Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ескерткіштердің есебі бар ма?

Ескерткіштердің есебі бар ма?
Ашық Дереккөз
Кез келген халықтың мәдениеті мен тарихы оның ескерткіштерінде сақталатыны белгілі. Демек, тарихи-мәдени ескерткіштер- халықтың өткенінен, оның ата-бабасы кім болғанынан сыр шертетін құнды мұра. Сондықтан мұндай құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап, оларды дұрыс есепке алу, бақылауда ұстау маңызды іс.

Негізінде айдаладағы атын-естіп білмеген бір бейтаныс батырдың не кезінде қаһарман болғанымен шын мәнінде халыққа тізесі батқан біреудің ескерткіші саяси тұрғыда мәнін жоғалтқандықтан қараусыз қалып, өзінен-өзі мүжіліп, тозып, жермен жексен болатыны заңдылық. Ал ұлттық құндылық деп танитын тарихи нысандардың назардан тыс қалып, уақыт өте келе репеті қашуы қасірет. Олардың арасында кейбірінің күтімсіз қалғандықтан құлауға айналып, тағы бірі тіпті заңсыз өзгеріске ұшырауы да ғажап емес. Осы орайда «Өңірдегі ескерткіштердің жай-күйі қаншалықты зерттелген?», «Олар толық тіркеуге алынып, құжаттары реттелген бе?» деген ой жетегімен облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Сауран Қалиевпен хабарластық. Оның айтуынша, ескерткіштердің есебі бар. Бірақ археологиялық ескерткіштердің кейбірі жер бөліну кезінде жеке қолға, шаруа қожалықтардың қарауына өтіп кеткен. Осыдан кейін ол бақылаусыз қалған. Демек, бұл кейбір жекеменшік жер иелері өз жерінде орналасқан ескерткіштердің құндылығын толық түсінбейді деген сөз. Осыдан кейін ескерткішті күтіп-ұстауға қажетті деңгейде көңіл бөлінбейді. Осыған байланысты, аталған дирекция бұл ескерткіштердің мәртебесін нақтылап, оларды мемлекеттің қарауына қайтару немесе меншік иелеріне сақтау мен күтіп-ұстауды заң жүзінде міндеттеуді қарастыру мәселесін көтерген.

Жалпы облыста 708 ескерткіш бар болса, оның ішінде Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты ескерткіштердің жартысынан көбі жөндеуді қажет етеді екен. Осы 708 ескерткіштің барлығының паспорты бар болғанымен, бірақ кейбірінің жерге орналастыру актілері жоқ көрінеді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында республикалық «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында Ұлы Жеңістің 80 жылдығы республикалық деңгейде атап өтілетінін және Қазақстан Республикасының әрбір азаматы бұл тарихи датаға бейжай қарамауы керектігін айтқан болатын. Осы ретте облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының мамандары 2025 жылғы 14-23 қаңтар аралығында тарихи-мәдени мұра объектілерінің жай-күйін, сақталу деңгейін анықтау мақсатында облыс аумағында орналасқан Ұлы Жеңіске арналған 244 монументтік ескерткішке мониторинг жұмыстарын жүргізді. Оның ішінде ескерткіштердің 10-ы Сарысу ауданында болса, Меркіде – 23, Т.Рысқұловта -20, Байзақта -19, Жамбылда – 24, Таласта – 18, Шуда – 32, Жуалыда – 28, Мойынқұмда – 19, Қордайда – 31, Таразда – 20 ескерткіш бар. Мониторинг жұмыстары Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 26 желтоқсандағы «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңы, Мәдениет және спорт министрлігінің 2020 жылғы 15 сәуірдегі «Тарих және мәдениет ескерткіштерін анықтау, есепке алу, мәртебе беру және одан айыру, орнын ауыстыру және өзгерту, жай-күйін мониторингтеу және санатын өзгерту қағидаларын бекіту туралы» № 92 бұйрығына сәйкес жүргізілді. Мониторинг жұмысының мақсаты мен міндеттеріне келсек, тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталу дәрежесін, техникалық жағдайын зерделеу, тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймақтарында заңсыз (өз бетімен) құрылысты анықтау көзделген. Сонымен қатар пайдаланушыларға (меншік иелерімен) қорғау міндеттемелерін жасау, мемлекеттік жерге орналастыру актісінің  жасалуын анықтау, тарихи мәдени мұра объектілерін фотоға түсіріп, сол фотосуреттерді (Аэрофото) жинақтау мақсат етілген. Нәтижесінде 105 ескерткіштің тарихи келбетін сақтай отырып, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет екені анықталды. Мониторинг жұмыстары барысында Сарысу ауданының 9 ауылдық округі және Жаңатас қаласы қамтылды. Бұл ретте 10 ескерткіштің ішінде 3 ескерткішке ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет екені белгілі болды. Меркі ауданының 14 ауылдық округі қамтылса, 23 ескерткіштің ішінде 11 ескерткішке ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет деп таптық. Соныен қатар Т.Рысқұлов ауданының 15 ауылдық округінде мониторинг жұмыстары жүргізілді.  Мұндағы 20 ескерткіштің ішінде 13 ескерткішке ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет екені анықталды. Байзақ ауданының 17 ауылдық округіндегі 19 ескерткіштің ішінде 9 ескерткішке ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Жамбыл ауданының 16 ауылдық округі қамтылса, ондағы 24 ескерткіштің ішінде 1 ескерткішке ағымдағы қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу керек, – деді Сауран Қалиұлы.

Сол секілді Талас ауданындағы 18 ескерткіштің 10-ына, Шудағы 32 ескерткіштің 9-ына, Қордайдағы 31 ескерткіштің 16-сына, Мойынқұмдағы 19 ескерткіштің 14-іне, Жуалыдағы 28 ескерткіштің 13-іне, Тараз қаласы бойынша 20 ескерткіштің алтауына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігі анықталыпты.

Сондай-ақ С.Қалиев Ұлы Жеңіске арналған ескерткіштер тек мереке қарсаңында ғана жуып-шайылатынын сөз етумен қатар, тарихи-мәдени ескерткіштердің сақталуын бақылап, оларды қорғау жұмыстарын жүзеге асыратын мамандар, яғни инспекторлардың техникалық базасы әлсіз екенін жеткізді. Нақты айтқанда, инспекторлардың жұмысына қажетті құрал-жабдықтар, яғни, географиялық координаттарды анықтайтын құрылғылар, сапалы фотоаппараттар, компьютерлер және басқа да қажетті техникалар жетіспейді. Бұл олардың ескерткіштердің жағдайын дәлме-дәл тіркеп, құжаттауына кедергі келтіруде.

– Қазіргі жағдайға көз жүгіртсек, 9 мамыр қарсаңында ғана ескерткіштерді тазалап, маңайын ретке келтіру әдетке айналған. Ал қалған уақытта олар қараусыз қалып, шаң басып, айналасы қоқысқа толып, күтімсіз күй кешеді. Бұл тарихи мұраларға деген немқұрайдылықтың көрінісі. Сондықтан ескерткіштерді, оның айналасы тек мереке күндері ғана емес, тұрақты түрде назарда ұсталуы қажет. Бұл – өткенге құрмет, болашақ ұрпаққа аманат. Тиісті мекемелер тек мерекелік іс-шаралар алдында емес, жыл бойы тұрақты күтім жасап, тазалықты сақтауды міндетіне алуы тиіс. Сонымен қатар алдағы уақытта аудандарда орналасқан жергілікті маңызы бар ескерткіштердің жерге орналастыру актісін дайындау бойынша жергілікті бюджет есебінен қаражат қарастырылуы қажет, – деді ол.

Ескерткіштер күтіп-ұстау, сақтау – ұрпақ алдындағы зор жауапкершілік. Сондықтан тарихи, мәдени ескерткіштер жайы ескерусіз қалмауы қажет. Негізінде өткенін, тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін, жалпы ұлттық құндылығын, ұлттық мұрасын ұлықтаған ел ғана өз болашағын баянды ете алады.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар