
Зайырлылық – мемлекет пен діннің бір-бірінен бөлінуі, мемлекеттің әлеуметтік, саяси және құқықтық негізгі жүйесінің діни қағидаларға сүйенбеуін білдіреді. Сәйкесінше, мемлекеттің де діни ұйымдардың қызметіне араласпауы және белгілі бір діни ұстанымға басымдық бермейтініне кепілдік беруін айтамыз.
Дін мен мемлекет бөлек дегенімізбен дін қоғам мен адамнан бөлінген емес. Адам дүниеге келгеннен бастап, соңғы сапарына дейін дінмен тығыз байланыста жүреді. Дін мен оның құндылықтарының халық пен қоғам өміріндегі маңызы артпаса кемімейді.
Әлем елдерінің басым көпшілігі зайырлылық қағидатын мемлекеттік басқаруда қолданады, сондай-ақ әр ел мемлекеттік-конфессиялық қатынасты мәдени және дүниетанымдық ерекшелігіне қарай өзінше қалыптастырады. Шетелдердің дінге деген ұстанымдарын талдайтын болсақ, олардың конфессиялармен қарым-қатынас мәселесінде әрқайсысының өзіндік моделі бар екендігін көруге болады.
Тәуелсіздік алғалы бері еліміздің де дін саласындағы саясатының өзіне тән үлгісі қалыптасып үлгерді десек болады.
Мемлекет дін саласындағы әртүрлі келеңсіз көріністерден соң осы саланы реттейтін жаңа заңның қажеттігін ескеріп, 2011 жылдың қазан айында «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» қолданыстағы Заңды қабылдады. Осы ретте, қолданыстағы заңның қабылдануы еліміздің діни кеңістігінде орын алған көптеген мәселелерді жүйелі түрде шешуге мүмкіндік берді.
Бұдан бөлек, 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңында Ханафи бағытындағы исламның және православиелік христиандықтың халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлін танитыны, Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтіні туралы кіріспенің көрсетілуі сол уақытта біраз талқылауларға ұшырағанын айта кету керек. Дегенмен, бұл ұстаным Ханафи бағытындағы исламның және православиелік христиандықтың халқымыздың өмірінде алатын мәдени мәнін ғана айшықтайды және ол діни бірлестіктердің заң алдындағы теңдігін бұзбайды. Өйткені қолданыстағы заң діндерге қатынаста құқықтық немесе қаржылық артықшылықтар бермейді. Мемлекет ислам мен православиеге және өзге де конфессияларға теңдей дәрежеде құрмет танытады.
Заңға енгізілген бұл тіркес елімізде мемлекеттік-конфессиялық қатынасты нығайтуға бағыттама болды десек болады. Уақыт талабына қарай мемлекеттік-конфессиялық қатынас одан әрмен қарай да дами берері анық. Себебі, терроризм мен экстремизм дінге, тілге қарамайтын індет десек, бүгінгі жағдайда бұл қауіп әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Діни экстремизм әрекеттері әлемнің әртүрлі бөлігінде көрініс табуда. Таяу Шығыс елдерінде жағдай жыл сайын күрделене түскендіктен, халықаралық қатынасты мазалайтын мәселелер легі артуда.
Осындай жағдайда еліміздің рухани қауіпсіздігін нығайтып, діни бағыттағы даму жолын саралап, заманауи талаптарға сай түлету күн тәртібіндегі мәселеден түскен емес.
Қоғамның қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету мемлекетпен қатар түрлі қоғамдық институттардың еншісіндегі дүние. Сол себепті мұндай мәселеде дін мен мемлекет жұмыла жұмыс істейді. Дiн мен мемлекеттiң түйiсер жерi де – елдiң тұтастығы мен бірлігі, дінаралық келісім мен тұрақтылық. Бұл ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы дін саласындағы тұрақтылық пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерінде мемлекеттің ең жақын әріптесі саналады.
Дін саласындағы уәкілетті орган болып табылатын ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитеті өңірлердегі дін істері басқармаларымен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдарды үйлестіре отырып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесе осы бағытта жұмыс істеп келеді.
Еркебұлан АҚБАЙ,
облыс әкімдігі дін істері
басқармасының бөлім басшысы