Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жыл соңына дейін тұрғындар ауызсумен толық қамтылады

Жыл соңына дейін тұрғындар ауызсумен толық қамтылады
А.Рысмахан
Таза ауызсу – тұрғындардың ең басты тұрмыстық қажеттіліктерінің бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылдың соңына дейін елдегі барлық қала және ауылдық елді мекендер сапалы ауызсумен толық қамтамасыз етілуі тиіс. Дегенмен бұл бағыттағы жұмыстардың орындалу барысы әр өңірде әркелкі жүріп жатыр. Тараз қаласы мен кейбір ауылдарда ауызсуға қатысты түйткілдер әлі де өзекті күйінде қалып отыр.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппарат кеңесінде осы мәселе жан-жақты талқыланды.

Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақовтың баяндамасына сүйенсек, облыста 371 елді мекен бар, оның төртеуі қала, ал 367-сі ауылдық мекен. Өткен жылдың басында ауызсумен жабдықтау көрсеткіші қалаларда 98 пайызды (523,7 мың адам), ал ауылдық елді мекендерде 97,8 пайызды (676,9 мың адам) құраған. Бірақ 9 тұрғын алқап (10,6 мың адам) пен 24 ауылдық елді мекен (11,4 мың адам) әлі күнге дейін таза ауызсуға қол жеткізе алмай отыр.

– Мемлекет басшысының 2025 жылдың соңына дейін қала және ауылдық елді мекендерді 100 пайыз ауызсумен қамтамасыз ету тапсырмасына сәйкес облыстық жол картасы әзірленген. Бүгінгі таңда Тараз, Шу қалаларында ауызсумен қамтамасыз етілмеген 9 тұрғын алқап және 24 ауылдық елді мекен қалып отыр, оның жиырмасында құрылыс жұмыстары және төртеуінде кешенді блок-модуль орнату жоспарланған. Жалпы 20 елді мекен мен 9 тұрғын алқаптағы құрылыс жұмыстарының құны 13,8 миллиард теңгені құрайды. Халық саны аз қамтылған 4 елді мекенге жергілікті бюджет есебінен суды тазартудың кешенді блок-модулін орнату көзделген. Нәтижесінде жыл соңында облыстың ауызсумен қамту деңгейі 100 пайызға жететін болады, – деді басқарма басшысы.

Жиында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев баяндамашыдан ауызсумен жабдықтау жобаларына қатысты сот процестері, жүргізілген нақты талдаулар туралы сұрады. Басқарма басшысының мәлімдеуінше, Шу ауданындағы Жиембет және Еңбек ауылдарында 2024 жылдан бері сот процестері жалғасып келеді.

– Бұл мәселе бойынша сот процесі әлі аяқталған жоқ, дегенмен қаржыландыру мәселесі бойынша тиісті құжаттар мемлекеттік органдарға жолданды. Ал Тараз қаласындағы бір жылға созылған сот процесінің нәтижесінде Родничок, Мичурин, Қайнар және Ақжол тұрғын алқаптарына бөлінген қаржы кері қайтарылмады. Бұл қаражатты облыстық немесе қалалық бюджеттен қайта қарастыру қажет, – деді Ғалым Исақов.

Аппараттық кеңесте облыс әкімі аудан әкімдеріне елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстарын жеке бақылауға алуды тапсырды. Өйткені ауылішілік желілердің дайын болмауы, қаржыландырудағы кешігулер, сот процестерінің ұзаққа созылуы – халықтың ауызсуға қол жеткізу мерзімін кейінге шегеріп отыр.

– Өткен жылы құрылысы басталған жобалар биылға өтпелі болды. Ал бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану мемлекеттік аппараттың беделіне нұқсан келтіреді. Сондықтан жоспарды уақытылы тапсырып қана қоймай, қаржыландыру мәселелерін де дер кезінде шешу қажет. Аудан әкімдері бұл мәселені жеке бақылауға алуы тиіс, – деді облыс басшысы.

Бұдан соң облыс әкімі аппаратының өңірлік бақылау және ұйымдастыру-инспекторлық жұмысы бөлімінің бас инспекторы Болатжан Ахтанберді облыс әкімінің Талас ауданы халқымен кездесуі мен жеке қабылдауда берген тапсырмаларының орындалу барысы туралы баяндады.

 

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар