Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жастарға жігер сыйлаған жиын

Жастарға жігер сыйлаған жиын
Ақәділ Рысмахан
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялап, еңбек адамының мәртебесін көтеруге, кәсіптік білімді дамыту мен жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға ерекше назар аударуды тапсырған болатын. Осыған орай өңірде түрлі іс-шаралар көрініс табуда. Соның бірі – «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрме залында өткен «Адал еңбек. Адал табыс» атты «Жұмысшы мамандықтары жылының» салтанатты ашылуы.

Облыс әкімдігі білім басқармасы ұйымдастырған іс-шара барысында аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев алдымен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары мен жұмыс беруші кәсіпорындардың көрмесімен танысып, жұмысшы мамандығында білім алып жатқан студенттермен, жас өнертапқыштармен тілдесті. Көрмеде аймақтың ірі кәсіпорындары, мысалы «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі химия өнімдерін, «Энерджи-Тараз» жарықтандыру құралдарын, «Меркі ірімшік зауыты» сүт және ет өнімдерін, «ҚТЖ» – теміржол саласына арналған жабдықтарды назарға ұсынды. Ал түрлі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары білім беру бағытына қарай көрмеге өнертапқыш студенттердің жетістігі ретінде робототехникалық құрылғылар, кейбірі ауылшаруашылығы өнімдері, киім үлгілерінің коллекциясы секілді өзге де өнімдер алып келіпті.

Бұдан кейін Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің студенттері сахналық қойылым қойып, өз өнерлерін көрсетті. Жиында сөз алған Ербол Шырақпайұлы: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек» деп айрықша атап өтті.

Қарапайым еңбекпен адал табысқа жететін жұмысшы мамандар қашан да көпке үлгі болары анық. Қажырлы еңбегімен ел дамуы мен экономиканың өсуіне үлес қосып жүрген жандарды таныту – біздің парызымыз. Осы жиынға өңірдегі «Қазфосфат», «Жамбылгипс», «Имстальком», «Энерджи Тараз» секілді өндірістің өзегі саналатын кәсіпорындар қатысып отыр. Бұл кәсіпорындар жаңа жұмыс орындарын ашып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосуда.

Биыл облыста 37 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 1 300-ден аса (1 340)жаңа жұмыс орны ашылады. Жұмыс орындарының 91 пайызы (1 219 адам) жұмысшы мамандықтарына тиесілі. Бұл салаға деген сұраныстың артқанын көрсетеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауына байланысты әлемдегі тенденцияларды және ішкі сын-қатерлерді есепке ала отырып, кәсіптік білім жүйесін трансформациялау жүргізілуде. Бүгінде арнайы іс-шаралар жоспары бекітілді. Осы бағытта кең көлемде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары басталды. 2025-2026 жылдары ІТ hub орталығын ашу, халықаралық салалық аккредиттеуден өту, кәсіпорындар мен мекемелердің сұранысына мақсатты білім беру тапсырысын ұлғайту, жаңа мамандық ашу жұмыстары жалғасын таппақ. Сонымен қатар, орта мектептерде кәсіби бағдар беру кабинеттері жасақталатын болады.

Білікті маман – аймақтың басты байлығы. Колледждер тарапынан жаңа жобалар іске асырылады деп күтілуде. Өңірдегі 42 колледжде 28 мыңнан аса жастар білім алуда. Мемлекеттік тапсырыс бойынша оқитын студенттер қатары артты (6 350-ден 7 486 орынға, +1136). 2022 жылдан бастап кәсіпорындардың нақты сұранысына сәйкес мақсатты кадр даярлау жұмыстары басталды. Колледждерде заманауи мамандықтардың сұранысқа ие түрлеріне басымдық беріліп келеді. Соңғы үш жылда мемлекеттік тапсырыспен білім алған 8 мыңнан астам түлектің 86 пайызы еңбекпен қамтылған. Өңірге қажетті және сұранысқа ие жаңа мамандықтарды анықтауда алғашқылардың бірі болып жаңа мамандықтар атласы әзірленді.

Алдағы уақытта атом электр стансасы құрылысына қажетті кадр дайындау жұмыстары қолға алынбақ. Мойынқұм колледжіндегі қолданыстағы «Дәнекерлеу ісі», «Электрмен жабдықтау» мамандықтары жаңғыртылып, жаңа мамандықтар ашылады. Бұған қоса, жаңа оқу жылында «Гидрогеологиялық және инженерлік геология», «Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің тазарту құрылыстарын пайдалану» мамандықтарын ашу жоспарланып отыр. Тұтастай алғанда өңірімізде білім сапасына ерекше назар аударылып келеді. Өңір мектептері және колледждердің білім деңгейі мен әлеуетін көтеру мақсатында жыл сайын рейтинг жасап, «Колледж-лигасы» жобаларын іске асыруды ұйғардық, – деді Е.Шырақпайұлы.

«Қазфосфат» тау-кен өңдеу комбинаты Шолақтау жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Құдиярбек Омаров Қаратау құрылыс-техникалық колледжі ұжымымен компания құрылған 1999 жылдан бастап әлеуметтік серіктестік ретінде тығыз байланыста жұмыс жүргізіліп келе жатқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенті, республикалық «Worldskills» чемпионатының жеңімпазы Ерасыл Үсенов, Жамбыл индустриалды технологиялық колледжінің үшінші курс студенті, болашақ дәнекерлеу ісі маманы Виктория Маркова сөз алып, өздері игеріп жатқан мамандығын мақтан етті. Біз сөзге тартқан Тараз инновациялық көпсалалы колледжінің 3-курс студенті Едіге Өсер көрмеге ветеринария мамандығын дәріптеу мақсатында қытысып жатқанын айтты.

– Ветеринария мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Өзімізбен бірге көрмеге қансыз кесу, құс жұмыртқасының сапасын бақылауға арналған УЗИ аппараты секілді бірқатар құрылғы мен үй қоянын, торай секілді жануарлар алып келдік. Көрме барысында біз қоянның төсіндегі жүнді қырқып, УЗИ арқылы қоянның іш құрылысын көрсеттік. Осы тектес жұмыстарды көпке көрсетудегі басты мақсатымыз – жастарды ветеринария саласы мамандығына тарту, – деді Едіге Өсерұлы.

Салтанатты іс-шараға барлық аудандар мен қаладан 700-ден астам адам қатысты. Бұл жиын білім беру мекемелері мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайтуға, еңбек нарығына қажетті мамандар даярлау ісін дамытуға зор үлес қосты деуге болады.

– Жұмысшы мамандықтары – ел экономикасының негізгі тірегі. Білікті мамандарды даярлау, олардың беделін көтеру және еңбек нарығына сұранысын арттыру – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Бұл бағытта өңірде жасалып жатқан жұмыстар өз нәтижесін беруде.

Осы жиында кәсіптік білім беру мен еңбек нарығын байланыстырған алаңда 11 тақырыптық көрме мен 10 интерактивті алаң ұйымдастырылып, өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқытылатын мамандықтар таныстырылды. Қатысушылар колледждердегі оқу бағдарламаларымен танысып, кәсіптік білім берудің заманауи мүмкіндіктерін көрді. Іс-шара барысында ғылыми эксперименттер, мастер-класстар, кәсіптік бағдар беру шеберлік сабақтары, келіссөздер алаңы жұмысы ұйымдастырылды. Бұл іс-шаралар қатысушыларға жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын түсінуге, болашақ мансаптық мүмкіндіктерін айқындауға мүмкіндік бергеніне сенімдімін.

Бір айта кетер жайт, 500-ден астам оқушы кәсіби диагностикадан өтіп, олардың дағдылары, қызығушылықтары мен қабілеттері анықталды. Бұл диагностикалық зерттеулер оқушыларға өз болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға көмектесті. Салтанатты жиынның маңызды нәтижелерінің бірі – 8 меморандумға қол қойылуы. Бұл құжаттар колледждер мен жұмыс берушілер арасындағы әріптестікті нығайтуға, түлектердің жұмысқа орналасуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ кадрларды даярлау ісін жандандыруға бағытталған.

Жалпы облыста «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясындағы жұмыстар бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес 6 бағыт және 123 іс-шара бойынша жалғасады. Бұл бастама жастардың жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылығын арттырып, олардың болашақта тұрақты жұмыс табуына мүмкіндік береді, – дейді облыс әкімдігі білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Алтынай Жайлышева.

Айта кету керек, жиында  жұмыссыз азаматтар мен түлектерге қолдау көрсету мақсатында бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеде 30-дан астам ірі кәсіпорын өздеріне қажетті мамандықтар бойынша бос жұмыс орындарын ұсынды.

 

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар