Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мемлекеттік қызмет көрсету сапасы қандай?

Мемлекеттік қызмет көрсету сапасы қандай?
Ашық Дереккөз
Кеше «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы және мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету бойынша жұмыстың жай-күйі қаралды.

Жиын «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Жұмахан Тәңкебаевтың төрағалығымен өтті.

Кеңесте қаралған мәселе бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы облыс бойынша филиалының директоры Батырхан Тоқтағұлұлы баяндама жасады.

– Мемлекеттік тізілімнің жаңартылған нұсқасына сәйкес мемлекеттік қызметтің 1 359 түрі бар. Мемлекеттік корпорация арқылы 1 281 қызмет, «Электрондық үкімет» порталы арқылы 1 226, тек қызмет беруші арқылы 69 қызмет көрсетіледі. Облыстық филиал арқылы өткен жылы 909 121 қызмет көрсетілді. Тұрғындар ең жиі жүгінген қызмет түрлеріне тоқталсақ, электронды цифрлы қолтаңба алу қызметіне 184 296 адам жүгінсе, 183 962 азамат көліктерін тіркеткен. Төлқұжат беру бойынша 147 767 қызмет көрсетілсе, 39 485 тұрғынға жүргізуші куәлігі берілді. Сол секілді былтыр көрсетілген 2 159 қызмет сапасыз орындалған, – деді Б.Тоқтағұлұлы.

Облыстық филиал бойынша зейнетақы және жәрдемақы алушылар есебіндегі барлығы 301 236 азаматқа республикалық бюджеттен 300 миллиард теңге төленіпті. Сол секілді 41 175 тұрғынға мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 56,1 миллиард теңге, бірыңғай жинақтық зейнетақы қоры арқылы 8,1 миллиард теңге бөлінген. Бүгінгі күні мемлекеттік корпорация есебінде жасына байланысты 139 581 зейнетақы алушы, 161 655 жәрдемақы алушы тіркелген.

– Былтыр азаматтық хал актілері бойынша көрсетілген барлық мемлекеттік қызмет саны – 93 026. Тарқатып айтсақ, бала тууды тіркеу, оның ішінде азаматтық хал актілерінің жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізуге қатысты – 34 871, неке қиюды (ерлі-зайыптылықты) тіркеу, оның ішінде азаматтық хал актілері жазбаларына өзгерістерді, толықтырулар мен түзетулерді енгізу бойынша – 8 230, некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды тіркеу, оның ішінде азаматтық хал актілері жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу туралы 1 277 қызмет көрсетілді. Сондай-ақ қайтыс болуды тіркеу, оның ішінде азаматтық хал актілері жазбаларына өзгерістерді, толықтырулар мен түзетулерді енгізу бойынша 7 369 азаматқа қызмет көрсетіліп, 27 706 тұрғынға туу туралы қайталама куәлік берді. Бүгінгі күнге дейін облысымызда 121 салтанатты неке қию рәсімі өткізілді. Бір айта кетер мәселе облыста салтанатты неке бөлмелері жоқтың қасы. Алдағы уақытта осы мәселе шешімін тапса дейміз, – деді Б.Тоқтағұлұлы.

Сонымен қатар баяндамашы Тараз қаласынан автодром ашу туралы ойын жеткізді. Бұл жағдайда жүргізуші куәлігін алғысы келетін үміткердің сынақ алаңында практикалық сабақтардан өтіп барып, тиісті куәлікті алуына мүмкіндік берілмек.

Баяндама аяқталған соң «ЖАҢАРУ» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының директоры Қасымхан Төлендиев, кеңес мүшелері Ерғали Омаров, Нұржан Адилов сапасыз көрсетілген қызметтер, жүргізуші куәлігін алатын кезге ортада жүретін делдалдар мәселесі шешілсе деген ұсыныстарын ортаға салды.

Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар