
– Әйел-ана – барлық қиындықты жеңетін сарқылмайтын күш, тірліктің қайнар бұлағы. Бүгінде қазақ қыздары қоғамның барлық саласына еркін араласып, тамаша табыстарға қол жеткiзiп келедi. Бұл – біз үшін, ерлер қауымы үшін үлкен мақтаныш, биік мәртебе. Біздің қоғамда әйел азаматтар отбасының ғана емес, мемлекетіміздің берекесі, мерейі. Сіздердің бойларыңыздағы шексіз сүйіспеншілік, мейірім мен нәзіктік әр адамның өмірін бақыт пен берекеге толтырады. Бүгінде әйелдерге жан-жақты жағдай жасау, көпбалалы аналарды қолдау және отбасы институтын нығайту – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Бұл бағытта Тараз қаласында да ілкімді істер жүзеге асырылуда, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.
Келесі кезекте Тараз қалалық мәслихатының төрағасы Кенжебек Олжабай жылы лебізін жолдап, еңбегімен еленген аруларды арнайы марапаттады.
Кездесу барысында шаһар басшысы облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Әйгерім Дәулетбаеваға, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің химиялық талдау зертханашысы Жанар Қаратаеваға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын салтанатты жағдайда табыстады. Сондай-ақ өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар қыз-келіншек қала әкімі мен қалалық мәслихаттың алғыс хаттары пен Құрмет грамоталарына ие болды.
Келелі кездесуде әйелдер қауымы да сөз алып, қала басшысына алғысын айтты. Медицина саласының ардагері Жұмакүл Абылгазина, білім саласының озық қызметкері, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Мария Айтбекова, Тараз қалалық прокуратурасының аға прокуроры Жадыра Елеукұлова жылы лебізін білдірді. Бокстан Азия чемпионатының қола жүлдегері, 5 баланың анасы Әйгерім Сәттібаева, «Тараз металлургиялық зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 4 разрядты электр жабдықтарын жөндеу және қызмет көрсету бойынша электромонтері Елена Гергенридер және өзінің 5 баласынан бөлек, мүмкіндігі шектеулі 20 балғынды қамқорлығына алып, бауырына басқан көпбалалы патронатты отбасының ұйытқысы Мадина Жорабаева ыстық ықыластарын білдіріп, қала басшылығына ризашылықтарын жеткізді.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ