Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жүректен шыққан жырым бар...

Жүректен шыққан жырым бар...
Ашық Дереккөз
Көктем – табиғаттың оянып, күннің шуағы молайып, жер-дүниенің жасаратын ғажайып мезгілі. Қыс ызғары сейіліп, бәйшешектер бүр жара бастағанда, тіршілікке ерекше жылылық, ерекше қуаныш келеді. Дәл осы көркем мезгілде әйел-ананың мейіріміндей шуақты, көктемнің нәзіктігіндей әсем 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні аталып өтеді. Ендеше мерейлі мерекеге орай өңіріміздегі қалам мен қағазды серік еткен нәзік жанды ақын қыздардың жүрекжарды жыр-шумақтарын назарларыңызға ұсынамыз.

АНАҒА ДҰҒА

Сен ұзақ өмір сүрші, жан анашым,
Тілегім жер мен көкті араласын.
Періште әумин десін, аман болшы,
Мен үшін бүкіл әлем сен ғанасың.

Іздедім күн ауысып, сәл ұлғайсам,
Сен менің дұғамдасың - қолым жайсам.
Мен сені көріп жайнап шыға келем,
Сөйлесең - көңіл көктем, жаным жайсаң.

Жаныңды нұрға бөлеп әлдиледің,
Мазаңды алу еді - бар білгенім.
Сен мені сәби кезден бағып қақтың,
Жанымда, жүрегімде - ән-күйлерің.

Сен ұзақ өмір сүрші анашым-ау,
Мен үшін әлемде жоқ данасың-ау,
Аялы алақаның қандай ыстық,
Әндетсін есіміңді қала мынау.

Қымбатсың тарам-тарам әжіміңмен,
Керексің ана қайрат-қажырыңмен.
Есейіп кетсем-дағы сені іздеймін,
Ана деп еркелейтін сәбиің - мен.

Жып-жылы жаулығыңды жамылғасын,
Жыр жаздым жүрегімнен ағылғасын.
О, Аллам, менің анам жүз жасасын,
Тәңірім, менің анам ауырмасын!

***

Қандай ғажап, шуақты күн не деген!
Нұр саулайды ағыл-тегіл төбеден
Нұр ішінде гүлге айналған бір өзі -
Жаным, анам, бүгін сенің мерекең!

Сүйіншілеп жел жүгіріп, ұшып бақ
Жел қойнынан көп қуаныш түсіп қап
Шатырдағы соңғы қар да тамшы боп,
Жерге тамып қол соғады құттықтап.

Құттықтайды жүгірген де, ұшқан да
Көктем келіп дарығандай күш талға
Бүршігімен сүйіп әсем бетіңнен,
Қанатымен ән сыйлайды құстар да!

Бұлттар-дағы бар моншағы шашылып
Кемпірқосақ көкжиекке асылып
Ана, сені құттықтайды көк шөп те
Табаныңа төселуге асығып.

Жаным, анам, іздеріңнен ерейін
Басқаныңнан бақыт тауып берейін
Сенен артық байлығым жоқ жалғанда,
Ана, саған қандай сыйлық берейін?!

Жұлдыз БЕЙСЕК,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

 

Таразым

Бауырым Таразға кел, Таразға кел,
Мұңда да тіршілік пен бар аздап ел.
Куә болып өзіңде мойындарсың,
Жаһанда жетпейтінін Таразға жер.

Ия, расында келіп кет өкінбейсің
Арманыңа сол қала жетердей шын.
Билеп жүріп уақытты ұмытарсың,
Билет алып кетуге бекінбейсің

Ежелден қос тіккен ел десең егер,
Илана біл иманың еселенер.
Махаббаттың үлкен бір белгісіндей,
Қарахан, Айша бибі кесенелер.

Қызыққа жетелейді сені күшті,
Ұзаққа апарады ерік ішкі.
Қүйіктің биігінен байқарсың-ау,
Көктөбеден көрінбес көріністі.

Басқалардан еңсесі асып тұрар,
Өңделген Шахристан бар ғашық қылар.
Бір реттік ЭКСПО-ға қарағанда,
Тағы, тағы көруге асықтырар.

Жиі аларсың есіңе кел қарашы,
Берекеге бастайды ен даласы.
Тұғырлы тарихымның тым көнесі,
Өркендеуге келгенде ең жаңасы.

Жанерке ҚАМБАР,
Тараз қаласы №6 мектеп гимназиясының
11 сынып оқушысы,
Тараз қаласы

 

ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ

Пәк жүзінен күннің нұры төгіліп,
Қос бұрымға күміс шашбау тең іліп,
Келе жатыр сұлу қызы қазақтың
Түнге біткен аппақ Айдай көрініп.

Қарлығаштай қара қасы қиылып,
Ұзын көйлек, әсем бешбет киініп.
Сәлем беріп, кіші-үлкенге ізетпен
Жылы жүзбен, күлкі езуге жиылып.

Белгісі ол – сұлулық пен сымбаттың,
Ар-намысы, бәрінен де қымбат тым,
Тал бойынан иман лебі есетін
Қазақ қызы – шешілмеген жұмбақ сыр.

Гүлге теңеп бар қазақтың ақыны,
Лайық келген мінезіне ақылы,
Босаға аттап, келін болған қазақ қыз
Береке мен басқа біткен бақ Ұлы.

Әдепсіздік қазақ қызға жат анық
Көне көзден алғыс алып, бата алып
Қос қолымен тербер әлем, бесікті
Отбасына абзал ана атанып.

Одан асқан қамқор ана болмаған,
Шыбынның да ызыңынан қорғаған , 
Тәлім менен тәрбиенің бұлағы
Қазақ – ана, биік әр кез, зор маған.

Ұл-қызына сілтер жолдың дұрысын
Абзал ана, әже атану – ұлы шын.
Сөйлегенде иіріп-ап ұршығын
Ертегіге қанар құлақ құрышың.

Қазақ әже - ой ойлайтын тереңнен
Ұрпағының алғысына бөленген
Аппақ жүзін басса-дағы сан әжім
Сол – баяғы қазақ қызын көрем мен.

Қазақ – ару, ана, әже көркем бе?
Жол бастаған келешекке, ертеңге
Салт-дәстүрді ұмыттырмай, жаңғыртып
Қазақ қызы жаса, жайна, өркенде!

Марал ХАНТӨРЕҚЫЗЫ,
кітапханашы

 

Туған жер

Өлкені сұлу, өлеңмен отты өрейін,
Өрнектеп әсем, лағыл сөздерді терейін.
Даналар туған, батырлар туған мекенге,
Жаңбырдай төксін жырымды күміс көмейім.

Көркіңе сұлу сөздерім менің жетер ме,
Қойнауы тарих рухани құтты мекенге.
Саф таза ауаң, мөп-мөлдір суың кіршіксіз,
Керемет тәтті ұқсайды балмен шекерге.

Дархан даламның көрікті еткен аспанын,
Ақша бұлттарың көшетін көзден қасқағым.
Арнадан асқан өзен-суларың құлпыртып,
Көрсетер көзге ішінде бал-бал тастарын.

Қалықтап ұшқан, көгінде қыран әр құсы,
Символы болған бейбіт жерімнің жаршысы,
Жауғанда нөсер киелі байтақ жеріме,
Анаңның адал сүтіндей әрбір тамшысы.

Еркеайым ӘШІРҚҰЛ,
№44 жалпы орта
білім беретін мектеп- гимназияның
7-сынып окушысы,
Меркі ауданы

 

Қыз жайлы өлең

Ақтарылғым келетіні-ай, бір жылап,
Жатқа жырдың керегі не мендегі?!
Өр маңдайын тауға, тасқа ұрғылап,
Неге оның ақ жарығы сөнбеді?

Қараша ма естімеген наз үнді?
Көзіндегі оттай семіп үмітін.
Оның осы хал күйіне қазіргі,
Күйінем де отырамын күні-түн.

Жалқы жүрмей ойдан ада елесең,
Жүзі жадау жəне қатал сырт өңі.
Бар баққаны баянсыз жыр демесең,
«Мұңсыз ару» атап кеткен жұрт оны.

Бұлттай көшті, аспан еді арманы,
Жерден мынау жырдай жақұт табылмай.
Ескі əуенге есіркемес салды əні,
Есігі тұр өткен күзден қағылмай.

Өзгертті əлем болмыс, сырын, ой, мұңын.
Жəне өзгерді Хаққа қояр сұрағы.
Айнадағы жүзін көріп мен оның,
Маңдайынан сипағым кеп тұрады...

                                        ***
Алыстап кеткен арманнан және өлеңнен,
Өзгеше ғұмыр сауықсыз сүріп келем мен.
Алаңсыз шақты, алдаусыз шақты ұмыттым,
Өзгеше ән мен өзгеше жырға бөленген.

Береке таппай баянсыз мынау ғасырдан,
Жанның жарасын жүрекке ғана жасырғам.
Кеміген сәтте әлемнің маған әлдиі,
Бұлқан да талқан зұлматтар өтті басымнан.

Қаршадай басым өлердей налып өткенге,
Мың нәлет айтып оралмай кеткен көктемге.
Шалалықтар мен балалықтарды кеш ұқтым,
Өлшемі шексіз өкініш деген көп менде!

Сыртынан барлап балалық күннің базарын,
Ұрлана қарап қапа боп өтті назарым.
Шөлдеген кезде у берді маған талайы,
Жылаңқы болмай қайтсін ал енді жазарым.

Жылылығынан жетім қып кетпес жарық күн,
Әлемде өзің қуаныш барын таныттың.
Сәтсіздіктерді орынсыз төпеп маңдайға,
Тағдырға бәрін жаба салудан жалықтым!

Өткен мезетке өкпелей налып жанарым,
Үміттің отын ішімде үрлеп жағамын.
Жер бетіндегі ең соңғы ару болсам да,
Мықты болудан қалмады өзге амалым.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ,
«Jambyl Info» ақпарат агенттігінің
бас редакторы

 

КӨКТЕМГІ СИМФОНИЯ

Жалғыздықты шылағандай жанарда
Бәрі өзгеріп кетер сірә, әманда.
Сенімсіздеу қарайтындай боп алдым,
Өлеңге де, өмірге де, саған да.

Сірі сезім сілкініс-ау санаңда,
Менікіндей сендік көңіл алаң ба?
Жай ғана «өлең» болып қалса өткен күн
Кінә артпашы көктемге де, маған да!

Көлдей көңіл айналды ғой тоғанға,
Оралмайды ойға нәзік орам да…
Жүдемесе от жүрегің жалқы қап,
Ренжімеші, уақытқа да, оған да!

Бағынбайды уақыт бізге ешқашан,
Өзіңнен көр барлығынан кеш қалсаң
Ет жүрегің езіліп өкінбесін
Оңашада ойға түсіп, еске алсаң…

Күзді аңсаған көңілім көктем еді,
Көз жасыма мұң сіңіп кеткен еді.
Көктемді енді аңсап жүр күз көңілім
Жадырауға, ардақтым, көп кедергі
Бұл – көктемгі симфония!

 

ӨЛЕҢГЕ ОРАЛУ

Ішке бүккен бар әлемнің дауасын,
Сен мен үшін, мөп-мөлдірсің, ауасың
Мен өлеңнің өзі екенмін, білмеппін
Емдеп жүрген жүректердің жарасын

Сағыныш пен қуаныштың арасын
Жалғап жүрген, өлеңім, сен дарасың!
Өткен сайын уақыт, шіркін, ұстатпай
Көз алдымда қадірлі боп барасың.

Жүрек пен ой тапқан сәтте жарасым,
Көңіліме сәуле шашып, жанасың
Қауышқанда ақын бейбақ болмыспен
Ақ жауындай тасқындайсың, жауасың

Бұл ғаламның қарасын да, аласын
Аппақ қылып, жарық қылып аласың.
Өлең, сенде тазалық бар, пәктік бар
Мейірімге бөлейтұғын баласын.

Ғалия АБЫЛАЙ,
облыс әкімдігі мәдениет және
тілдерді дамыту басқармасының
баспасөз хатшысы

 

Ауылдың самалы

Мен сүрген шақта бұлбұлдар сайрап,
Қанатын жайған көбелек.
Далаға шықсаң тіршілік қайнап,
Ауасы елдің бөлек ед-(і).

Жайлауда жылқы жүгіріп,шауып,
Асырын салған құлындай.
Өмірдің нағыз бейнесін тауып,
Еңсесі түскен түрімді-ай.

Отырушы еді көшеде кешке,
Сәкіде үш-төрт шал-кемпір.
Олардың қазір шамдары өшкен,
Жетпістен аспай әттең бір.

Құлаған едік тастарға сырғып,
Тіземіз талай тілім боп.
Оны да айтқан емеспіз жыр ғып,
Тұрса да ашып,ірің боп.

Құстардың қиқу үнімен бірге,
Арайлап атқан сәске таң.
Қолыма тиын ұстатқан бірде,
Матаға орап әсте апам.

Сайлардан төмен жайып қанатты
Боранды желдей ұйытқып.
Ерлері ерттеп,байыптап атты,
Жарасқан қызға тұйықтық.

Ауылдың салқын самалыменен,
Құйын боп желдей бірге естік.
Суреттен ғана қаланы көрген,
Ауылда жүріп күн кештік.

Барлығы жатыр орындалып жәй,
Бізде де шіркін,арман жоқ.
Балалық шақтың орындарындай,
Қиялдар қалып қалған жоқ.

Қызықты сәтін ауылдың өткен,
Есіме алдым да аңсадым.
Көре алмай өзін бауырдың көптен,
Сезіндім кеткен бал шағын.

Уақыттың зулап өте шыққаны,
Тағдырмен етті сыншылас.
Өмірде мынау өтеліп бәрі,
Өлмесем жаным тыншымас.

 

Кешегі өмір

Алыстап кеттіңдер ме достар жақын,
Бірлескенде бәріне күш салатын.
Ішімізде шырылдаған балапан құс-
Бірге жайған еді ғой қос қанатын.

Уақыт бәрін көрсетіп,ұқтырады,
Бірақ артқа қайтқым-ақ кеп тұрады.
Сендер бәлкім есейген шығарсыңдар,
Ал мен болсам есейген жоқпын әлі.

Қыз болса да доп теуіп,асық атқан,
Қанша жерден келсе де жасы батпан.
Біз көшенің ойынын көп алаңдап,
Бала емес ек ертеңге басы қатқан.

Топан судай шаятын бар көшені,
Сол күндердің ендігі қалды есебі.
Бұл көшеде әлі де бала ойнайды,
Енді ойнайма балалар,ал кешегі?

Көркемай МАРАТ,
№5 Ақарал жалпы орта
білім беретін мектеп-гимназияның
10-сынып оқушысы,
Меркі ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар