Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Батырлықтың биік шыңы – Бауыржан

Батырлықтың биік шыңы – Бауыржан
Ашық дереккөз
Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында Бауыржан Момышұлының 115 жылдық мерейтойына орай «Ерлігін ел жыр еткен аңыз адам Бауыржан...» тақырыбында «дөңгелек үстел» ұйымдастырылды. Ұлы Отан соғысы жылдарында ел мен жер үшін от кешкен батыр, тірісінде аты аңызға айналған қазақтың жауынгер ұлы, қолбасшы Бауыржан Момышұлының ерлігін жас ұрпаққа насихаттау, қалдырған мұраларын қайта жаңғыртып, өмір жолын өнеге ету – басты міндетіміз.

Біз Кеңес үкіметінің кезінде Бауыржан Момышұлын соғыс батыры деп ұқтық, солай деп бізге насихаттады. Кейіннен Баукеңнің жазушылық қырымен де таныс бола бастадық. Бала күнімізде телефон, теледидар деген болмады. Радионың өзі бірен-сараң үйлерде немесе ол да жоқ. Біздің бар қызығымыз болатын. Кез келген дүниені кітаптан оқу арқылы білетінбіз. Соғыс жылдарында бірнеше қолбасшы да, батыр да, ержүрек ерлер де болды. Алайда неліктен олардың атағы Баукеңдікімен теңеспеді? Қазақта не көп, жазушы көп. Бауыржанды екі орап өтетін жазушылар бар. Олардың не үшін Бауыржан Момышұлы секілді есімі кеңінен тараған жоқ? Себебі Баукеңде мінез болды. Баукеңнің кітаптарының таралымы қазақтың маңдайалды жазушыларының таралымынан кем болған жоқ. Неліктен? Өйткені Бауыржан ұлтын сүйген адам. Кез келген қауіпке елі үшін басын қатерге тіге алатын адам, – деді басқосуда сөз алған жазушы, драматург Елен Әлімжан.

Расында Бауыржан Момышұлы соғыс уақытында мінезімен талайдың мысын басып, ақылымен кез келген қиындықтан шыға білген. Бауыржан Момышұлы 1941 жылы Москва түбінде 27 рет сәтті шайқас жүргізіп, 207 рет ұрысқа қатысып, 5 рет өлімнің құрсауында қалған екен. Батырдың немере інісі, ардагер журналист Бекет Момынқұлдың айтуынша Баукең өте байсалды кісі болған.

– 1971 жылы 9-сыныпта оқып жүрген кезім. Бауыржан атам Берікқара деген жерге келіп екі ай демалатын болды. Сол кезде үнемі қасында болдым. Сонда үлкен киіз үй болатын. Киіз үйде екеуміз-ақ. Балалықтан арылмаған мен сұрақты төтесінен қойып отыратынмын. Бірде «Ата сені бәрі батыр дейді. Сонда сен ешкімнен қорықпадың ба?» дедім. Сонда атам: «Айналайын, қорықпайтын адам жоқ. Қорқыныш деген ол әр адамның ішіндегі сезім. Алайда саналы түрде қорқынышты жеңсең батыр болып шығасың, жеңе алмасаң қорқақ боп қала бересің» деді, – дейді немере інісі.

Іс-шарада Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі Меңдібай Әбілұлы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Темірбай Мұқашев, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы, әдебиеттанушы Бақытжан Махашев өз ойларын ортаға салып, жастарға Бауыржан Момышұлы туралы кеңінен мағлұмат берді. Сонымен қатар кітапхана қызметкерлері батырдың шығармашылығы тұрғысында арнайы көрмемен таныстырып, поэзия оқып, ән де айтты. Жиын соңында жастар келген қонақтармен естелік суретке түсті.

 

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар