Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Батагөй ақсақалдар бақ сынады

Батагөй ақсақалдар бақ сынады
Ашық дереккөз
Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы мен «Ауыл» партиясының обылстық филиалы және облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Батаменен ел көгерер» атты облыстық батагөйлер байқауы өтті.

Ата-бабамыздың байырғы салт-дәстүрін, даналарымыздың ұлағатты, ғибратты сөздерін жаңғыртып, әдет-ғұрыпты дәріптеу, сөздің асылы, ақ тілектің атасы бата беру дәстүрін жас ұрпаққа насихаттау мақсатында өткен байқауға 9 ақсақал қатысты. Айта кетейік, сайыс «Ауыл» партиясының тікелей жетекшілігімен республика көлемінде өтуде.

«Ауыл» партиясының облыстық филиалының аппарат басшысы, байқау хатшысы Әйгерім Сәрсенбаева алдымен облыстық кезеңнің ережесімен толық таныстырып өтті.

– Байқау 2025 жылдың 29 қаңтарынан бастау алды. Қатысуға өтінім беру арқылы бейнероликтерді қабылдау науқанын ашық деп жариялаған едік. Бейнероликтерді қабылдау 24 ақпан күні сағат 18:00 де тоқтатылды.

Байқау талаптарына тоқталар болсам, қатысушылардың бейнероликтері 1 немесе 2 минуттан аспауы шарт. Бата мәтінінде дәстүрлі бата сөздері мен авторлық қолтаңба болуы керек. Нәсілдік, діни төзбеушілікке шақыру белгілері болмауы тиіс. Бейнероликтің дыбысы таза, жарығы қанық, бейнесі анық болуы міндетті. Сондай-ақ қатысушы ұлттық киім үлгісінде түсуі қажет болды, – дейді Әйгерім Сәрсенбаева.

Облысымыздың әр аймағынан келген қатысушылар сахнаға шығу кезегін жеребе бойынша анықтады. Алғашқы болып шыққан Талас ауданы, Қызыләуіт ауылынан келген Нұрлан Рәтбекұлы өз-өзін таныстыру батасынан бастап, көпшілікке ықылас батасын берді. Ал Т.Рысқұлов ауданы, Көгершін ауылынан келген Серікбай Өтегенов «Елге бата», «Дастарқанға бата» секілді бата түрлерін жатқа оқыды. Жуалы ауданынан келген Сейтқазы Медетбеков бата туралы тереңнен толғап, жастарға және халыққа арналған баталардың бірнеше түрін халыққа таныстырды. Ал меркілік Белгібай Айнақұлов есімді ақсақалымыз қазақтың үш биінің батасы мен ел ағаларына арналған батасын айтып, көпшіліктің ризашылығына бөленді. Сонымен қатар байқау барысында «Той бата», «Оразаға бата», «Наурызға бата» секілді бата түрлері қайта жаңғырды. Жарыс соңында қазақтың дәстүріне қызығушылық танытып жүрген Әлихан Серік пен Нұрасыл Мейірхан есімді екі бүлдіршін әкелері жазып берген баталарын жатқа оқып, батагөй қариялардың ақ батасын алды.

Қазылар алқасына жеңімпаздарды анықтау оңай болмады. Байқауға «Ауыл» партиясының облыстық филиалының төрағасы Алтай Райқұлов, облыстық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған Әкелер кеңесінің төрағасы Сәрсенбай Мыңбаев және Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының аға маманы Ринат Нұрақбаев қазылық етті.

Жарыс қорытындысы бойынша жуалылық Сейтқазы Медетбеков жеңімпаз атанды. Екінші орынды Меркі ауданынан қатысқан Белгібай Айнақұлов жеңіп алса, үшінші орын Жамбыл ауданының намысын қорғаған Орынбай Рысбаевқа бұйырды. Жүлдегерлер байқаудың республикалық кезеңіне жолдама алды. Облыс намысын қорғайтын ақсақалдарымызға сәттілік тілейміз.

 

 

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар