Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қасиетті айды лайықты өткізейік!

Қасиетті айды лайықты өткізейік!
Ашық Дереккөз
Облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінде облыс әкімдігі дін істері басқармасының бөлім басшысы Еркебұлан Ақбайдың, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыс бойынша бас имамы Асқар Сатылғановтың қатысуымен қасиетті Рамазан айына арналған баспасөз мәслихаты өтті.

Брифингте облыстың бас имамы Асқар Зәкіржанұлы биылғы Рамазан айының өту барысы, ұйымдастырылатын іс-шаралар мен қасиетті Қадір түні және пітір садақаға қатысты маңызды ақпараттармен бөлісті. Сондай-ақ бас имам Рамазан айының мән-маңызына тоқталып, қасиетті айда мұсылман қауымының сабырлыққа, рухани кемелденуге және тақуалыққа ерекше мән беруі керектігін айтты.

– Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Бұл айда мұсылмандар ізгі амалдар жасауға, рухани тазаруға, қайырымдылыққа бет бұруға ерекше көңіл бөлуі тиіс. Ораза – адамның сабырын шыңдап, жандүниесін тазартып, иманын күшейтетін құлшылық. Сондықтан, әрбір мұсылман бұл айды мүмкіндігінше жақсылық жасаумен, мұқтаж жандарға көмек берумен, рухани кемелденуге ұмтылумен өткізуі тиіс. Бұл – пенденің нәпсісімен күресіп, жүрегін тақуалыққа тәрбиелейтін ай, – деді баяндамашы.

Биыл пітір садақаның мөлшері 655 теңге болып бекітілді. Бұл есеп еліміздегі екі келі ұнның орташа бағасына негізделген. Пітір садақаны құрма немесе мейіз құнымен өтеуге де болады. Сондай-ақ, садақаны мешіттерде немесе мобильді банк қосымшалары арқылы онлайн түрде аударуға мүмкіндік бар.

Қасиетті Рамазан айында мұсылмандар Құран оқып, оның мағынасын терең түсінуге, мінез-құлқын түзеуге, нәпіл намаздарын көбейтіп, тарауих намазын оқуға, садақа беріп, мұқтаж жандарға көмек көрсетуге, сабырлы әрі мейірімді болуға мән беруі қажет. Бұл айда атқарылатын құлшылықтар ерекше сауапқа ие.

Келесі кезекте Асқар Зәкіржанұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қасиетті ай бойы түрлі қайырымдылық және рухани іс-шаралар ұйымдастыратынын жеткізді. Қоғамдық ауызашарлар өткізіліп, мешіттерде рухани дәрістер мен сұрақ-жауап кештері ұйымдастырылады. Қадір түні қарсаңында арнайы бағдарламалар әзірленіп, жастар мен балаларға арналған діни-танымдық жобалар жүзеге асырылады.

Қасиетті Рамазан айы – мейірім мен береке айы. Бұл айда мұсылмандар құлшылықтарын арттырып, қайырымдылық жасап, ізгі амалдарға ерекше көңіл бөлуі тиіс. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы барлық мешіттерде арнайы іс-шаралар ұйымдастырып, халықты рухани тәрбиелеуге бағытталған дәрістер мен сұхбаттар өткізуді жоспарлап отыр. Асқар қажы Зәкіржанұлы барша жамағатты қасиетті айды лайықты өткізуді және рухани кемелденуге ұмтылуды насихаттады.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар