
Форум қазақ қыздарының рухани-мәдени рөлін дәріптеп, олардың жетістіктерін паш етті. Жиында түрлі салада жетістікке жеткен арулар өздерінің өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, жастарға шабыт берді. Соның бірі – қазақ өнерінің дамуы жайлы ҚР Мәдениет саласының үздігі, халықаралық ән байқауларының жеңімпазы, облыстық филармонияның әншісі Жанна Асанқұлова. Кездесуде әнші қазақ өнерінің болашағы, ұлттық мәдениеттің дамуы және өнердегі табысқа жету құпиялары туралы ой қозғап, әсем әнімен кештің шырайын аша түсті. Ол орындаған қазақтың халық әндері мен эстрадалық шығармалар көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Денсаулық сақтау саласында жетістікке жеткен акушер-гинеколог, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері Ақерке Тоқбергенова форумда қыздардың денсаулығы, аналық міндет және өз-өзіне күтім жасау жөнінде құнды кеңестерін айтты. Сондай-ақ дәрігер жуырда өзінің қыз-келіншектердің денсаулығы жайлы «Бүгінгі бойжеткен – ертеңгі асыл жар, аяулы ана» атты кітап шығарғанын атап өтті.
– Бүгінгі бойжеткен – ертеңгі асыл жар, аяулы ана. Біз дені сау, білімі жоғары, ұлттық тәрбиені бойына сіңірген қыздарымыздың көп болғанын қалаймыз. Сондықтан денсаулыққа мән беру, білім алу, өзін-өзі дамыту – әрбір қыз баласы үшін маңызды. Әйел – өмірдің тірегі. Денсаулық мықты болса, армандар орындалады. Сол үшін әрбір қыз өзіне күтім жасап, дұрыс тамақтануды, спортпен шұғылдануды әдетке айналдыруы керек. Менің шығарған кітабым да әйел денсаулығы жайлы. Қызбала дүниеге келгеннен бастап оған гигеналық күтім керек. Одан бөлек басқа да мәселелер туралы өз кітабымда кеңірек бөлістім, – деді дәрігер.
Ақерке Тоқбергенова Жапонияда біліктілігін арттырып келген тәжірибелі маман ретінде жас қыздарға пайдалы кеңестер беріп, олардың өз болашағына немқұрайды қарамауы қажеттігін атап өтті.
Форумда ғылым жолында жетістікке жеткен PhD докторы, Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз университетінің «Жаратылыстану мамандықтары» кафедрасының меңгерушісі Әлия Омарова жастарды білімге ұмтылуға, ғылымды игеруге шақырды.
Спорттағы жетістіктері арқылы қазақ қыздарының тек нәзік емес, батыл да қайсар екенін дәлелдеген Азия ойындарының чемпионы Гузалия Гафурова: «Қай салада болсын жетістікке жету үшін еңбек ету қажет. Спортта жеңіс – табандылық пен қажырлы еңбектің жемісі. Мен әрбір қазақ қызының мықты, өзіне сенімді, қайсар болғанын қалаймын. Денсаулық мықты болу үшін физикалық белсенділік маңызды. Сондықтан қыздарымыз спортты өмір салтына айналдырса деймін», деді спортшы.
Форум аясында қазақ қыздарының қоғамдағы орны, олардың кәсіби дамуы, отбасылық құндылықтар және денсаулық мәселелері кеңінен талқыланды. Спикерлер өздерінің өмір жолындағы қиындықтар мен жетістіктерін айта отырып, жастарға мотивация берді. Әсіресе, білім алу, ұлттық құндылықтарды сақтау, өзін-өзі дамыту, қиындықтарды жеңу жолдары туралы құнды пікірлер ортаға салынды.
Айжан ӨЗБЕКОВА