бастап оның жеке аппаратының болмауы, кейіннен оның толық жасақталмауы салдарынан қазіргі уақытқа дейін оның функцияларын Талас басқармасының аппараты атқарып келеді. Облводхоздың басшысы бір уақытта Талас басқармасының басшысы болып табылады.

Жамбыл облысы құрылғанға дейін Шу, Қордай және Көктерек аудандары Алматы облысының құрамына кірген. Бұл аудандардың аудандық су шаруашылығы басқармалары жедел басқару тұрғысынан «Шуупр» атты ұлтаралық жүйелік басқармаға бағынышты болды. Алайда, Шуупр мен Облводхоз арасындағы өзара қатынастар осы уақытқа дейін ешкім тарапынан нақты анықталмаған.

Мұндай құрылым жағдайында Облводхоз, Талас басқармасы және Шуупр басқармасының қай жерде басталып, қай жерде аяқталатынын нақты анықтау мүмкін емес.

Бұл белгісіз жағдайды қалыпты деп санауға болмайды. Жамбыл облысы мен Қырғыз Республикасының аудандарында су шаруашылығы мекемелерінің алдына қойылған міндеттерге сәйкес, КСРО Халық Комиссарлар Кеңесі мен БКП(б) Орталық Комитетінің «Қазақ КСР-інің оңтүстік облыстарында ауыл шаруашылығын, әсіресе техникалық дақылдарды одан әрі дамыту шаралары туралы» және Қырғыз КСР-індегі ауыл шаруашылығын дамытуға арналған ұқсас шешімдерін орындау мақсатында су шаруашылығының нақты жұмыс істейтін аппаратын құру қажет.

Жергілікті партиялық-кеңестік ұйымдармен тығыз байланыста болатын, аудандардағы барлық мәселелерге жедел әрекет етіп, оларды тиімді басқара алатын басқару аппаратын құру қажет.

1941 жылғы 1 қаңтардан бастап Облводхоз, Талас басқармасы (Таласупр) және Шу басқармасы (Шуупр) арасындағы функцияларды нақты шектеп, олардың қызмет аясын белгілеу қажет.

Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, келесі шараларды жүзеге асыру орынды деп санаймыз:

1.Талас басқармасының қарамағынан шығарып, әкімшілік тұрғыдан Облводхозға бағындыру үшін Қазақ КСР-інің келесі аудандарын беру: Луговой, Меркі, Сарысу және Красногор аудандары.

2.Талас басқармасын (Таласупр) өз алдына жеке су шаруашылығы-әкімшілік бірлік ретінде қалдыру, оған республикааралық басқарма құқықтарын беру, бірақ жедел басқару тұрғысынан Облводхозға бағынышты ету.

Талас басқармасының қызмет көрсету аймағы ретінде келесі аудандарды белгілеу: Қырғыз КСР-інің 4 ауданы және Қазақ КСР-інің 3 ауданы (Жамбыл, Свердлов және Талас аудандары), бұл аудандар Талас өзені арқылы республикааралық су бөлумен тікелей байланысты.

3.Шу басқармасын (Шуупр) жеке су шаруашылығы-әкімшілік бірлік ретінде қалдыру, бірақ оның Қазақ КСР-іне қарасты аудандарындағы (Шу, Қордай және Көктөбе аудандары) қызметін қаржыландыру және бақылау құқығын Облводхозға беру.

4.Су бөлу мәселелерін тікелей Талас басқармасы мен Шу басқармасы шешеді. Облводхоз араласпайды. Бұл шешім қолданыстағы республикааралық суару жүйелеріне қатысты ережелерге сәйкес қабылданады.

5.Облводхоз бен Талас басқармасы арасында мүлік, көлік және басқа да материалдық құндылықтарды бөлу үшін комиссия құру. Бұл комиссия Қазақ КСР Су шаруашылығы халық комиссариаты (Казнаркомводхоз), Қырғыз КСР Су шаруашылығы халық комиссариаты (Кирнаркомводхоз), Облводхоз және Талас басқармасы өкілдерінен тұрады. Комиссия өз жұмысын 1941 жылғы 20 қаңтарға дейін аяқтауы тиіс.

Талас су басқармасының бастығы Қыдыралиев,

Басқарманың бас инженері Низаев».

Міне, осындай хаттың бірі сол кездегі құрылысқа жауапты мекеменің басшылық лауазымындағы қызметкері тарапынан жазылған екен. Нақты тарқатар болсақ аталған хатта:

«Жамбыл облыстық КП(б)К облыстық комитеті және облыстық кеңес атқару комитеті 1940 жылғы 26 сәуірдегі СНК ҚазССР және ВКП(б) Орталық Комитетінің «Оңтүстік Қазақстан облыстарында ауыл шаруашылығын, әсіресе техникалық дақылдарды дамыту жөніндегі шаралар туралы» қаулысы негізінде «Тасөткел» су қоймасын салу жөнінде шешім етті.

Оң және сол жақтағы біріктірілген арналардың ұзындығы 83 шақырым болатын «Таcөткел» су қоймасының құрылысы, Шу ауданында 3 000 гектар және Қордай ауданында Георгиев жүйесі бойынша 7 000 гектар суармалы жердің қосылуын қамтамасыз ететін болады.

Техникалық жоба 1937-1938 жылдары Қазсушаруашылығы тарапынан дайындалып, 1939 жылдың желтоқсанында Н.Т.Главхлопка тарапынан бекітілді. Жұмыстардың жалпы құны бекітілген жобаның негізінде 4324 мың рубльді құрайды, оның ішінде бюджеттен 2572,0 мың рубль және халықтың қаражатынан 1752,0 мың рубль бөлінген еді.

Құрылыс материалдарына қажеттілік: ағаш 4700 текше метр, цемент 600 тонна, темір 84 тонна көлемінде бекітілді. Құрылыс жұмыстары 1940 жылы аяқталады деп жоспарланды.

Талас өзенінің орта ағысында су қоймасын және 50 шақырым ұзындықтағы екі біріктірілген каналдарды салу арқылы Свердлов және Жамбыл аудандарында 2000 гектар суармалы жер қосу жоспарланды. Бұл жоба 1933 жылы Қазсушаруашылығы трестімен дайындалған еді. 1933 жылғы жоба мен «Таcөткел» біріктірілген каналдары жобасының көлемді өлшемдері негізінде қаралған қаржы 3250 мың рубльді құрайды. Оның ішінде бюджеттен 1 500 мың рубль (1400 мың рубль құрылысқа және 100 мың рубль жобалау жұмыстарына) және 1 750 мың рубль халық қаражаты есебінен. Жобалау жұмыстарын 1940-1941 жылдары, ал құрылыс жұмыстарын 1941 жылы аяқтау жоспарланды.

Георгиевка тармағы.

Қордай ауданында 7 мың гектар жаңа жерді суаруға арналған Георгиевка тармағын салу жұмысын 1941-1942 жылдары Гипровода мекемесі жоспарланған. 1931-1932 жылдары Шуқұрылыс Георгиевка тармағының жобасын жасап, оны ішінара жүзеге асырған. Жұмыстардың жалпы құны 2100,0 мың рубль деп қабылданды, 1 гектарға 300 рубль есеппен. Бұл жұмыстарға суару жүйелерін, ғимараттарды, жолдарды және телефон желісін салу кіреді. Оның ішінде бюджеттен 840,0 мың рубль, жобалау жұмыстарына 150 мың рубль және халық қаражаты есебінен 1260,0 мың рубль бөлінетін болды.

Жобалау жұмыстарын 1941-1942 жылдары, құрылыс жұмыстарын 1941-1943 жылдар аралығында аяқтау жоспарланды.

«Таcөткел» су қоймасын салу арқылы 40 мың гектар жаңа жерді суаруды қамтамасыз ету Мосгипроводтың 1935 жылы жасалған жобасы бойынша жоспарланды.

Жұмыс құны 100 000 мың рубль деп қабылданды, оның ішінде 60 000 мың рубль (5 000 рубль жобалау жұмыстары, 55 000 мың рубль құрылыс) бюджеттен және 40 000 мың рубль халық қаражаты есебінен.

Жұмыстың жалпы құнын анықтау кезінде 1 гектар жаңа суарылатын алаңға шығын көлемі 2 500 рубль деп қабылданды, ол бар жобаларға негізделген.

Жобалау және ізденіс жұмыстары 1941-1942 жылдары, құрылыс жұмыстары 1942-1944 жылдары жүргізілуі жоспарланған.

Канал құрылысына Жамбыл облысының колхозшылары ұйымдасқан түрде және толық құрамда келді. Иә, Түрксіб теміржолынан кейінгі халықтық ірі құрылыс осы «Тасөткел» су қоймасын салу болды. Оған 620 миллион текше метр су жиналатын. 1947 жылы Сарысу ауданында «Ынталы» су қоймасы пайдалануға берілді.

Іргетасын әзірлеу жұмыстары 1940 жылдың 29 шілдесінде аяқталды. Іргетасын әзірлеу жұмысында 1769 адам жұмыс істеді, олардың 70-і коммунистер, 250-і комсомолдар еді.

Іргетасын әзірлеу жұмыстары аяқталғаннан кейін біріктірілген каналдарды салуға дайындық жұмыстары басталды.

Колхозшылар 26 шілдеден бастап каналға келе бастады.

Меркі ауданы – 984, Свердлов ауданы – 584, Жамбыл ауданы – 660, Шу ауданы – 2 390, Красногор ауданы – 582, Луговой ауданы – 671, Қордай ауданы – 1 601, Көктерек ауданы – 1 105, барлығы 8 577 адам қатысты.

Құрылысқа жауапты саяси бөлімнің орынбасары Жансакалов» делінген.

Осынау қауырт жұмысқа сол кезеңде басталған Ұлы Отан соғысының кедергі келтіргені сөзсіз. Ер-азаматтар майданға аттанып, онсызда жеткіліксіз қаржының тоқтап қалғаны да бар. Соған қарамастан Ұлы Отан соғысы жылдары Шу ауданында егін бітік шықты. Соның нәтижесінде Павлодар облысына – 4 653 центнер, Қостанайға – 80, Меркіге – 1 522, Жамбылға – 1 499, Свердловқа – 200, Қордай ауданына 20 центнер астықты қарызға берген. Мол судың арқасында суармалы жер көлемі ұлғайып, егіншілік мәдениеті арта түсті. Бұл соғыстан кейінгі жылдардың еншісі еді.

Әділбек БАҚҚАРАҰЛЫ,
облыстық мемлекеттік
архивтің архившісі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар