
– Бүгінгі байқау шын мәнінде жоғары деңгейде өтіп, қатысушылар арасында озық білім мен кәсіби шеберліктің тартысты бәсекесі орын алды. Студенттер өздерінің теориялық білімдері мен практикалық дағдыларын ұштастырып, әр кезеңде өздерінің жан-жақты дайындықтарын дәлелдеуге тырысты. Байқаудың әділ әрі мазмұнды өтуі үшін ұйымдастырушылар барлық қажеттіліктерді ескеріп, жоғары деңгейде дайындалды. Арнайы реквизиттер, көрнекі құралдар мен тәжірибелік тапсырмалар студенттердің шеберлігін толық көрсетуге мүмкіндік берді. Ең қызықты кезең – тәжірибелік тапсырма болды. Бұл бөлімде қатысушыларға малшаруашылығы бойынша күрделі жағдайлар ұсынылып, олар қой, сиыр және басқа да үй жануарларын күтіп-бағу, ветеринариялық іс-шаралар жүргізу бойынша шеберліктерін көрсетуі қажет болды. Әрбір қадам мұқият бағаланып, олардың теорияны тәжірибемен ұштастыру қабілеті сыналды, – дейді Тараз инновациялық көпсалалы колледжі директорының оқу-әдістемелік ісі бойынша орынбасары Нұрғайша Болысбайқызы.
Конкурстық сынақтар 6 тәжірибиелік тапсырмадан құралды. Байқаудың алғашқы кезеңінде қатысушылар ветеринарлық монитордың көмегімен үстел үстіне байланған иттің жүрегінің соғу жиілігін, қан айналым жүйесінің тұрақтылығын және дене температурасын өлшеді. Бұл сынақ олардың диагностикалық құралдармен жұмыс істеу дағдыларын, физиологиялық мәліметтерді дұрыс тіркеу және оларды клиникалық тұрғыдан талдау қабілетін бағалауға бағытталды.
– Бүгінгі тәжірибелік тапсырма барысында жүрек соғысының жиілігі мен пульстің динамикалық өзгерістерін салыстыра отырып талдау, пульс өлшеуге арналған электродтарды дұрыс орналастыру, сондай-ақ жануардың ауыз қуысына температура анықтағыш құрылғыны дұрыс енгізу әдістерін толыққанды меңгеріп, олардың ветеринариялық диагностикадағы маңыздылығын жан-жақты көрсете білдім. Жүрек соғу жиілігі мен тыныс алу көрсеткіштерін бақылау – жануарлардың жалпы физиологиялық жағдайын бағалаудың негізгі параметрлерінің бірі. Жануарлардың жүрек соғу жиілігі минутына 70-160 рет аралығында өзгеріп отырады. Бұл олардың жасына, физиологиялық күйіне және сыртқы орта факторларына байланысты ауытқуы мүмкін. Сонымен қатар, иттердің тыныс алу жиілігі минутына 10-30 рет шамасында тіркеледі, бұл көрсеткіш олардың денсаулығы мен физикалық белсенділігіне тікелей байланысты. Қалыпты жағдайда иттердің дене температурасы 37,5°C-дан 39,5°C аралығында болады. Бұл көрсеткіштің ауытқуы организмдегі инфекциялық немесе қабыну процестерінің белгісі болуы мүмкін. Сондықтан температура өлшеу кезінде термометрді дұрыс орналастыру, дәл және сенімді нәтижелер алу үшін қажетті ветеринариялық процедураларды қатаң сақтау аса маңызды, – дейді Тараз инновациялық көпсалалы колледжінің 3-курс студенті Едіге Өсер.
Тартысқа толы болған байқаудың қорытындысы бойынша Тараз инновациялық көпсалалы колледжінің студенті Едіге Өсер бірінші орынға лайық деп танылды. Жүлделі екінші орын да аталған колледждің студенті Әділет Тұрарға бұйырды. Сонымен қатар Құлан агротехникалық жоғары колледжінің студенті Ернар Камидолла да екінші орынды еншіледі. Үздік үштікті Қордай ауылшаруашылығы колледжінің студенттері Айбек Ниетбек пен Ербол Өмірзақ түйіндеді. Ал №11 Сарысу колледжі алғыс хатпен марапатталды.
Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен арнайы алғыс хаттар табысталды.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ